Ахмет Байтұрсынұлы • 01 Маусым, 2022

Ахаң ұстаған таяқ

779 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы ұстаған таяқ қазір Қостанай өңірлік университетіндегі Ахмет Байтұрсын­ұлы музейінде тұр. Ахаңның алақанының ыстық табы қалған тарихи дүниенің таяқ түгілі бас қайғы аласапыран замандардан қалай жоғалып кетпегеніне қайран қаласың. Бүгінде университет ауласындағы жеке ғимараттың бір бөлмесіне орналасқан музей 1998 жылы Ахаңның 125 жылдығына орай ашылған.

Ахаң ұстаған таяқ

– Бізде ұлт ұстазының ғылыми ең­бектері, өмірі мен қызметіне қатысты бір­сыпыра тарихи құжаттар бар. Бірақ өкі­ніш­ке қарай, Ахаңның өзі тұтынған жал­ғыз экспонат осы қолтаяқ қана. Қазіргілердей емес, бұл таяқтың әжеп­тәуір салмағы бар. Яғни жай ағаштан жасалмаған, – дейді музей меңгерушісі, профессор Қалқаман Жақып.

Қалқаман ағадан рұқсат сұрап, сыры кетсе де, сыны кете қоймаған жұмыр таяқ­ты біз де ұстап көрдік. Тұтқадан тө­мен қарай тізеге дейін әр жерінен өрнек­теліп күміспен күптеліпті. Ескі өрнектердің ішіндегі ең үлкені сұлудың сүйрік саусағына қонған төрт көз сақинаға ұқсап таяққа ерекше сән беріп тұр. Үш жерден салынған үлкен күміс төрткөз оюдың арасы торкөзделіп, одан кейін масақ пен арбаның ағаш доң­ғалағына ұқсайтын жалғыз көз өрнек салынған. Бәрі күмістен. Кейбір масақ мұртшалары түсіп қалыпты. Таяқ­тың табанына бұрын резеңке киілген сияқ­ты, көрер-көрінбес болып көмескі ізі тұр. Менің бойым шамамен 175-176 см болады. Таянып көріп едім, шын­тағымды жаза алмадым. Таяқ ұзын екен. Білетіндердің айтуынша, қолтаяқ ұстауға ыңғайлы болу үшін тұтқасы шалбардың қалтасынан асып кетпеу керек екен. Ахаң ұстаған таяқ менің кәстөмімнің қалтасына дейін жетіп тұр. Қолымызда метр болмады, сонда да бір ақ қағаз тауып, өлшеп, кейін метрге салып таяқтың ұзындығын есептеп шыға­рып көріп едік, 97 см шықты. Оған түсіп қалған резеңке табанды қос­сақ, кем дегенде тағы 1 см қосылады. Осы­дан кейін бұл таяқты ұстаған Ахаң­ның бойы екі метрге жетеқабыл бол­ған шығар деп жорамалдадық. Таяқ, Қал­қа­ман ағай айтқандай, салмақты екен. Сілтей тастаған сайын салмағы ілгері тартып, адамды алға жетелеп отыратындай.

Күміспен күптелген тарихи жәдігерді кезіндегі Аманкелді ауданының тұрғы­ны, бүгінде Қостанай қаласында тұра­тын зейнеткер Зәбира Кәрімова әкеліп тапсырыпты. Бір қызығы, Зәбира апай Ахаңнан ең соңғы рет жауап алған тер­геу­ші Хамза Нұржановтың келіні, тер­геу­шінің ұлы Жомарт Нұржановтың өмірлік серігі. Қанша уақыт өтсе де, ұлт ұстазы мен тергеушінің арасындағы тыл­сым байланыстың үзілмегеніне таңғаласың.

