Астанадағы Конгресс-Холлда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединованың “Мен даланың қызымын” атты концерті болып өтті. Онда Ұлжан Айнақұлова секілді белгілі әншілермен бірге оның шәкірттері де өнер көрсетті.Шығармашылық есеп беру концертінің алдында әнші БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Онда Б. Сәмединова бұған дейін Астана қалалық филармониясы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жеке концерт бергендігін, сондай-ақ жақында ғана Қытайда ашылған “ЭКСПО-2010” көрмесінде болып қайтқандығын, түрлі мәдени шараларға атсалысып келе жатқандығын тілге тиек етті. Бұл концерттік бағдарламамды дайындағаныма бірнеше жыл болды. Жылына екі концерт беруден аулақпын. Себебі, бұл есеп беру концерті болғандықтан, бұл шарада бірнеше жылдық еңбегің көрінуі қажет. Осы жолғы бағдарламамда өзімнің бетке ұстар әніме айналған “Сарыарқа” қайта өңделіп, жаңадан жазылды. Сондай-ақ “Өз елім” әнін де айтуға болады. Жалпы орындалатын әндердің барлығы да жаңа әндер. Кеш барысында менің репертуарымда басты орын алатын халық әндері де орындалады, деген болатын. Бағдат Сәмединованың айтуынша, шығармашылық кешінде айтылған халық әндері қазақылық қаймағы бұзылмаған Қытай, Моңғолия елдерінде тұратын қандастарымызда сақталған қазақтың халық әндерінен іріктелініп алыныпты. Менің репертуарымда патриоттық әндер де жеткілікті. Концерттің атының өзі “Мен даланың қызымын” деп аталуы да сондықтан деді ол. Отыз жылдан астам киелі сахнада ұлттық мәнерлі дауысымен, өзіндік қолтаңбасымен үлес қосып жүрген Б.Сәмединованың кешінің “Мен даланың қызымын” деп аталуының да өзіндік себебі бар екен. Қазақтың белгілі ақын қызы Күләш Ахметова осы аттас өлеңін оқығанда әншіге осынау жыр жолдары ой салған көрінеді.
Әншінің сезім қылын шертіп, бойдағы намысыңды жанып, рухыңды оятар шымыр әндер легі екі сағатқа жуық толастамады. Осылайша өз еңбегіне, құдай берген дауысына ғана сенетін сүйікті әншіміздің шығармашылық кеші бұған дейінгі концерттері секілді табысты өтті.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.