Әлем • 26 Мамыр, 2022

АҚШ: Қару қолдануда саясат жоқ

464 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Неліктен алпауыт Америка жаппай атысты тоқтата алмай отыр? АҚШ-та жыл сайын жүздеген оқ ату оқиғасының болатынына қарамастан, Конгресс қаруды бақылау туралы заңды қатаңдату жобасын қабылдай алмай отыр. Бірнеше рет оқталғанымен, нәтижесіз. Мұның себебі неде?

АҚШ: Қару қолдануда саясат жоқ

Техас штатының Увальде қа­ла­сын­дағы Робб мектебінде бол­ған атыс АҚШ-та суық қаруға қол жеткізу мәселесін қайтадан талқыға салуға түрткі болды. Бү­гінде атыс құрбаны болу амери­калықтар өмірінің «ажырамас бө­лігіне» айналғандай. «1968-2017 жыл­дар аралығында 1,5 млн адам атыс кезінде көз жұмған, бұл 1775 жылы АҚШ тәуелсіздігі үшін кү­ресе жүріп қаза тапқан сарбаздар санынан әлдеқайда көп», дейді сарапшылар. 2020 жылдың өзінде ғана 45 мыңнан астам америка­лық (қасақана кісі өлтіру немесе өзін-өзі өлтіру) суық қарудан қаза тапқан.

«Алайда осындай ауыр ста­тистика­лық мәліметтерге қара­мастан, Конгресс қаруды бақылау туралы заңнаманы бірнеше рет қабылдай алмады. Жалпы, АҚШ-та қаруды қатаң бақылау туралы заңдар қабылдауға кедергілер көп», деп мәлімдеді тәуелсіз сарапшылар. «Өйткені бұл – саяси мәселе. Қару қолданушылар өздерінің Конституцияда рұқсат берілген құқықта­рын алға тартып, қару туралы қатаң заңды қабылдауға кедергі келтіруде», деп түсін­діреді олар.

Осы жылдың 4 айында Амери­када 213 жаппай оқ ату оқиғасы тіркелген, оның әрбірінде кемінде төрт адам қаза тапқан. Увальде қаласындағы атыстан екі апта бұрын қаруланған тұрғын Буф­фалодағы (Нью-Йорк) азық-түлік дүкеніне оқ жаудырып, 10 адамды жайратып салған болатын. Қаза болғандардың көбі – афро­америкалықтар.

Дүние жүзіндегі жеке қолда­ныс­­тағы қарулардың санын анық­тау қиын болғанымен, швей­­цария­лық жетекші Small Arms Survey зерттеу жобасының мәліметтері 2018 жылы айналымда 390 млн қару болғанын көрсете­ді. Оның басым бөлігі АҚШ халқына тиесілі. Мәселен, ондағы 100 тұрғынға 120,5 қарудан келеді, 2011 жылы 100 адамға шаққанда 88 қару болған еді. Бұл көрсеткіш әлемнің басқа елдері­мен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Соңғы бірне­ше жылда қаруға иелік ету айтар­лық­тай өскен. Биылғы ақпан айында Annals of Internal Medicine журналы қаруға қатысты жаса­ған зерттеуін жария­лады. 2019 жыл­­дың қаңтары мен 2021 жыл­дың сәуірі аралығын­да 7,5 млн аме­рикалық ересек, яғни халықтың 3%-ы қаруды алғаш рет иеленген деп көрсетеді зерттеу нәтижесі. Жал­­пы АҚШ-та қару иелерінің жар­­­­т­ысына жуы­ғы – әйелдер, 40%-ы – қара нәсіл­ді азаматтар мен ис­пандықтар.

