“Мен айтысты Әселхан арқылы жақсы көріп кеттім. Бүгінгінің ақын Сарасы осындай-ақ болсын...” Фариза апай, ақын Фариза Оңғарсынова өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында халқымыздың баға жетпес мұрасы – айтысты бір биікке көтеріп тастаған сіңлісі туралы осылай депті.
Айтыскер ақын Маржан Есжанова Әселхан әпкесін “Айтыстағы қыздардың генералы” деп жырға қосты. “Өсер елдің балалары бірін-бірі батыр дейді” дейтін осы шығар.
Оңтүстікте Әселханның мерейтойына үзеңгілес серіктері Қостанайдан Әсия Беркенова, Атыраудан Жәниба Қарасаева, Астанадан Қонысбай Әбілев, Шығыс Қазақстаннан Абаш Кәкенов бастаған ақындар келді.
С.Сейфуллин атындағы “Достық” үйінің залында тыңдағанды да, тыңдамағанды да арманда қалдырып айтыс өтсе, Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында салтанатты кеш шарықтады.
Оңтүстікте Ергөбек Құттыбайұлындай айтулы ақын болған.
Қашқанға қуып жететін,
Құмайдың барын ұмытпа.
Асықпай үкім ететін,
Құдайдың барын ұмытпа, – деп өткен Ергөбек Әселханның атасы. Қай тойын жасаса да Әселхан ұлы атасына құран бағыштап барып бастайды. Бұл жолы да сол үрдіс бұзылмаған.
Оңтүстіктегі оңды істердің басында жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов құттықтау сөзінде сіз тәуелсіздіктің тұғыры мықты болуына халық ақыны ретінде үлкен үлес қостыңыз, ұрпақ тәрбиеледіңіз деді. Әкімі ақынын іздеген жұрт бақытты дейді. Мерейтойға арнайы келген облыс басшысы ақынға автокөлік сыйға тартты.
Сенатор Қуаныш Айтаханов Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беріп, ақын шығармашылығына өзінің үлкен құрметпен қарайтынын жеткізді. Астанадан Дархан Мыңбай інісі құттықтау хат жіберіпті. Әселханның “Түлкібастың алма ағаштары балағына дейін гүлдейді” деген сөзінің ауданда қанатты сөзге айналып кеткенін де сүйсініп жазыпты өнер табыстырған інісі.
Қостанайдың ақиық қызы Әсия Беркенова бастаған ақындар шығып, осыдан он бес-жиырма жыл бұрынғы айтыстағы қызықты сәттерді әңгімеледі.
Қадыр Мырза Әлінің ақын қарындасының шығармашылығы туралы айтқан ойлы пікірі, жазушы Мархабат Байғұттың әзілге сүйей отырып биік бағалауы жұртқа жағымды әсер қалдырды.
Қазақтың қара сөзінің білгірі Қадыр ағамыз “жорта мақтасаң – сиырға ер салғандай білініп тұрады, тыңдаушыны жирендіреді, ал иесіне лайық шын мақтау адамның мәртебесін өсіреді” деп еді.
Әселхан қазір айтысқа түспесе де Оңтүстіктің ақын қыз-жігіттеріне ұстаздығын жалғастырып келеді. Салтанатты кешті жүргізіп отырған Көпен Әмірбек аквариумда өскен балықтарды сынап көрмекке теңізге жібергенде олардың екі метр әрі, екі метр бері жүзіп, ашық теңізге шықпай қойғанын мысалға келтірген. Балық болып жаралғалы көргені тар аквариум болған соң өрісінің тарылғаны да.
Ергөбектей ақын атасының шығармаларын жаттап өсіп, Көпбайдай ақсақалдан бата алған Әселхан айтыс айдынына Бекарыс Шойбековтей наркескен жігіттерді алып шықты. Баулыды, томағасын сыпырды. Маржан Есжанова, Ақмарал Леубаева, Айнұр Жаппарқұловалардың қолтығынан демеді.
Әселхан жазба ақын ретінде де мықты. Халықта “бір күндігін ойлаған күріш егеді. Онжылдығын ойлаған ағаш егеді. Жүз жылдығын ойлаған адам тәрбиелейді” деген ғибратты нақыл бар.
Айтыстың ақтаңгері болған Әселхан бұл күнде ойлы, мағыналы өлеңінің қуатын имандылықтан тапқан. Қия басқандарды тәубеге шақырып, Абай, Шәкәрім аталарының үлгісімен ізгілікке, адамгершілікке, биік мақсаттарға баулу үшін жыр жазып жүр.
Ақынның салтанатты кеші шығармашылығымен астасып, жұртқа тағылым алардай көңіл-күй сыйлады.
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.