– 1998 жылдың жазында біздің үйге Жақсылық Жүнісов деген журналист ағамыз соқты. Арқалыққа кетіп бара жатқан беті екен. Үйде түстеніп, шай үстінде жолдасым Жомарт екеуі әңгімелесіп отырды. Әңгіме ауаны Тор­ғай топырағынан түлеген ұлы тұлға­ларға ойысып, бір уақытта Ахаң туралы сөз қозғалды. Сөйтіп отырғанда: «Аға, біздің үйде Ахаң ұстаған таяқ бар», деп қалдық. Ол кісі бірден «Ойбай, жандарым, алып келіңдерші, көрейін», деді. Таяқты ақ шүберекке әдемілеп орап, сандыққа салып қойғанмын. Әкеліп беріп едім, «Ой, айналайын-ай!», деп таяқты қайта-қайта сүйіп, маңдайына басып, айналдырып ұзақ қарап отырды. Осы оқиғадан кейін күздігүні облыстық «Қостанай таңы» газетіне Жақсылық ағайдың таяқ туралы мақаласы шықты. Содан кейін-ақ жұрттың бәрі айнала сұрай бастады. Қостанай мемлекеттік университетінің сол кездегі ректоры Зұлқарнай Алдамжар Ахмет Байтұр­сынұлының музейін ашып жатыр екен. Бізге адамдарын жіберді. Журналистер келіп видеокамераға түсіріп кетті. Зұл­қар­най ағай сол кездегі аудан әкімі Жомарт Түбекбаевқа, одан Ғазиз қа­жы Әмірханұлы ағайға айтып, сол кісі­лер арқылы сұратты. Ғазиз ағай үйге келіп: «Қалқам, беріңдер таяқты. Үйде ұстамаңдар. Музейде тұрса, ел көреді, мынау өсіп келе жатқан жеткіншектер көрсін», – деді. Сосын өз қолымызбен әкеліп музейдің сол кездегі директоры Ләззат Ғазизқызына тапсырдық, – деді Зәбира Кәрімқызы.

Таяқтың Нұржановтар отбасына келу тарихы да қызық. Зәбира апайдың әкесі Иманқұлдың Кәрімі – Торғай өңіріне әйгілі қолы дуалы емші болған кісі. Үлкен кісілердің бір-бірімен жиі араласып тұратын кезі. Кәрім ақсақал бірде Торғайға барып, мерген руының ішіндегі Махмұт деген кісіге сәлем бере барады. Екеуі ел амандығын білісіп, әңгімелесіп отырғанда емшінің көзі үй иесінің жанында жатқан ерекше таяққа түседі. Қызығып әрі-бері ұстап отырады да «Мынау таяғың жақсы екен, маған берсеңші» деп қолқа салады. Махмұт қария не берем, не бермеймін демепті, қонағын үнсіз шығарып салыпты.

– Бірнеше жылдан кейін әкем Тор­ғай­ға тағы барады. Баяғы таяқ ойында жоқ, әдеттегідей замандасының көңілін сұрап, Махмұт қарияның үйіне түседі. Сонда досы: «Кәрім-ай, өткенде сен осы таяқты сұрап едің. Мен үндемей қалып едім. Осы жолы берейін, бірақ мұның өз тарихы бар. Мен енді бұл таяқты Торғайда кім ұстайды? Кім бар бұған лайықты? – деп ұзақ ойландым. Ақыры саған келіп тірелдім. Осы таяқты саған аманаттайын. Бұл Ахаңдай әулиеден қалған бағасыз дүние» деген екен. Ахаң елге соңғы рет келген сапарында Мерген Сейдахмет деген кісіге осы таяқты сыйлапты. Беріп тұрып: «Мен осыдан кейін келемін бе, келмеймін бе, ол жағын бір Алла ғана біледі? Мынаны көзімдей көріп ұстап жүр» депті. Ол кісіні Жақсылық Жүнісов ағай Ахаңның досы деп жазады, бірақ мен күйеу баласы деп естігенмін. Содан таяқ біраз уақыт Сейдахметте болады. Сейдахмет ақсақал өмірден өтер алдында өзінің аталас інісі Махмұтқа беріп кеткен ғой. Біз ол кезде мектепте жүрген баламыз. Таяқ үйде ілініп тұратын. Кейде, «Әке, мына таяқты неге ұстамайсың?», деп сұраймыз. «Шырағым, бұл бір үлкен кісінің, ұлы адамның таяғы», дей­­тін. Бірақ кейде қонаққа, той-то­ма­­лақ­қа ұстап баратын. Ақкөл, Ақ­құм, Айырқұм, Қызыләскер – бәрі біте қайнасып жатқан ел ғой. Әкемді сол жақтағы бүгінде 60-70 жастан асқан кісілер жақсы біледі. Әкем 1991 жылы қарашада дүние салды. Содан біраз жыл өтіп кеткен соң, төркіндеп ауылға барғанымда шешем: «Қызым, осы таяқты сендерге берейін. Әкең сені ерекше жақсы көретін еді. Оның үстіне, жаңа үйге кіріп жатырсыңдар, сол үйді ұлы адамның аруағы желеп-жебеп жүрсін. Үйіңде сақтап қой», деп таяқты ұстатты. Ол таяқтың біздің үйге келу тарихы осындай, – деді Зәбира Кәрімқызы.

