Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада бұл зұлмат және нәубет жылдарын өткен ғасырда қанды ізі қалған үлкен трагедия деп атады. Ал Қазақстанның «Вайнах» чешен-ингуш қауымдастығының тең төрағасы Юсуф Келигов кеңқолтық қазақ халқының мейірбандығының арқасында өзге халық өкілдерінің тағдырдың сынынан аман өткенін ерекше тебіреніспен айтты.
Еске сала кетсек, кейбір мұрағаттық деректерге қарағанда, Спасск қорымында 50-ден астам ұлт өкілдерінің бес мыңнан астам адамы жерленген екен.
Дәл осы күні Қарағандыдағы Әнет баба атындағы мешіттің жанына Еуропада тұратын қазақтардың ұйымдастыруымен ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылды.
Ер және әйел адамның бас түйістіргенде, төңкерілген қазанды бейнелейтін мүсінінен тұратын композициялық ескерткішті қазіргі уақытта Германияда тұратын Жармұхамбет Тілеген есімді шебер сомдаған екен. Осы үшін мүсінші Қазақстанға келіп, алты айға жуық уақыт тер төгіпті. Таза граниттен соғылған тұғырға қондырылған мүсіннің өзі де граниттен қашалыпты. Оның биіктігі – 1,2 метр.
Жармұхамбет Тілеген бұл ескерткішті орнату идеясы Еуропаның бірқатар елінде тұратын қазақтарға тиесілі екенін айтты.
Ол аталған ескерткіштің бірнеше эскизін жасаған екен. Біршама талқылаудан кейін ескерткіштің осы нұсқасы таңдалыпты.
Еуропадан келген қазақ қауымдастығының өкілі Серік Тұрсын ескерткіш-мүсін орын тепкен жердің кездейсоқ таңдалмағанын айтты. Расында да, мешітте күн сайын дұға бағышталып тұрады. Осы істің басы-қасында жүргендердің мешіт жамағаты аштықтың құрбаны болған ата-бабаларының рухы үшін де дұға еткенін қалаған болса керек.
Ескерткіш-мүсіннің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов осы игілікті іске мұрындық болған еуропалық отандастарымызға алғыс айтты. «Бұл ескерткіш халық жадында сақталып қалған қайғылы заманның символына айналады», деп атап өтті Е.Әліқұлов.
Ескерткіш-мүсін басында іс-шараға қатысушылар ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алысты. Одан кейін тасқа айналған тағзымның белгісіне алқызыл гүл шоқтарын қойды.
Cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ұйымдастырылған айтулы іс-шараның бірі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтті. Оқу орнының қабырғасында ұйымдастырылған ғылыми конференцияда тарихшы ғалымдар аталған тақырыпты әр қырынан алып зерттеген еңбектерін алқалы жиын қонақтарының назарына ұсынды. Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Мустояпованың, профессор, ҚХА мүшесі Вилен Молотов-Лучанскийдің, тарихшы Аяған Бүркітбайдың, Литва тұрғындарының геноцид орталығының директоры, мұрағатшы Арунас Бубнистің, тарихшы-зерттеуші Әділет Жағыпардың мазмұнды баяндамалары конференция жұмысының маңызын арттыра түсті.
Алқалы жиын аясында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» атты кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Ақынның зұлмат жылдардың қасіретін бар бояуымен ашып көрсеткен бұл поэма-реквиемі әлем халықтарының бірнеше тіліне аударылған. Іс-шараға қатысқан бірқатар елдің консулдары мен ресми өкілдері аталған туындыны өз тілдерінде сөйлетуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Осы тұсаукесер рәсімінің барысында «Қара орамал» шығармасының желісі бойынша әйгілі суретші, халықаралық «Атом» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков салған картиналардың көрмесі де іс-шараға қатысушыларды бейжай қалдырмады.
Конференция жұмысының жемісті өтуіне, Ғалым Жайлыбай кітабының жарыққа шығуына, шығарма тұсаукесері мен көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Е.Бөкетов университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков мырзаның сүбелі үлес қосқанын айта кеткен ләзім.
Қарағанды облысы