Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде “Болон процесіндегі академиялық ұтқырлық” деген атпен халықаралық жиын өтті.
Халықаралық семинарды Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырып, оның жұмысына аталған министрліктің, Ұлттық аккредитациялау орталығының, квалификация тағайындау жөніндегі республикалық ғылыми-әдістемелік орталықтың және шетелдік оқу орындарының ректорлары мен оқытушылары қатысып, саладағы беделді қадр даярлау мен білім сапасының жоғары стандарттарына жету жөніндегі ойлары мен тәжірибелерін ортаға салды.
Пленарлық мәжілістегі “Академиялық ұтқырлық жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды факторы” деген тақырыпта баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Болон процесіне қатысушы елдердің қатарына қабылдану еліміз үшін маңызды шара екендігіне баса назар аударды.
Білім саласының мамандары бас қосқан жиында облыс әкімі Серік Үмбетов сөз сөйлеп, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Жалпы жоғары білім сапасын арттыруға және еліміздегі оқу орны түлектерінің халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін дамытуға септігін тигізетін ұлы Хартияға қол қойған білім ордаларының қатарына Жетісу мемлекеттік университетінің қосылуы да айтулы қуаныш десек, осы оқу орнының ректоры Әбдіманап Бектұрғанов әлемдік білім кеңістігіне жол ашатын Болон декларациясы ұжымға зор міндеттер жүктейтіндігін атап өтті. Бұл қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына академиялық ұтқырлықты одан әрі дамытудағы ұйымдастырушылық кеңес беру мен қолдауға бағытталғандығын ортаға салды.
Жиын жұмысына университеттер Ұлы хартиясы обсерваториясының бас хатшысы Бастиан Бауманн (Италия), Еуропалық студенттер одағы комитетінің үйлестірушісі Берт Ванденкенделарэ (Бельгия), АСQUІN аккредитациялау агенттігінің төрағасы Циммерман Герд Карл Вальтер, АСQUІN аккредитациялау агенттігінің менеджерлері Магдалена Либ және Барбара Райтмайер, сауда палатасының төрағасы Фельнер Харальд Карл (Германия), Болон университетінің профессоры Массимо Бианки, Батыс Англия университетінің халықаралық даму жөніндегі үйлестірушісі Алекс Грин, Батыс Англия университетінің профессоры Олена Дорен, Батыс Англия университетінің қолданбалы ғылымының жетекшісі Питер Спенсер Филипс (Ұлыбритания), Сібір Федералды университетінің еуропалық бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Л.Майорова (Ресей) атсалысып, бүгінгі жаһандану кезіндегі жоғары кәсіби білім деңгейін көтеру жөніндегі тәжірибелерімен бөлісіп, мақсат-мүдделерін анықтады.
Үш күнге созылған мәслихатқа қатысқан қазақстандық және шетелдік ғалымдар бәсекеге қабілетті білім берудің әлемдік әдіс-тәсілін қарастырып, тәжірибелерімен бөлісті.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.