Өткен жылы Morning Consult/Politico өткізген сауалдамаға сәй­кес, америка­лықтардың 84 па­йы­зы қару сатып аларда жеке дерек­терінің жіті тексерілуіне қар­­сы емес. Ал Gallup жүргізген сауалдама АҚШ тұрғындары­­ның 52%-ы қаруды қатаң бақылау­ды қолдайтынын көрсетсе, 35%-ы бұ­рынғысынша қалу керек­ті­гін айтқан. Сауалдамаға қатыс­қан­дардың 11 пайызы «заң­дарды шектеуді азайту керек» деді. Өкініштісі, осы аз ғана па­йыз тұрғындардың «тілегі» орындалып, бірқатар штат қаруды қол­­дануға қатысты қабылдан­ған шектеулерді алып тастады. Мы­салы, 2021 жылдың маусым айында Техас штатының губернато­ры Грег Эббот штат тұрғындарына ­лицензиясыз немесе оқытусыз ­атыс қаруын алып жүруге мүмкін­дік беретін заңға қол қойды. ­«Осы заңның «нәтижесі» Увальде­дегі атысқа алып келді», дейді зерт­теу тобының сарапшылары.

АҚШ Конгресіндегі демократтар елдегі жаппай оқ ату санын азайтуға бағытталған қару туралы заңдарды қатайту туралы өзгертулер мен толық­ты­ру­ларын Сенатқа бірнеше рет ұсынған. Атап айтсақ, Конгресс 2013 жылы Коннектикут штаты Ньютаун қаласындағы Сэнди-Хук бастауыш мек­те­біндегі қанды оқиғадан бірнеше ай өткен соң, қару-жарақ қолдануды қатаң ба­қылау туралы заң жобасын қа­былдауға әрекеттенді. Алайда рес­пуб­­ликашылдардың көпшілігі заң жобасына қарсы болғандықтан, заң жобасы Сенаттың қарауына жетпеді. Сенат­қа жеткеннің өзінде де бұл заң жоба­сының қолдау табатынына сарапшылар күмәнмен қарайды. Өйткені демократтардың Сенаттағы саны қажетті 60 дауыс­қа жеткіліксіз. Демократиялық партия өкілі, сенатор Джо Ман­чин де сейсенбіде қаруды бақы­лау туралы заңға түзету енгізуді қолдамайтынын айтты. «Өйткені бұл заңның да нәтижесіз болатыны анық», дейді сарапшылар. Алайда Джо Манчиннің бұл әре­кеті демократтардың қару ту­ралы заңдарды қатайту әре­кет­­терінен бас тартады дегенді біл­­дірмейді. Осы орайда Кон­грес­­тің қаруды бақылауға қатыс­ты әре­кетсіздігін қатты сынаған Сэнди-Хук қауымдастығының өкі­лі, Коннекти­кут штатынан сай­ланған сенатор Крис Мерфи сайлау­шыларға үндеу тастады. «Осы жыл­дың қараша айында өтетін сайлауда реформаға қарсы республикашылдарды күштеп шыға­руға мүмкіндіктеріңіз бар», деп мәлімдеді ол.

АҚШ-тағы Ұлттық атқыштар қауым­дастығы (National Rifle Association) – ең қуатты қару-жа­рақ лоббилік топ саналады. «Оның айтарлық­тай қомақты бюджеті Конгресс мү­шелерінің қару-жарақ саясаты­на қарсы тұруларына жол бермей отыр», дейді әлем сарапшылары.

