Жуықта халық қалаулылары облыс орталығындағы кардиологиялық орталықтың ғимаратында денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерімен кездесіп, маңызды шара жайлы әңгіме өрбітті.
– Бұл референдум әр қазақстандыққа өзінің пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Конституцияға енетін өзгерістер бес бағытқа бөлінетін болады. Бес бағыт бір адаммен немесе депутаттармен емес, халықтың қалауымен бекітіледі. Ел тұрғындары мемлекетті басқару ісіне араласып, көкейде жүрген түйткілдерді ортаға салады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де сол. Осылайша, Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілетін болады, – деді Вера Ким.
Өз кезегінде кардиологиялық орталықтың дәрігері Думан Изгутдинов Ата Заңға өзгерістер енгізу арқылы оң нәтижелердің орын алатынына сенім білдірді. «Референдум өткізу арқылы Жаңа Қазақстанның іргетасын мықтап қалауға мүмкіндік зор. Көптеген оң өзгеріс орын алатынына сенім мол. Референдумды алғаш рет бастан өткізбекпін. Отбасымен бірге маңызды шараға қатысуға ниет танытып отырмыз», деді ол.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары Успен ауданының шалғай ауылдарына атбасын бұрды. Республикалық штабтың мүшесі Айгүл Нұркина референдумның маңыздылығына тоқталып, Парламенттің рөлі мен мәртебесінің өзгеруі жөнінде түсіндірді.
– Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде және бір мандатты аумақтық округтер бойынша құрылатын болады. Бұдан бөлек, Мәжіліс заңдарды өз бетінше қабылдауға құқылы. Жалпы, Парламенттің рөлі нығайып, сол арқылы мемлекеттің институционалдық тұрақтылығы артады, – деді Айгүл Нұркина.
Ауыл тұрғындары Конституцияда болатын өзгерістерге қызушылықтарын білдіріп, өздерінің сауалдарын қойды.
Павлодар облысы