ҚР СІМ, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігі және KAZAKH INVEST, сондай-ақ Италия сауда агенттігінің қолдауымен ұйымдастырған іс-шара шеңберінде агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, мұнай химиясы, жаңартылатын энергетика, жеңіл өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да секторлардағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Іс-шараны ашқан Италия Республикасының сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Манлио Ди Стефано Италия мен Қазақстанның экономикалық өзара іс-қимылының динамикасын жоғары бағалап, өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық әріптестікті кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде Мұхтар Тілеуберді еліміздің сауда үлесіне шаққанда жалпы көлемнің 9% Италияға тиесілі екенін, және де Италия Қазақстанның үшінші ірі сауда серіктестігі екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанның экономикасына $9 млрд-тан астам инвестиция салған италиялық капиталдың қатысуымен 280-нен астам кәсіпорын жұмыс істеуде.
«Қазақстан ауыл шаруашылығын дамыту әлеуеті бар әлемнің ТОП-5 елінің қатарына кіреді. Осыған байланысты біздің еліміз қажетті ресурстық базаны, өткізу нарықтарына қолжетімділікті және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласында өзара тиімді жобаларды құру және іске қосу кезінде мемлекеттік қолдаудың кең шараларын ұсына алады», деп атап өтті Мұхтар Тілеуберді.
Бұдан басқа италиялық инвестицияларды тарту үшін тағы бір перспективті орын жаңартылатын энергетика саласы болып табылады. Желдің, күннің сапасы және еліміздің үлкен аумақтары Қазақстанды осы секторда көшбасшы ете алады. Сондай-ақ Қазақстан «жасыл» сутегі өндірісінде маңызды рөл атқара алады.
Дөңгелек үстел аясында ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешев Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырып өтті. Ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали өз сөзінде қазіргі уақытта көптеген халықаралық компаниялар Қазақстанды өздерінің өнеркәсіптік кәсіпорындарын оқшаулау үшін алаң ретінде таңдап жатқанын алға тартты.
Италия тарапынан дөңгелек үстел жұмысына «Confindustria» халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Рафаэль Лангелла, «SACE» қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Кристиана Портале және Италия-Қазақстан Сауда палатасының президенті Паоло Гирелли қатысты.
Бұдан басқа іс-шара барысында «Bonatti» (мұнай-газ саласы), «Cimolai» (металл конструкциялары), «Eni» (мұнай-газ саласы және ЖЭК), «Neos» (авиатасымалдар), «Petrol Valves Group» (клапан өндірісі), «Renco» (құрылыс) сондай-ақ «Savi Italo» мен «Tre-Bio» (АӨК) сияқты италиялық компаниялардың басшылары сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел жұмысы екіжақты кездесулермен аяқталды. Мұхтар Тілеуберді жаңа жобаларды іске асыру мәселелері бойынша «Same Deutz-Fahr» (ауыл шаруашылығы техникасын өндіру) компаниясының басшысы Альдо Кароцца, «Ansaldo Energie S.p.А» (энергетика) жетекшісі Стефано Сантинелли, «Coldiretti» (агроөндірушілер конфедерациясы) басшысы Луиджи Пио Скордамалья және «Maire Tecnimont» (мұнай химиясы, агрохимия) жетекшісі Алессандро Бернинимен кездесулер өткізілді.
Италия Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2021 жылы Италиядан тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $122,8 млн құрады, біздің елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 2021 жылы $9,6 млрд (экспорт – $8,8 млрд, импорт – $0,8 млрд) құрады.
Айта кетсек, 2022 жылғы маусымнан бастап ашылатын Алматы - Милан бағыты бойынша аптасына 2 рет қатынайтын тікелей рейстер екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын одан әрі дамытуына ықпал етпек.