Уранды бейбіт мақсатта пайдаланудың жолы көп
Әлем елдерінің көпшілігі энергетикалық емес бағытта, яғни ауыл шаруашылығы, медицина, өнеркәсіпте ядролық өнімдер мен радиоизотоптарды пайдаланудың озық жетістіктерін игеруде. Қазақстанда ядролық технологиялар ғылымын дамыту осыдан 65 жыл бұрын академиктер Қаныш Сәтбаев, Жабағы Тәкiбаев негізін қалаған Ядролық физика институтының тарихынан бастау алады.
Әлемдік дәрежедегі институт үдесінен шығу мақсатында қолданбалы және іргелі ғылыми жобаларды жүзеге асырып отырған институттың заманауи өнімдері еліміз ғана емес, шетел нарығында да зор сұранысқа ие. Бас директор, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚазҰЖҒА академигі Саябек Сахиев кешенді зерттеулермен таныстырып, институт мамандары бүгінде Массачусетс технологиялық университетімен алғашқылардың бірі болып әріптестікке қол жеткізгенін атап өтті.
Оның айтуынша, 1956 жылы Швейцарияда құрылымданған Еуропа елдері мен Америка, Канада сияқты 24 мемлекеттің басын біріктіретін Еуропалық ядролық зерттеулер орталығымен (CERN), Ресейдің Дубна қаласында орналасқан Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ғылыми-техникалық ықпалдастық жобаларына қатысып келеді екен. Біріккен ядролық зерттеулер институтында бүгінде нақты саны 104 қазақстандық ғалым ядролық физика ғылымындағы заманауи жаңалықтарды игеріп, тәжірибе жинақтауда. Ал институт мамандары Мюнхен техникалық университеті (Германия), Лауэ-Ланжевен (Франция), Пауль Шеррер институттары (Швейцария) сияқты әлемнің ірі нейтронды орталықтарымен бірлесіп, нысанды бүлдірмей бақылау мен ішкі құрылысын зерттеу әдісін ғылымда да, инженерлік бағытта да тиімді қолданып келеді.
Ядролық физика институты аумағында 2016 жылдан бастап азайтылған уранды пайдалану мақсатында жаңартылған реактор жұмыс істейді. Ядролық физика – басымдығы жоғары сала екенін назарға алсақ, сарапшылар уран өндіруден әлем бойынша алғашқы орында тұрған Қазақстан шикізатын шетелге жібермей, ел игілігіне пайдаланса, одан алынатын энергия көзі адамзат өмірінің барлық саласында пайдаға асатынын айтады.
Ғылымдағы жаңалықтарымен ерекшеленетін елдермен қатар қазақстандық ғалымдардың ядролық физика саласындағы жетістіктеріне Clarivate Analytics жарияланымдарындағы көрсеткіштер айғақ. Институтта материалтану, ядролық технологиялар, геофизика, археология, палеонтология саласында қолданылатын нейтронды радиография және томография қондырғысы қолданыста. Мысалы, ғалымдардың жылдар бойғы ізденісінің нәтижесі іске асқан – нейтронды әдістің рентген радиографиясы мен томографиясынан айырмашылығы қатты денелерді түбегейлі зерттеуімен байланысты. Нейтронды радиография археологиялық зерттеулер мақсатында, яғни 3D моделі арқылы археология саласында соңғы жаңалықтарды игеруге болады. Ядролық физиканы құрылыс саласында да жетілдіруге мүмкіндік зор. Ауыл шаруашылығында зиянкестерді, арамшөптерді жоятын технологиялар да осы ғылымның жетістігі. Институттың жасыл энергияны дамытудағы жетістіктері өз алдына бір бөлек.
Экологиядағы радиоактивті изотоптардың белсенділігі зерттелуде
Институттағы Кешенді экологиялық зерттеулер орталығы мамандары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында радиоактивті изотоптардың белсенділігін талдаумен, зерттеумен айналысады. Орталық директоры Виктор Глущенко кейінгі жылдары іске аса бастаған элементтік және микроэлементтік талдау барысымен таныстырды. Мұнда әртүрлі радиохимиялық әдістерге және альфа-бета-гамма-спектрометрияға негізделген радионуклидтік талдау әдістері нәтижесін беріп келеді. Аналитикалық тәсілдер археология, медицина, биология саласында қолданылса, негізгі зерттеулер металлургияда, геологияда, сонымен бірге экология және радиоэкологияда – өнеркәсіптік аймақтардағы және ядролық сынақ полигондарын бақылауда тиімді қолданылуда. Соңғы он жылда бұл орталық еліміздегі радиациялық қауіпті объектілердің радиоэкологиялық тәуекелін төмендету мақсатында қоршаған ортаның радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін технологияларды әзірлеумен айналысуда.
