Съезд жұмысына республиканың 17 өңірінен делегаттар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер қатысты. Съезд жұмысын жүргізген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Ата Заңның жаңа жобасындағы басты маңызды өзгерістерге жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда, Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлаудың жаңа тәртібі, Мәжіліс сайлауына аралас сайлау жүйесі, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарын сайлаушылардың кері қайтарып алу, Сенаттың Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару кепілдіктерінің күшейтілуі, өлім жазасының жойылуы, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесінің күшейту туралы мәселелер енгенін атап өтті.
«Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Парламенттің рөлі күшейтілмек, халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құрылады. Құрылтай елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін билік пен халықтың арасындағы дәнекер болады. Оның құрамына еліміздегі барлық аймақтың түрлі сала өкілдері мүше болады. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принциптің іс жүзінде орындалуының айғағы. Референдум мемлекеттің нақты өзгерістерге бет бұрғанын көрсетеді», деді Б.Ізмұхамбетов.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, ардагерлерге Президенттің сөзін жеткізді. «Өте жылы қабылдау болды. Президентке ардагерлердің жұмысы туралы айттым. Референдум бойынша екі бағытта жұмыс істеп жатқанымызды, бірінші – Конституцияға өзгеріс енгізудің маңыздылығы туралы, екінші – ардагерлер тұрғындарға референдумның мәнін түсіндіріп, қатысуға белсенділік танытуға шақырып жұмыс істеп жатқанымыз туралы баяндадым. Әңгіме барысында бірнеше ұсынысымды жеткізіп, ол бойынша мемлекеттік органдарға тапсырма беретінін айтты. Президент өз тарапынан қоғамдық жұмыстарда ел ардагерлерінің белсенділік күтетінін айтты», деді бірлестік төрағасы.
Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев қазақстандық қоғамның саяси алаңында қызу ойын жүріп жатқанын алға тартты. «Қоғам белсенділігінің өсе түсуіне жыл басындағы қаңтар оқиғасы әсер еткені даусыз. Ел тағдыры, тәуелсіздік тағдыры сынға түскен кезде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алдыңғы сапта болып, Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалдық. Отыз жыл бойғы қоламтаны ақтарып жатқанымыз да тегін емес. Неге бар байлығымыз санаулы адамдардың қолына түсті? Халықтың сұрауы да, талап қоюы да орынды. Жан алқымға тақалып, кедейшілік пен жоқшылық титықтатуға айналған халық алаңға шығуға мәжбүр болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам орнату идеясын ортаға тастады. Референдумды өз басым халықпен келісіп шешу деп білемін. Президентімізді, оның жүргізіп отырған саясатын қолдайық! Сын сағатта тұрғанымызды ұмытпайық!», деді ардагер.
Іс-шараға онлайн қосылған өңірлердегі ардагерлер де пікірлерін айтып, саяси науқанға қолдау білдірді. «Аға буын Президенттің елімізді жайлаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған батыл шараларын үлкен ризашылықпен қабылдап жатыр.
Қызылорда облысы ардагерлерінің атынан сөз тізгінін алған өңірлік кеңес төрағасы С.Дүйсенбаев Конституция бойынша халық көкейінде жүрген көп мәселенің күн тәртібіне шыққанын атап өтті. «Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшу өз шешімін табатын болды. Енді елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейеді. Депутаттар сайлауындағы өзгерістер де халық пен өкілетті органның арасындағы байланысты, соның ішінде кері байланысты күшейтпек», деді ол. Ардагер сөзінде азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру де, Конституциялық сот құру және Конституциялық бақылау жасау институтын жаңарту жайында да ой-пікірін ортаға салды.
Съезд соңында ардагерлер елдің әрбір азаматы Конституцияға өзгерістер енгізу туралы өз пікірін білдіруге құқылы екенін айтып, Қазақстан халқын бүкілхалықтық референдумды қолдауға шақырған үндеуін жариялады. Сонымен қатар «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында филиалдары құрылатын болды. Бүгінде ардагерлердің орталық кеңесінде және барлық 17 өңірдегі филиал төрағаларының ұйымдастыруымен референдумды қоғамдық қолдау штабтары құрылып, жұмыс істеуде. Топқа жергілікті өңірге танымал, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге сыйлы ардагерлер жұмылдырылды. Олар конституциялық реформалардың негізгі ережелерін тұрғындарға кеңінен түсіндіруді қолға алған.