Ал енді Ахаң таяғын сыйлаған Сей­дахмет деген кісі кім? 2014 жылы жарық көрген «Торғай елі» энциклопедиясында Сейіт Кенжеахметұлы Сейдахмет туралы: «Байсейітұлы Сейдахмет 1879 жылы бұрынғы Торғай оязы, Шұбалаң болысында дүниеге келген. Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі бас­шы­ларының бірі. Торғайдағы Ыбы­рай Алтынсарин мектебінде білім алған. Амангелді Имановпен бірге қуғын­далып, патша өкіметіне қарсылық көрсет­кені үшін сотталып, 1908–1911 жыл­дары түрмеде отырған. Көтеріліске алғаш­қылардың бірі болып қосылып, Шұбалаң болысының сарбаздарын бас­қар­ды. 1919-1921 жылдары далалық өлке­нің әскери комиссары Әліби Жан­гел­диннің интернационалдық жасағын­да болған. 1929 жылы Кеңес өкіметіне қарсы қозғалысқа қатысқаны үшін сотталып, түрмеде отырған. Өмірінің соңғы кезеңінде туған ауылында әртүрлі жұ­­мыс­тар атқарды», деген мағлұмат береді.

Сейдахмет Байсейітұлының ұрпағы, облыстық журналист Қабылахат Сей­дахметтің айтуынша, ұлт ұстазы­ның ағасы Қали Байтұрсынұлы 1924 жылы өмірден өткен. Асы 1925 жылы берілді.

– Менің естігенім, Ахаң ағасының жылына мінәйі бір себептермен келіп қатыса алмаса керек. 1926 жылы жаз шыға келеді. Торғайдан 20 шақырымдай жердегі Ақмырза арқылы өтіпті. Сол жолы қоштасарда таяғын көзімдей көріп жүр деп Қалидың күйеу баласы Байсейіттің Сейдахметіне – менің атама ұстатыпты. Біздің үйде біраз тұрды. Оның Ахаңның таяғы екенін білген жоқпыз. Шешем Күнжамал Әмірхан­қызы атақты Оспан қожаның немересі. Марқұм таяқты сүртіп, ақ матамен орап, ұстамаңдар бұл әулие адамның таяғы деп сандыққа салып қояды. Үйде аталарымыздан келе жатқан үлкен абдыра сандық болды, соның түбінде жататын. Біз енді көктемде заттарды далаға шығарып кептіргенде, қызық көріп ұстағымыз келеді. Бірақ анам таяқ­ты жоғары жерге жеке қойып, қолда­рыңмен ұстамаңдар деп отыратын. Ахаң алып кісі екен. Ол таяқ менің кеудемнен келетін. Менің әкем Биахмет Сейдахметұлы 1900 жылы дүниеге келген. 76 жыл жасап өмірден өтті. Негізі сол кісінің отбасында Сейдахметтің үлкен ұлының отбасында сақталды. Оны сақтап біздің қолымызға жеткізген адам Күнжамал Әмірханқызы. Кейін ұстаған кісі Ғалиақпар Сейдахметұлы. Мен осы кісінің баласымын, бірақ ағасының бауырында өстім, – деді Қабылахат Сейдахмет.

Ұлт ұстазының күміспен күптелген қол таяғы музейге осылай жеткен. Ғажа­бы сол, асылдың көзіндей болған баға жетпес қымбат жәдігерді Ахаңның әзиз басын ардақ тұтқан елдің есті қариялары ғұмыры жеткенше көздің қарашығындай сақтап, құндақтап сан­дық­тың түбінде ұстап отырған. Ал дәмі таусылып, демі үзілетін күн таяған сәтте ең сенімді адамына аманаттап тапсырып, бүгінгі ұрпаққа дейін аман жеткізген.

 

Қостанай облысы