ХХХІ сессия барысында Жаңа Қазақстан, жастар мәселесі, ақпараттық жұмыстар, халық бірлігі, білім, мәдениет, азаматтық қоғам институттары, ҚХА жұмыстарының тақырыптары сөз болған еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ҚХА қызметінің негізгі басымдықтарын айқындап берді. Президент атап өткендей, ел дамуының алғы шарттарының бірі – ол этносаралық қатынастарды одан әрі дамыту. Себебі оның түбінде – елдегі ішкі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау жатыр. Бұл әсіресе қазіргі халықаралық геосаяси жағдайдың ұшығып тұрған кезінде аса қажет. Сондықтан Ассамблея өкілдері халықпен үнемі байланыста болып, міндет пен шарттарды нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі қажет.
Кеңейтілген кеңесте ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов: «Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы іске асыру – бізге жүктелген міндет. Ассамблея жұмысының еліміздегі ішкі тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы атқарып келе жатқан рөлі өте үлкен. Алдағы уақытта да қолға алынған жұмыстар туралы ақпаратты еліміздің әрбір азаматына жеткізуді жалғастырамыз. Себебі қоғамның саяси белсенділігін арттыру біздің жұмыстарымызға тікелей байланысты. Сондықтан осы тапсырмалардың орындалу барысын, әрбір құрылым басшылары өз құзыреті шегінде үнемі назарда ұстап, халықты ақпараттандырып отырады», деді.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА жанында Аналар кеңесі құрылған. Іс-шарада кеңес төрағасы Алтынай Тәңірбергенова атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Қазір ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, тіл мен ділімізді, бірлік пен ынтымақты сақтау арқылы ұрпақты тәрбиелеуге ерекше назар аудара отырып, жұмысқа кірістік. Екі жыл қатарынан «Ана time» жобасын іске асырып келеміз. Жобаға 1 модуль – этнопедагогика бойынша оқыту, 2 модуль бойынша әлеуметтік кәсіпкерлерді оқыту кіреді. Осы жобаның арқасында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 120-дан астам, Ақмола облысы бойынша 60 әйел өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыруға және әйелдердің әлеуметтік кәсіпкерлігін ілгерілетуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар кеңестің жұмысы қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тиімді қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстардың алдын алуға бағытталады. Бұл ретте адам құқықтары жөніндегі уәкілмен белсенді жұмыс істейтін боламыз», деді кеңес төрағасы.
Жиында Ассамблеяның өңірлердегі мүшелері де сөз алды. Қарағанды облысы бойынша «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, комплаенс-офицер Александра Урмашова мемлекеттік тілдің мәртебесін ерекше атап өтті. «Мен үшін Президенттің тілдер туралы сөздері маңызды болды. Мемлекеттік тіл бүгінде біріктіруші тіл болуға тиіс. Біз Ассамблея аясында үлкен жұмыс атқарамыз. Этномәдени бірлестіктер жанынан этнос ағарту кешендері құрылды, «Мәміле» ауызекі қазақ тілі клубы ашылды, Достық үйлерінде қазақ тілі курстары да жұмыс істейді. Бұл тәжірибені кеңейту және көбейту керек», деді бірлестік жетекшісі.
Ассамблея конституциялық өзгерістер мен саяси реформаларды жүзеге асыру іс-шараларына белсенді қатысатыны сөзсіз. Сол себепті атқарылған жұмыстардан гөрі атқарылатындары басым. Осы орайда Кеңес қорытындысы бойынша ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма жүктеп, этномәдени бірлестіктердің қызметіне бағыт-бағдар берді. Жиынға қатысқан депутаттар, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылары да өз пікірлерін білдірді.