Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
21 мамырда Аустралия премьер-министрі мен билік басына қандай саяси топтың келетіні анықталады. Үкіметті «билеу» үшін ондағы 151 орынның кемінде 76-сына бір партия мүшелері жайғасулары қажет. Дауыс беруге елдің 18 жастан асқан әрбір азаматы құқылы. Осы сайлауға 17,2 млн-нан астам адам тіркелген болса, бұл дауыс беруге құқығы бар адамдардың 96 пайызын құрайды.
Бүгінгі билік басындағылар
Аустралияның қазіргі билігі Либералды-ұлттық коалицияның қолында (76 адам). 68 адам Лейбористер партиясының мүшесі, қалған 7 орынды кішігірім партиялар мен тәуелсіз тұлғалар иеленген. Парламенттің жоғарғы палатасы Сенатта да коалиция мүшелері басым (35 адам), лейбористер 26 адамды құрайды. Алдағы сайлауда Сенатқа 40 адам сайланады.
«Скотт Моррисон Үкімет басына 2018 жылы келді. Жаңа сайлауға ол лейборист Энтони Албанизбен түсіп жатыр. Энтони Албаниз Аустралияның ең қарт саясаткерлерінің бірі, ол 2013 жылы Кевин Раддтың тұсында премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Оның сайлауалды бағдарламасы «шағын мақсаттарға» – қарапайым саяси ұсыныстарға негізделген», дейді шетел сарапшылары.
Елді мазалаған мәселелер
Аустралия экономикасы әлемдік пандемия кезінде екі есеге өсті және биыл тағы 4,25% өседі деп күтілуде. Жұмыссыздық деңгейі 4%-ға дейін төмендеген. Десе де ел халқын жанар-жағармай, электр энергиясы және басқа да қажетті тауарлардың қымбаттауы алаңдатады. Сонымен қатар, соңғы он жылдықта банктер несиенің пайыздық мөлшерлемелерін көтеріп жіберген. Жаппай тұрғын үй сатып алу қарқыны бәсеңдегенімен, баспана бағасы сол күйі өзгермей, қарапайым халыққа, әсіресе, жастарға қолжетімсіз болып отыр. Баспана бағасы шикізат құнының шарықтап кетуіне байланысты өте қымбатқа түсуде.
«Халық климаттың өзгеруінен де зардап шегуде. Әсіресе, орман өрттері мен су тасқынының алдын алу іс-шаралары ақсап тұр», деп жазады экономика сыншылары. Мәселен, соңғы үш жылда Аустралияда орман өрттері мен су тасқынынан 500-ден астам адам қайтыс болып, миллиардтаған жануар жойылып кеткен. «Тұрақсыз климаттың әсерінен тұрғын үйлерді сақтандыру тұрғындардың бас қайғысына айналды», дейді Климаттық кеңесінің атқарушы директоры Аманда Маккензи. «Тәуекел деңгейі жоғары үйлерді сақтандыру өте қымбат, тіпті сақтандыруға қабылданбайды да. Мәселен, Квинсленд аймағында сақтандыруға жатпайтын 500 мың үйдің 40 пайызға жуығы орналасқан. Қауіпті аймақтардағы жылжымайтын мүлікті сатып алу және жалға алу арзанға түседі. Су тегін бағаға әсіресе жастар көп қызығады. Сондықтан апатты үйлерді көбінесе жас буын паналайды. Осылайша елдің демографиясына да айтарлықтай қауіп төніп тұр», деп дабыл қақты Аустралия ұлттық университетінің демографы Лиз Аллен.
Осы орайда Үкімет солтүстік аустралиялықтар үшін сақтандыруға төлейтін қаржы көлемін екі есе азайтуға және табиғат апатына ұшыраған тұрғын үйлерді «қайта сақтандыруға» көмектесу үшін миллиардтаған қаржы бөлуді уәде еткен болатын. Бірақ бұл шешім Сақтандыру кеңесінен де, салалық орган тарапынан да қолдау таппаған. Сарапшылар табиғи апаттар көбінесе Аустралияның солтүстігінен бөлек жерлерде, билік назарынан тыс қалған аумақтарда жиі болатынын айтады. Дегенмен қауіпті аймақтарда құрылыс жұмыстары тоқтамай тұр, тұрғын үйлер салынуда. Олардың басым бөлігі апатқа төзімді етіп салынып жатқан жоқ. Бұл мәселеден жергілікті шенеуніктер хабарсыз.
«Бұл жерде ең басты шешім – климаттың өзгеруімен күресу», дейді Аустралия ғалымы Сетл мырза. «Климаттың өзгеруі экологияға да айтарлықтай нұқсан келтірген. Ауаға таралатын қалдық мөлшері жыл өткен сайын артып отыр», дейді эколог ғалымдар. «Премьер-министр Скотт Моррисонның үкіметі болса 2030 жылға қарай ауаға таралатын қалдық мөлшерін 26 пайызға қысқартуға уәде берген еді. Энтони Албаниз басқаратын лейбористер де оны 43 пайызға қысқартамыз деп сендірген болатын», дейді экологтар.
