Саладағы мәселелерді шешу жолында Қазақстанның құрылысшылар одағының белсенділігін атап өткен жөн. Аталған ұйым басшылығының павлодарлық құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесуінде біраз мәселе тілге тиек етілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук та өңірдегі құрылыс саласындағы проблемаларды ортаға салды.
– Құрылыс жобалаудан басталады. Бұл ретте жобалық-сметалық құжаттарды әзірлейтін маманның тәжірибесі мол болғаны абзал. Құрылыс саласында кем дегенде 10 жыл еңбектенуі тиіс. Қазір университетті енді ғана тәмамдаған жастар бұл жұмысқа араласуда. Салдарынан жобада қателіктер жиі орын алады. Бір үйде пандус жоқ, тіпті қабат саны дұрыс есептелмеген жағдайлар кездесуде. Екіншіден, аймағымызда салынып жатқан тұрғын үйлер ұсқынсыз. Бір ғана кірпіш пайдаланылады. Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент қалаларына барсаңыз, сәулеті келіскен ғимараттарға қарап қызығасыз. Бізге де ізденіс қажет. Үшіншіден, кабель сымдарын таңдауда сапасына мән берген жөн. Соңғы уақытта тұрғын үйлерде өрт жиі орын алуда. Оның себебі көбіне кабельдік сымдарға байланысты екені анықталып отыр. Төртіншіден, жергілікті құрылыс компанияларының белсенділігі төмен. Өткенде бір конкурс жарияланып, оған қатысқан 7 мердігер де өзге өңірлерден болып шықты. Бесіншіден, өзіміздікін өзекке тебуді доғару керек. Бізде лифтті сапалы құрастыратын отандық серіктестіктер бар. Бірақ оларды қолдамай, Қытай, Беларусь сияқты елдермен байланыс орнатуға асығамыз. Бастысы – әр құрылыс келешек ұрпаққа деген ниетпен салынуға тиіс, – дейді О.Крук.
Белгілі болғандай, елімізде 54 мың құрылысшы тапшы екен. Бұл салада жүргендердің барлығы дерлік – ауыл жастары. Ауыртпалығына шыдайтындар аз. Сол себепті тапшылықтың туындауы – заңдылық. Қазір әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген дамыған ел жұмысшыларды өзге мемлекеттерден шақырады. Соның өзінде мамандар жеткіліксіз. Салдарынан жыл сайын қарапайым дәнекерлеушілердің құны артуда. Қазақстанның құрылысшылар одағы саладағы проблемаларды шешу үшін жобалық кеңсе жұмысын қолға алыпты.
Павлодар облысы