Осындай саяси тұрғыдан маңызды кезеңде еліміздің әр өңірінде референдумға қатысты түрлі жиын өтіп, сарапшылар өз пікірлерімен бөлісіп жатыр. Елордада Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен конституциялық реформаларға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы ұсынған саяси және құқықтық реформалар талқыланды.
Сарапшылар кеңесінің төрағасы, профессор Сергей Ударцев форумды ашқаннан кейін алдағы өтетін референдумның ел тарихы үшін маңызды екенін атап өтті. Комиссия мүшелері Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізу шынайы және демократиялық жол деп атап өтті.
«Еліміздің конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар елімізді демократиялық жолмен әрі қарай дамуын нығайтады. Жалпы, осы түзетулер мен толықтыруларды үш бағытқа бөлуге болады. Біріншісі, билік арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыруға, екіншіден, халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейтуге, үшіншіден, адамның және азаматтың құқықтарын қорғауды, сақтауды күшейтуге бағытталған», деп түсіндірді Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев.
Спикер өз сөзінде Ата Заңдағы бірінші баптың әлі дұрыс жұмыс істемей тұрғанын атап өтті. Мәселен, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекет үшін ең жоғары қазына және құндылық екені бірінші бапта айтылған.
«Бұл бап әлі дұрыс жұмыс істемей отыр. Неге? Себебі біздің азаматтар және елімізде тұрғылықты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар Конституциялық кеңеске өз арыз-шағымдарын жаза алмайды. Бұл тұрғыда олардың құқықтары шектелген. Осындай шектеулерді алып тастау үшін және елдегі адам құқықтарының сақталуын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру мақсатында Конституциялық сот құрылып отыр. Енді еңбекшіл мигранттар, азаматтығы жоқ адамдардың бәрі Конституциялық сотқа белгіленген тәртіппен шағым жазуға толық құқығы бар», деді Т.Әбішев.
Оның айтуынша, реформа елімізді басқарудың тиімді нысандарын белгілеуге, демократияландырудың әрі қарай халықаралық стандарттарға сай дамуына бағытталған.
«Қазіргі таңда біз суперпрезиденттік республикадан кетіп, ықпалды Парламенті бар, есеп беретін Үкіметі бар президенттік басқару нысанындағы республикаға көшеміз. Өздеріңіз білетіндей, облыс мәслихаттарының депутаттары екі жүйемен сайланады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттар тек мажоритарлық жүйемен сайланады», деп түсіндірді Т.Әбішев.
«Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі президенті Бану Нұрғазиеваның сөзіне сүйенсек, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер халыққа қажет. Өйткені бұл өзгерістер «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасына сай келеді. Қоғамды демократияландырудың іргетасын қалайды.
«Бұған дейін барлық депутат пен тағайындалатын тұлғалар тек саяси партиялар арқылы сайланып келді. Ол кездегі жүйе пропорционалдық деп аталды. Ал бүгінгі таңда аралас жүйе әзірленді. Ол мажоритарлық деп аталады. Яғни мұнда қандай да болсын елінің дамуына үлес қосқысы келген азамат «мен боламын» деп өзінің арнайы жобасы арқылы сайлана алады. Айта кету керек, халық бәрін біледі, түсінеді. Кімнің әділетсіз, кімнің қулық-сұмдықпен жүргенін біледі», деді Бану Нұрғазиева. Оның айтуынша, алдағы уақытта саяси партиялар көбейіп, олардың арасында бәсекелестік артпақ. Әсіресе 98-баптағы жаңа өзгертулердің бәрінде адам құқықтарына назар аударылып отыр.
«Ең ауқымды дейтін өзгерістердің бірі – жер туралы норма. Яғни жердің және табиғи ресурстардың иесі халық. Енді жер мәселесіне қатысты қандай да дау болса, мемлекет өзі шешім шығармайды. Тек халықтың сұрауымен жұмыс істей алады», деді Б.Нұрғазиева.
Комиссияның бірқатар мүшесі қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін елдің конституциялық жүйесін нығайтуға және жаңғыртуға назар аударды. Сонымен қатар Комиссия сарапшылары Мемлекет басшысы ұсынған жаңа конституциялық модель нақты саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне тоқталды. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын халықаралық стандарттар деңгейінде тиімді қорғауға кепілдік беретінін атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде халықаралық құқық нормаларын одан әрі имплементациялаудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ жиын барысында адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жетілдірудің өзекті проблемалары қозғалды.
Жалпы алғанда, форумға қатысушылар ұсынылған саяси және құқықтық реформаларды қолдады, Қазақстан Республикасының азаматтарын ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдар мен YEҰ, БАҚ, халықаралық ұйымдар, жоғары оқу орындары мен Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері де қатысты.