Аустралиялықтар көмір мәселесін де қозғап отыр. Көмір – Квинсленд аймағының шеткі бөлігі Гладстон елді мекенінің негізгі тіршілік көзі. Қазіргі таңда аймақ халқы көмірді жергілікті порт арқылы өзге мемлекеттерге экспорттайды. «Халықты мыңдаған жұмыс орнымен қамтып отырған да осы «қара алтын». Бұл өндіріс кенже қалатын болса, жергілікті тұрғындар жұмыссыз қалып, елді мекеннің жай-күйі кетеді», дейді жергілікті өндірістік кәсіподақ ұйымының өкілі Фил Голби. «Қазба отын өндірісін бірте-бірте тоқтату – өткір мәселе, өкініштісі, оны шешудің жолдары екі партия бағдарламасында да әлі нақты айтылмады», дейді сарапшы Бустед мырза. Дегенмен, лейбористер жаңа көмір шахталарының коммерциялық жағына қолдау көрсететінін және зауыттарды мерзімінен бұрын жұмысын тоқтатуға мәжбүрлемейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, партия электромобильдерді арзандатуға, жаңартылатын энергияны сақтау мүмкіндіктерін жақсартуға уәде беріп отыр.
COVID-19 қаупі сейілді ме?
Аустралия мәселелерін тізбектеген сарапшылар, тұрғындар арасында әлемдік пандемия қаупі әлі де сейілген жоқ дейді. Вакцинамен қамту жұмысы баяу жүріп, індеттің Omicron штамын анықтау кезінде антиденені анықтайтын сынақтардың жетіспеуі үкімет жұмысына сын келтірген. Алайда Моррисон үкіметі бұл олқылықтың орнын толтырып, мәселені халықтың наразылығынан кейін дереу қолға алған. Елдің әрбір штаты жедел әрі қатаң шектеулерді, тестілеу және бақылау хаттамаларын, әлеуметтік қашықтықты және індеттерді болдырмау үшін маска киюді әдетке айналдырды. Ел өз шекарасын лезде жауып, аустралиялықтар ресми рұқсатсыз сыртқа шыға алмады. Шетелдіктер екі апталық карантиннен өтуге мәжбүр болды. Емханалар вакциналармен лезде қамтылды. Нәтижесінде, қазіргі уақытта Аустралия – әлемдегі ең көп вакциналанған елдердің бірі. Бұл мемлекетте халықтың 95 пайызы толық вакциналанған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елде пандемия басталғаннан бүгінге дейін 7 мыңнан астам адам өлімі тіркелген. Ал бұл өзге дамыған елдермен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Сонымен қатар, өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Аустралияда 2020 және 2021 жылдары COVID-19 немесе басқа себептерден өлім-жітім аз болғанын мәлімдеді. «Егер елдің жетістігін өлім-жітім тұрғысынан өлшейтін болса, Аустралия Жаңа Зеландия мен Тайвань сияқты елдер арасындағы «табысты» елдердің бірі екеніне еш күмән жоқ», дейді профессор, Кирби институтының эпидемиологы Грег Дор.
Сенбі күні өтетін сайлауда халық осы қордаланған мәселелердің шешімін қарастырған партияға дауыс берері сөзсіз. «Сайлаушылар 26 млн халқы бар елде премьер-министр Скотт Моррисоннан немесе лейбористтік көшбасшы Энтони Албанизден басқа да кандидаттардың болғанын қалайды», дейді қоғам белсенділері. Алты аптаға созылған сайлауалды науқан кезінде халық партия өкілдерін басты мәселелер бойынша, сұрақтың астына алған. Аустралияның республикалық 9-арнасында өткен екі партия көшбасшыларының пікірсайыс алаңын тұрғындардың 80 пайызы тікелей эфирде тамашалаған. Алайда бұл пікірсайыс алаңында келеңсіз жағдайлар болып, үміткерлер халық мәселелерін толықтай айта алмағаны үшін сынға ұшырады. «Сол себепті де спикерлер халықтың көңілінен шыға қоймағаны белгілі. Көшбасшылар көбінесе өз идеяларын ортаға салғаннан гөрі қарсыластарына шабуыл жасауға көбірек уақыт жұмсады», деп жергілікті сарапшылар жарыса пікір білдірді.
Екі тараптың сайлауалды бағдарламаларын қорытындылаған сарапшылар екі партия өкілі халыққа Аустралияның көмір өндіру өнеркәсібінің қайта ретке келуіне қажетті қолдау көрсетуге, сонымен қатар 2050 жылға қарай ауаға шығарылатын қалдықтардың нөлдік көрсеткішіне қол жеткізуге уәде бергендерін атап айтты.
Ал сыншылар сайлау нәтижесін шығару ұзақ уақыт алуы мүмкін деп болжап отыр.