Экономика • 23 Мамыр, 2022

«Кейінге қалдырылған инфляцияның» зардабы қандай?

398 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен айда Үкімет инфляцияны ұстап тұруға қажетті құралдардың бәрі бар екенін, баға тұрақтылығын басты назарда ұстайтынын айтқан еді. Бірақ сәуір айының қорытындысы бо­йынша инфляция 12 пайыздан 13,2 пайызға, азық-түлік бағасы бірден 2,5 пайызға көтеріліп, Ұлттық банк пен Үкіметті жоспарынан біраз жаңылдырғандай болды. Алайда, Үкімет бірқатар шұғыл әрі тиімді шаралар қабылдап, бағаның бағынбай кетуіне жол бермей отыр. Бірақ нарық бағасын күштеп ұстап тұруымен келіспейтін сарапшылар да бар. Олардың ойынша, «кейінге қалдырылған инфляцияның» зияны да аз емес...

«Кейінге қалдырылған инфляцияның» зардабы қандай?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Экономистер инфляцияны тізгін­деп, экономика өсімін де қатар ұстап отыру Ұлттық банк пен Үкіметке қиын­­ға соғып тұрғанын айтады. Бел­гі­лі экономист Алмас Чукиннің пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша, инфляцияның биылғы шекті межесі – 10 пайыздық көрсеткішті ұстап тұру елімізге оңай болмай тұр. Жылдың алғашқы тоқсанында оның деңгейі 12 пайыздан асып кететіні белгілі болды. Ал былтырғы ресми көрсеткіш – 8,7 пайыз. Демек 2021 жылдан бері қал­та­мыздағы қаржы 1,5 пайызға жұқа­рып қалды деген сөз.

«Инфляцияны қолдан тежей­тін мүм­кіндік аз. Ұлттық банк пен Үкіметтің қаржы-несие саясаты бір-бірімен ымыраласа жұмыс істе­­мейді. Үкімет министрліктер мен әкімдер арқылы қаржыны жұм­­сау­­дың тетіктерін іздейді. Ал Ұлт­­тық банк болса, баға мен тең­генің тұрақ­ты­лы­ғына жауап береді. Сәуір айының қоры­тын­дысы бойынша Ұлттық банк валюта нарығында интервенция жүр­гізбегенін айтты. Бірақ алтын-ва­люта қорының кемігені өткен ай­да белгілі болды. Шынында, Ұлт­тық банктің валюта қорынан ал­тын сатып алу немесе
са­туын ин­тер­венция деп қабылдау қажет», дейді А.Чукин.

Сарапшылар Қазақстан­ның ғана емес, ЕАЭО елде­рі­нің нарығы да қыспақта қалып қойғанын айтып жатыр. Инфляцияның шекті дәліз­ден асып кетуінің бір­ден-бір себебі де осы. Санкциялар салдарынан ЕАЭО-ға мүше елдердің ұлт­­тық валюталары құнсызданып, баға аспандап кетті. Мысалы, наурыз айын­да тұтыну бағасы 12 пайызға өскен кезде Үкі­мет дағдарысқа қарсы жос­­­парды бе­кіт­ті. Одан соң кәсіп­­кер­­­лер­дің ұсынысымен дағда­рыс­қа қарсы ша­­ралармен ай­налысатын шұғыл топ құ­рылып, Ресейге қарсы санк­­ция­ның Қазақстанға әсерін әл­сі­ре­ту керек деген шешім қабыл­дан­ды.

2021 жылдың екінші жар­тысында коммуналдық төлем, ақылы қызмет көр­сетудің басқа салаларында да баға­ның айтарлықтай өскені бай­қал­ды. Сарапшылар сол кезде мұ­ның кері әсері 2022 жылы да жал­ға­сатынын айт­қан. Биылғы инфляцияны шикізат бағасының өсуі мен теңгенің әлсіреуі жеделдетіп жіберді. Экономист Мұрат Темірхановтың айтуын­ша, инфляцияны белгі­лен­­­ген дә­лізде ұстап тұру үшін қосымша шара­лар қабылдануы мүмкін: Үкі­мет қолға алуы мүмкін ша­ра­лар­­дың қа­­тарына отан­дық тауар өндіру­ші­­лер­ді жеңілдікпен қаржы­лан­­ды­ру бағдарламалары да қабыл­дануы мүмкін. Сарапшы түсіндіріп өткен­дей, Үкімет контрциклдік сая­сат­тың орнына қайтадан циклдік саясат жүр­гі­зіп жатыр. Контр­цикл­дік саясат ке­зінде мұ­най бағасы жоғары болған кезде трансферттер азаюы керек, мұнай бағасы төмен болған кезде транс­­ферттер көбейеді. Ал елімізде бәрі ке­рісінше. Сондықтан қым­бат мұнай инфляцияны көтеріп жібермеу үшін бізге контрциклді бюджет сая­саты керек. «Контрциклдік саясат бойынша мұнай ба­ға­сы қымбат кезде Үкімет мемлекеттік шығындарды шектеп, мұнай долларын Ұлттық қор­ға жіберуге тиіс. Ұлттық қордан мем­­лекеттік бюджетке түсетін транс­ферт­­терді барынша азайту инфля­ция­ның бақылаудан шығып кетуіне жол бермей, экономиканы артық мұ­най долларынан тазартады. Ал мұ­най бағасы төмендеген кезде мұнай қорын эко­номикалық өсуді ынталандыру үшін пайдалану керек», дейді М.Темірханов.

Экономист-сарапшы Үкі­­­меттің инфля­цияны тежеуге бағытталған ше­шім­деріне көңілі толмайтынын жет­кізді. Бағаның қазіргі деңгейіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың әлеуметтік маңызы бар та­уарлар бағасының өсуіне мораторий енгізу туралы бұйрығы да салмақ беріп тұр. Бағаны тұрақтандыру үшін бөлшек сауда желілерімен жарты жылға келісім жасалды. Кесімді мер­зім шілде айында аяқталады. Жа­нар-жағармай бағасының лимиті, ком­муналдық қызмет ақы­сын өсі­ру­­ге алты ай мораторий, тіпті баға­ны тұ­рақ­­тандыру үшін берілген суб­си­дия­ның бәрі нарық заңына қай­шы. Мұны нарық тілінде «кейінге қал­дыр­ған инфляция» деп айтады.

«Экономиканың өз заңы бар. Эко­­­номиканың өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі шек­теулі болса, бізге сырт­тан да, іштен де қысым кө­бе­йіп, Үкі­­мет пен Ұлттық банктің мін­деті тек қана «өрт сөн­дірушінің» қызме­ті­мен шектеліп қалуы мүмкін», деп сөзін түйіндеді сарапшы.

 

АЛМАТЫ