Ұлттық атқыштар қауымдас­тығы­ның тарихына тоқталсақ, бұл ұйымды 1871 жылы азаматтық соғыстың екі ардагері «ғылыми негізде мылтық атуды насихаттау және ынталандыру» мақ­сатында құрған. NRA-ның саяси лоббиге бағытталған жолы 1934 жылы ол өз мүшелеріне атыс қаруы туралы алдағы заң жобалары туралы ақпарат жібере бастағаннан бас­тау алды. Аталған қа­уым­дастық­ты қаруды бақылау туралы екі негіз­гі заңға – 1934 жылғы «Ұлттық атыс қаруы туралы» (NFA) және 1968 жылғы «Қаруды бақылау туралы» құжаттарға (GCA) қолдау көрсетіп, 1970 жылы GCA қабылданғаннан ке­йін саясатқа араласа бастады. 1975 жылы ­ол жаңадан құ­рылған лоббистік орган – ­Заң шы­ғарушылық әрекет институты ар­­қы­лы саясатқа тікелей әсер етуге тырысты. 1977 жылы қауымдас­тық қаражатын заң шығарушылар­ға бағыттау мақсатында өзінің Саяси әрекет комитетін құрады. Осылайша, заң шығарушылар­ды өзіне бағынышты еткен NRA қа­зір АҚШ-тағы ең қуатты, мүдделі лоббилік топтардың бірі, оның бюджеті Конгресс мүшелеріне қару-жарақ саясатына ықпал ету үшін маңызды. Қауымдастық­тың атқарушы вице-президенті – Уэйн Лапьер. Алайда құқық қорғаушылар қауымдастықты ­ба­­­қы­лауларына алды. Қазіргі уақыт­­та Нью-Йорк пен Вашинг­тон прокурорлары ұйымды та­рату үшін жоғары басшылық қайы­­рым­ды­лық қорындағы ақшаны жеке шығындарға бағыттау ар­­қылы теріс пайдаланды деген айып­таулар тағып, сот ісін жүр­гізуде. NRA болса құқық қор­ғау­шылардың бұл әрекетін «негізсіз, қасақана жа­салған шабуыл» деп сипаттады.

NRA елде қару неғұрлым көп болса, ел соғұрлым қауіпсіз болады деген ұстанымда. Ол АҚШ Конституциясына өзгеріс енгізуге ұсынылған азаматтарға үкімет­тің бақылауынсыз қару алып жүру құқығын беретін екінші түзетулерді қолдап отыр. Сэнди Хукта 2012 жылы болған атысты Лапьер «мектепте қарулы күзетшілердің жоқтығынан адамдар қаза тапты» деп айтқан еді. «Осыдан кейін ол сынға ұшырап, құқық қорғау органдарының ізіне түсуіне себеп болды» деп жазады сарапшылар. Ол жалпы қаруға иелік етуді шектейтін жергілік­ті, штаттық және федералдық заң­­дар­дың көпшілігіне үзілді-кесілді қарсы. Мысалы, ол поли­ция тәр­кіле­ген мылтықтар­ды қай­та сатуды қолдап, «қаруды жою – оларды ысырап ету» деп мәлімдеді.

Қауымдастықтың бюджетін саралайтын болсақ, ұйым қару-жарақ саясатына әсер ету үшін жылына шамамен 3 млн доллар жұмсайды. Мәселен, 2014 жылы оның лоббиге жұмсаған сомасы 3,3 млн долларды құраған. «Осы уақытқа дейін осы мақсатқа жыл сайын тұрақты қаржы бөліп, оны ресми түрде жариялап келеді», дейді сарапшылар. Сонымен қатар, сарапшылар NRA өзінің саяси белсенді мүшелері арқылы айтарлықтай ықпалға ие екенін атап көрсетеді. Ұйымды жақтаушылар қатарын­да жоғары лауазымды тұлғалар бар, соның ішінде АҚШ-тың бұ­рын­ғы президенті үлкен Джордж Буш, бұрынғы вице-президентке үміткер Сара Пэйлин және кино актерлері Том Селлек пен Вупи Голдберг болды. Ал актер Чарл­тон Хестон 1998-2003 жылдар ара­лығында NRA президенті қызметін атқарды.

P.S. АҚШ Педиатрия академиясы 2021 жылы жариялаған жеке зерттеуінде пандемия кезінде балалар мен жасөспірімдердің қару қолдану көрсеткішінің және олар тарапынан жасалатын қылмыстың өскенін айтады. Қолына қару алып, мектеп оқушыларына ашық оқ жаудырған күдікті жасөспірімдердің барлығы дерлік оқиға орнында полицияның қарсы бағытталған оғынан қаза табады. Америкалық құқық қорғаушылар бейбіт халыққа оқ жаудырғандарды осылай жазалайтын секілді...