17 Сәуір, 2014

Міржақып мұңы – Алаштың үні

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының ұжымы Астанаға гастрольдік сапарында Қазығұлдың «Міржақып» трагедиясын сахналады. M 4 «Міржақып» осыған дейін елор­дадағы Қ.Қуанышбаев атын­дағы қазақ драма театрында бір рет қойылған болатын. Спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай үш жылдан соң елордалық көрер­мендерді азаттықтың ақ таңы үшін айқасқан азаматтың сахналық бейнесімен қайта қауыштырды. «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» немесе «Алыстан Алаш десе, аттанамын. Қазақты қазақ десе, мақтанамын, Болған соң әкем – қазақ, шешем – қазақ, Мен неге қазақтықтан жасқа­намын», деп жалынды жырлар жазған Міржақып Дулатовтың ақын, қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалды» жазған жазушы, көсемсөз шебері және ең негізгісі, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі екені қазақ баласының қа­перінде болғанда, оның сах­налық бейнесін жасау театрға қаншалықты жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті. Трагедияны тамашалау барысында режиссердің біртуар азамат Міржақыпты сахналауында ізденіс бар екені аңғарылды. Ел-жұртының тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен, жаны күйзелген, ештеңеге де самарқау қарай алмайтын, біресе ақындық мінезбен алабұртып жыр оқып, біресе үлкен тұлғаның көреген санасымен көсем сөз төгілткен Міржақыптың (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров) жанды бейнесіне көрермен қол соқты. Ф.И.Голощекиннің билікке келуі қазақ зиялыларының басына қара бұлт үйіргенін нанымды жеткізген трагедиядағы тағы бір бейне – Ахмет Байтұрсынов (Қабдол-Мәжит Иманов). Мүмкін басты тұлға Байтұрсынов болмаған соң ба, оның бейнесі солғындау шыққан. Ахаңның сахнадағы әріп­тестерімен қарым-қатынасында біртүрлі кітаби сөздер басым. Қайта тұлғалардың әйелдері Бадрисафа (Гүлмира Уәлиева) мен Ғайнижамал (Ажар Шәкіржанова) бейнелері өз басымызға ұнады. Жалпы, спектакльде басы ар­тық кейіпкер жоқ. ОГПУ-дің қызметкерлерін есептемегенде жеті адам өз рөлдерін шашау шығармай, көрерменді қожыратып алмай ойнап шықты деуге болады. Әсіресе, аты аталмайтын сат­қын Жаңғайыптың (Нұрлыбек Кенжеахмет) бейпілауыз жан­сызының (Ақдәмен Досанова) «Надан болсақ та адамбыз...» деп өмірлік көзқарасын көрсететін тұстары сәтті бейнеленген. Біз­діңше, тағы бір сәтті бейне – Го­лощекин (Берікқан Төкенов). Жаңғайыптың «Құдай жоқ» деп жағымпазданатын сәтінде «Құдай бар. Бірақ, сол Құдайдың көзін жоятын бізбіз», деп жауап қатуы оның сахнадағы бейнесін айшықтап тұрғандай. Жалпы, «Міржақып» трагедиясы арқылы режиссердің зобалаң жылдардағы Алаш қай­раткерлерінің тағдырын, ұлт трагедиясын көрсетуге талпынысын елорда көрермендері жылы қабылдады. Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының елор­дадағы гастрольдік сапары өтіп жатқанын осының алдында жазылған мақалада айтқан болатынбыз. Кеше театр ұжымы көрермен­­­дерге «Мәриям-Ілияс» атты драманы ұсынды. Онда көрермен ақын Мәриям Хакімжанованың бейнесімен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шаһарбану Есен­ғұлованың сомдауында жүздесті. Сондай-ақ, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаров және қазақтың зиялы қыздарының көшін бас­таған Алма Оразбаева, Зияш Қалауованың сахналық бейнелерін тамашалады. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан». –––––––––––––––– Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.