Жас ұрпақ кеңестік кезеңде Павлодар облысында Ермак атында қала болғандығынан бейхабар болар. Отарлық жүйенің қолшоқпары болған атаманның есімін санадан өшіру оңай болған жоқ. Санадан қалай өшірерсің, қала ортасында қасқайып қарақшының ескерткіші тұрса. Ермакты тұғырдан тайдырмай, отаршылдық санадан арылу да қиын ғой. Сол себепті де Ермак қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Қуат Есімханұлы, ең алдымен, Ермакты тұғырынан алып тастау керек деп шешкен. Алдымен Ермактың қазақ жұртына жасаған қиянатын, зұлымдығын тарихтан бейхабар жұртқа кеңінен түсіндіру керек. «Қазақ әдебиеті» газетіне әуелі академик Манаш Қозыбаевтың зерттеу мақаласы жарияланды. Қоғамдық пікір бір арнаға ойысып, жұртшылық қарақшының қазаққа жасаған зорлық-зомбылығынан жан-жақты құлағдар болды. Патшалық Ресейге қызмет еткен қарақшы Ермактың ескерткіші азат елдің азаматтарының қолдауымен тұғырдан алынып тасталды.
Империялық пиғылдағы тұлғалар тұғырдан тайса, Алаштың азаттығы үшін күрескен ерлер төрден орын алуы керек емес пе? Қуат Есімханұлын енді осы ой мазалады. Ұлттың тарихи тұлғаларының еңбегін бағаламай, елдің дамуы мүмкін емес қой. Ендеше елдің бүгінгі болмысы, ертеңгі өрісі кешегі бабаларға тағзым жасаумен айшықтала түспекші.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғараұлының Қуат Есімханұлы туралы төмендегіше айтқаны бар-ды: «Қуаттың мемлекеттік қызмет атқара жүріп, өзінің жүрек қалауымен аруақтар атын тірілтіп, бұрынырақта өмірден өтіп кеткен қазақтың ардақты азаматтарының басына мазар салып, ескерткіш орнатып жүргенін сонда білдім. Кейін осындай тірлігінің біразына өзім де куәгер болдым».
Қойшығара ағамыздың «өзім де куәгер болдым» дегеніндей, Қуат ағаның сауапты миссиясына біздің де куә болғанымыз бар. Ресейдің Алтай өлкесінде мәңгілікке тыныстаған, Естайға «ән салдырған» Қорланның зиратына ескерткіш тастың орнатылу рәсіміне қатыстық. Бұл «Дариға, өлмейтұғын әнге айналған, Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан!» деген Сұлтанқызына (Айып келіні) қойылған белгі ғана емес, асқақ өнердің өлмес музасына айналған қазақ қызына қойылған ескерткіш-тұғын ол. Қуат Есімханұлы бастаған ұлтжанды азаматтар Қорлан анамызға тағзым ету арқылы, алаштың өмірден өткен ұлы тұлғаларына құрмет көрсетті. Ең бастысы, осы белгінің қойылуы Алтай өлкесі қазақ жұртының ежелгі атақонысы екенін әйгілей түсті емес пе?
Қуат ағаның ұйытқы болуымен қазақтың жақсы мен жайсаңдарын, ардақтыларын мәңгілікке ел есінде қалдыру үшін қыруар шаруа атқарылған-ды. Ол өзіне тілеулес, пікірлес жолдастарының қолдауымен тарихи тұлғаларды азат елдегі ұрпағымен қайта қауыштырған. Малайсары батыр, аға сұлтан Қазанғап, Камаридден хазірет, халық композиторы Естай, Кемпірбай ақын, Баян батыр және тағы да басқа тұлғаларға ескерткіш-тас орнатылып, олардың тарихтағы орны да тұлғалана түсті. Мемлекеттің қатысуынсыз, қазынаның қаржысынсыз біткен іс болды бұл.
Тарихи тұлғалардың жөні бөлек, ал тұлғадан қалған ұрпақтың тағдыры ше? Зұлмат жылдары алаштың арқа тұтар азаматтары ғана емес, олардың кіндігінен тараған ұрпақтары да қуғын-сүргінге ұшырады, ажал құшты. Сәкен Сейфуллиннің кішкентай ұлы жары Гүлбаһрамның қолында түрме-вагонда қайтыс болып, әлдекімнің жанашырлығымен Көкшетау жерінде жерленген-ді. Осы нәресте Аянның басына қойылған белгі – зұлмат жылдардың құрбандарына арналған тағзым-белгі. Алаштың қыршынынан қиылған, дүниеге келмей жатып дүрбелеңге іліккен, есі кірмей жатып есалаң қоғамның жендет-балтасының құрбаны болған балдырғандарға қойылған ескерткіш бұл. Аянға қойылған белгі 1920-1930 жылдары көктей солған көк өрім періштелерге бағышталған дұға. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы да бұлыңғыр. Есімханұлы қойған тас-белгі елінің өткен тарихын ұмыттырмауға арналған ескерткіш!