Қатерлі ісік ауруларын емдеу мен ерте диагностикалаудағы радиофармпрепараттар
Әлемде медициналық және өнеркәсіптік мақсаттағы радиоизотоптарды өндірумен байланысты радиациялық технологияларды қолдануға қажеттілік артып келеді. Радиофармпрепараттарды пайдалану әртүрлі ауруды ерте кезеңдерде диагностикалауға мүмкіндік береді. Осы мәселені шешу және импортқа тәуелділікті еңсеру үшін Ядролық физика институты мамандары кейінгі бірнеше жылда аса маңызды медициналық изотоптар мен радиофармпрепараттар технологияларын әзірледі. Осы орайда Радио-химия және изотоптар өндірісі ғылыми-техникалық орталығының жетекшісі Андрей Гурин шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі өндіріс барысымен таныстырды. GMP сертификатына ие орталықта радиоизотоптар, яғни диагностика мен терапияға арналған сертификатталған төрт дәрілік препарат өндірісі жолға қойылған. Өнеркәсіптік изотоптар Ресей, Германия нарығына экспортталады. Жапониямен де бірлескен жобалар бар. Ядролық физика институтының келешегі денсаулық сақтау саласындағы инновациялық әлеуетті, диагностикалық және терапиялық процедураларды жетілдіру бағдарламаларын, жаңа дәрілік заттарды өндіру және дамытумен байланысты. Бүгінде институт өндірген радиофармпрепараттар қатерлі ісік ауруларын диагностикалау және емдеуде тиімді қолданылып келеді.
Азық-түлік пен медициналық бұйымдарды радиоактивті сәулелер арқылы залалсыздандыру
Жылдамдату технологиялар басқармасы бастығының орынбасары Игорь Данько қолданыстағы үдеткіш қондырғылар көмегімен радиациялық технологияларды денсаулық сақтау, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, білім және ғылым тауарлары мен қызметтерде пайдалануға болатындығын атап өтті. Мұндағы электронды үдеткіштер медициналық бұйымдарды, яғни бір рет қолданылатын шприц, катетер, таңғыш, мақта, хирургиялық қолғап, пластик бөтелке, нәрестелерге арналған бір реткі майлық, т.б. бұйымдарды радиациялық өңдеуден өткізеді. Осы орайда институт базасында өндірілетін медициналық, косметикалық аппликациялардың соңғы он жылдан астам уақытта ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие екендігін атап өтуге болады. «Ядролық физика институты» өндіретін Aqua dress медициналық-косметикалық мақсаттағы стерильді гидрогельді таңғыштар жараны зарарсыздандырып, инфекция түсуден қорғайтын болса, теріге арналған шунгитті маскалардың да бет күтімі үшін пайдасы зор. Бұл бағыттағы өндірістің жылдық қуаттылығы миллион дананы құрайды.
Бүгінде радиациялық өңдеу әдісі әлемнің көптеген елінде ұзақ уақыт бойы қолданылып келеді. Мысалы, Үндістан, Қытай, Еуропаның бірқатар елінде радиациялау тиімді іске асуда. Осы орайда әлемде су тапшылығы, судан тарайтын аурулар бар екенін қаперге алсақ, сәулеленген суда болатын химиялық реакциялар зиянды органикалық заттардың, соның ішінде зиянды микроорганизмдерді жоюға әсері жоғары. Нәтижесінде, судың түсі өзгереді, дәмі жақсарып, ең бастысы, су дезинфекцияланады. Сонымен қатар радиациялық өңдеу озондалуға қарағанда арзанырақ келеді, хлорлаумен салыстырғанда суда улы заттар қалмайды. Адамзат үшін тағы бір өзекті мәселе – азық-түлік тапшылығы. Ал оның өміршеңдігі үшін химиялықтан гөрі, радиациялық залалсыздандырудың пайдасы зор. Әзірге бұл әдіс елімізде тәжірибе күйінде қалып, кең қолданыс таппай отыр. Мамандар таяу келешекте осы саладағы заңнамалық құжаттар жүйеленетін болса, оның ел экономикасына тигізетін пайдасы ұшан-теңіз екенін айтады.
Бүгінде институт ғалымдары ғылыми ықпалдастықты нығайту мақсатындағы оқу орындарымен байланысты күшейтіп келеді. Ядролық физикадағы тың жаңалықтар отандық ғылымның дамуына ғана емес, табыс тауып, Қазақстан ғылымын әлемдік кеңістікте насихаттауға зор мүмкіндік береді. Сондықтан да ғылымға жастардың көптеп келуіне мүмкіндік жасау тың жаңалықтардың өрістеуіне, ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалануға кеңінен жол ашатыны анық.
АЛМАТЫ