Қазақ даласының қос данасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың да бір-біріне жазысқан хаттарында тарихтың сыры, сол замандағы қоғамның бейнесі суреттеледі. Жүсіпбек Аймауытовтың Мәшһүр ағасына шерткен сыры мынадай:
«Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарсыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз – алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі Сізді жарытпайды, тосаңсытады. Күні өткен, жат адам қылады. Жаңа заман өте берсін. Сіз онда жалғыздығыңызды, жапандағыңызды, сәнді, салтанатты, ескі күніңізді жырлай өтіңіз. Ақынның ақындығы ойлаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой. 90 жасқа келіп өткен түрікпен ақыны, соған таяу жасаған Майлы ақын, Шәңгерей ақын сияқты жырлаңыз. Өлім аузында отырған солардың өздері өлсе де сөздеріне өлім жоқ қой. Сіз шамаңыз келсе осылар сияқты жүрегіңіздің сырын шертіңіз. Неден күйінесіз, неден жиренесіз дегендей, соларды әңгіме қылыңыз».
Бұл хаттан біз екі дананың ақ қағаз, қара сияны дәнекер етіп, өзара сырласқан сәтін түсінеміз. Түсінгенде қандай, ескі бише бос мақалдамай, сөздің жебесін атып, майын тамызғаны, заман мен адамның арасындағы кейбір сәттерді, кезеңдерді, ақындықтың асқақ құдіреті туралы айтылған терең пайымды оқимыз. Жүсіпбек Аймауытовтың ағасына деген ізгі құрметі мен шығармашылығына деген бағасы да осы хаттың ішінде айқындалып тұр. Бір заманда туған тұлғалар осылай бір-бірімен сыйластықтың үлгісін көрсетіп, өзгеге өнеге бола білгенінен артық не бар?
Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің Тахауи Ахтановқа жазған ағалық хаты да көп сырды ашатын құжат сияқты.
«Қадірлі іні дос, Тахауи!
Сен берген кітабыңды түгел оқып шығып, осы хатты жазып отырмын. Әрине, сенің үлкен еңбегің өзіңді кең құлашыңмен, өнімді өріс-еңбегіңмен танытқан үлкен шығармаң «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшіл келдің» демекші емеспін. Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын толғап көруді мақсұт еткенсің. Өз ішіңдегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп көрмек болғансың. Сен жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу. Соларды және ішкі мәдениет өресіне қарай ішіне үңіле, сезіміне бойлай жазу бар. Өте орынды, өте асыл іздену. Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолланы, Тәкенді, Сафуанды көптен, бастан бөлек санайтұғым? Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды, сендерді сол болашағымыз дейім. Сенің отың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін. Әдебиеттің арлы ойы болса керек дейім. Екінші бір өнімді топ: Мұхаметжан, Хамза, Зейін. Бұларды сендер көбірек түсіне ойласаңдар, әділ болады. Олар жастай кетіп, ұзақ заман тұсалып қалған жігерлі талант, өмірге қомағайлық (жақсы мағынада) ала келген. Шығармашылық шабытқа да осындай қомағайлар». Хат Мәскеуден жазылған, бұл хатта жазушы «Мен операция күтудемін» деген көңіл күйін айтады. Яғни, қолынан қаламы түспеген жазушының өзі үміт күткен інілеріне, қаламдастарына айтқан соңғы базынасы да осы десек, артық айтқан болмаспыз.
Дәл осы сияқты жазушы Сафуан Шаймерденнің Ғабит Мүсіреповке жазған хатын да оқырман есіне тағы бір салып көрелік: «Ғабе. Себебі алдыңғы буын сіздерде әдеби ата жолы, дәстүр деген болған жоқ. Сіздер бірден жоқтықтың өзінен шығып, соныдан жол салдыңыздар. Біз «Ботагөзді», «Абайды», «Амангелді» мен «Қазақ солдатын» мақтан етеміз. Ал осылардың ар жағында тамыры әртінге кетер тарих жоқ қой. Орыс совет әдебиетін біз жақсы көреміз. Шолоховы мен Федині, Толстойы мен Леоновы бар жан-жақты әдебиет дейміз. Ал сол әдебиетіңіздің өзі, менің түсінігім бойынша, әлі күнге өзінің бабалары шыққан биікке көтеріле алған жоқ».
Тұлғалардың бір-біріне жазысқан хаттары бізге сол уақыттың, қоғамның сырын да қоса айтады. Хаттың тілі, үні, ішіндегі айтылған ойлар мен шер-шемендер де кейінгі оқырман үшін керекті-ақ. Сөзге жан бітсе, алдымен хаттар сөйлеп, тарихтың шындығын айпарадай ашып беретін еді. Тағдырдан таяқ жеген кей қаламгерлер шынайы сырын досына, қаламдасына жазған хаттарына сыйғызып отырған. Ғабеңе де, ақ қағазға да сырын төккен Сафуан Шаймерденов хатын ары қарай жалғай береді: «Гете тек неміс үшін, ал Толстой болса орыс қауымы үшін ғана жазған жоқ па?! Сіз маған құлағын күйге келтіріп, бұрап қойған домбыра шегіндей болып көріндіңіз». Шіркін, ағаға деген, ұлы қаламгерге деген құрмет осылай есті сөзбен суреттелсе керек. Оны сезген Сафуан қаламы да ешкімнен кем емес құнды дүниелерді оқырманға ұсына алды.
Мұқағали Мақатаевтың Зейнолла Шүкіровке жазған хатындағы әдебиет туралы салмақты ойлардың өзі осы хаттың құндылығын арттыра түсетіндей. «Зейнолла! Мен өлеңдегі әннен гөрі, үнді жақсы көремін. Біз қарлығаштың ұшқанын, сайрағанын байқаймыз, (оны тірі адамдардың барлығы да сезінеді ғой) байқаймыз да, я қарлығашты басқаға, басқаны қарлығашқа теңеуге тең таппай қиналамыз. Тіпті қарлығаштың өзі болып, өз қанатымен ұшып, өз үнімен сайрасақ қайтер еді. Менің түйінуімше, біз табиғатты, махаббатты жырлауға машықтанып алдық. Ал тіршілік ше, адамдардың күнделікті күйбеңі ше, көңіл күйі ше? Есі дұрыс пенденің дүниеге көзқарас пайымдауы ше?! (Бұл жерде Блокка бас ию керек!!!)».
Біздің әдебиеттегі шоқтығы биік тұлғалардың өзара жазысқан хаттары бұдан да көп сырларға тұнып тұрғанын оқырман қауым жақсы біледі. Архив дейтін үлкен сандықта жатқан талай тұлғаның хаты әлі-ақ ашылар, олардың да өзіне сақтаған шындығын уақыт ұршығы бір айналдырып та алар. Біз үшін жүрек тіліндегі хаттар мәңгі сыр шерте беретін күй сандық іспеттес. Олардың пернесін басу үшін де өзіне сай әуен керек.