Адамды араласқан ортасы өсіретіні белгілі. Бұрын-соңды табиғатында, тұқымында бар тектілік қасиет елге танымал тұлғалардың, елдің мүддесі үшін еңбек етіп жүрген жандардың өнегесін бойына сіңіруімен азаматтың танымдық көкжиегін, ұлтшылдық ұстанымын бекіте түсетіні сөзсіз. Қуат Есімханұлының өмір жолынан осыны аңғаруға болады. Жігіт жасында билікке араласып, кеңшардың тізгінін ұстаса, орда бұзар отызында елдің атақты зиялыларымен емен-жарқын араласып, сырласар інісіне айналды. Ғабит Мүсірепов бастаған жазушылар армиясынан бастап, Манаш Қозыбаевтың ғалымдар гвардиясы, Еркеғали Рахмадиевтің өнер қайраткерлері қауымының қай-қайсысы да әдебиеттен, тарихтан, өнерден жан-жақты хабары бар Қуатты бауырына тартып, ұлт зиялыларының үркердей шоғырының белді бір мүшесіне айналды. Былай қарағанда, мамандығы жағынан шығармашылықтың ауылынан алыс қонған құрылысшы Қуат ағаларын қандай қасиетімен баурап алды деген заңды сауал туатыны анық. Әрине, алдымен шешендігі дер едік. Ол тереңнен толғап, айтар сөзімен ә дегенде алқалы жұртты өзіне қаратып, тыңдаушысының құлағының құрышын қандыратын шешендік шеберлігі алдыңғы буын ағаларын разы еткені анық. Әншілігі де, аңшылығы да нағыз жігітке «жеті өнердің аз екені-
нің» дәлелі. Ағалары да ізін басқан шоғырдың арасынан ұлттың асыл қасиетін бойына сіңірген азаматтың көрінгеніне «бәрекелді» дескен.
Қуат Есімханұлы десе, ол туралы ағасы, сенімді серігі, алашқа әйгілі тұлға Қажымұрат Нағмановтың айтқаны еске оралатыны бар. Қажекең Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғаннан кейін әдеттегідей журналистермен баспасөз мәслихатын өткізеді. Сол жиында ақмылтық журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мәлік Мұқанов ағамыз енді ғана тағайындалған әкімге төмендегіше сұрақ қояды.
– Сіздің алдыңыздағы әкім өзімен бірге бір вагон кадрларын алып келіп еді. Сіз де солай жасайсыз ба?
– Жо-оқ, – деген Қажекең бірден, сосын әрі қарай жауабын нақтылай түсті. – Бір вагон кадр әкелмеймін. Бірақ бір вагон кадрға тұрарлық бір азаматты әкелемін.
Теріскей өңірінің журналистер қауымы «бір вагонға тұрарлық азаматты» асыға күтсін осы сөзден кейін. Ол Қуат Есімханұлы болатын. Қажекең соншалықты құрметтейтін, ерекше бағалайтын азаматтың іскерлігіне тұтас облыс халқы кейіннен толыққанды көз жеткізген. Аты аңызға айналған Қуат Есімханұлын солтүстік жұрты әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Еске алмай қайтсін, Қуат ағамыз облыс әкімінің орынбасары ретінде идеологияның тізгінін ұстаған тұста қуаты кеміген ұлттық дәстүрдің бойына қан жүгіртті.
Алаш жұртының әйгілі жырауы, батыр, «Елім-ай» шығармасының авторы Қожаберген Толыбайұлына арналған елдің атақты ғалымдарының қатысуымен алқалы жиын өткізіп, демеушілердің көмегімен кітабын шығарды. Жыраудың мәңгілік қоныс тапқан зиратында кесене бой көтерді. Классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің ғасырлық мерейтойы қарсаңында қалың оқырманға «Ұлпан» романы арқылы жақсы таныс Есеней мен Мүсірепке белгі қойдырды. Қазақтың атақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың Петропавлдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ұлыларға арналған осындай игі іс-шараның басы-қасында ұйытқы болып Қуат Есімханұлы жүрді.
Ал «Абылайдың ақ үйі» туралы әңгіме тіпті ерек. Ол туралы Қуат Есімханұлы өз естелігін төмендегіше тарқатады: «Солтүстік Қазақстан облысында қызмет істеп жүрген кезімде «Абылайдың ақ үйі» жөнінде алуан түрлі әңгіме естідім. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Омбы, Санкт-Петербург қалаларының тарихи архивтеріне арнайы кісі де жібердім, бірақ ешқандай дерек табыла қойған жоқ.
2003 жылы Мәскеуге барған сапарымда Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің архивінен Ресей патшайымының үй салу туралы Жарлығын, салынған үйлердің жобасын қолға түсіріп, олжалы оралдым. Құрылысты жүргізген генералдың есеп-қисабы жазылған құжаты да табылды.
Жұмыс бабымен 2004 жылы Астанаға ауыстым да, кейін «Абылайдың ақ үйінде» үлкен музей ашылып, Абылай ханға ескерткіш орнатылды». Бүгінде теріскейдегі елдіктің символына айналған «ақ үйдің» қысқаша тарихы осы.
* * *
– Ассалаумағалейкүм, аға. Қалайсыз? Қайдасыз?
– Жол үстінде едім. Павлодар жақта, жабдықта жүр едім.
Қуат аға осылай ылғи жол үстінде, ағайын-туған, дос-жаранмен қоса, елдің қадірлісі, ауыл ақсақалының жақсылығы мен қуанышын бөлісіп жүргені. «Тұрған жерің елдің астанасы да, Туған жерің сенің ғана астанаң» деп ақын Жарасқан Әбдірәш жырлағандай, Қуат аға «өзінің астанасына» осылайша жиі ат шалдырып тұратын.
Ауылдастарының жиын-тойынан қалмай барғаны өз алдына, қажет кезінде қолұшын да созатын-ды. Май ауданының «Қызыл құрама» ауылындағы имандылық үйінің құрылысына, ауылдағы мұқтаж отбасыларға демеу көрсетіп, жан-жақты болысып жүргені де жанашырлығының, азаматтығының арқасы еді.
Ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, «Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес, Тұра да алмас шың бұлай. Қасқайып олар тұрғанда. Биіктер сенің тұлғаң да, Миллион мәрте құрбым-ай!». Қуат Есімханұлы да «бұл қазақта шың тектес» тұлғалар шоғырынан болатын-ды. Ендігі жерде оның елі үшін атқарған істері кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалатыны сөзсіз.