Жеңіс – 65
Смоленск қаласы маңында қорғаныста тұрған 69-шы дивизияның 237-ші полкы шебіне шабуылмен келе жатқан неміс-фашистері тұмсық тіреді. Жаумен алғаш бетпе-бет келгеніне қарамастан Отан үшін деп жан алып, жан беріскен сұрапыл шайқаста полк кейін шегінбеді. Тас-талқан болған техниканы айтпағанда, таңертең ғана қатар отырып тамақтанған, ұрысқа бірге шыққан жауынгерлердің, өрімдей жап-жас жігіттердің қас-қағым шақта оққа ұшып, жан тәсілім еткенін көзбен көруден артық азап жоқ екенін оны бастан кешкендер жақсы біледі. Дәл сол жолғы жойқын шайқаста 69-шы жаяу атқыштар дивизиясының жауынгері Саттар Шажаев ауыр жарақаттанып, госпитальға түсіп, емделіп шыққаннан соң 65-ші дивизия құрамына жіберілді.
– Бірде барлаушылар взводының командирі жарақаттанғандықтан, оның көмекшісі ретінде полк командирі мені шақырып: “Қайтсеңдер де тірі фрицті штабқа жетелеп әкелесіңдер”, деген шұғыл тапсырма берді. Жауынгерлердің ішінен іріктеп, төрт жігітті ерттім де, майдан шебінен жау тылына өттім. Қорғаныс шебі жақын болғандықтан бас сұғарға жер жоқ. Онда да, мұнда да сапырылысқан жау әскері, содан бас сауғалап қолымыздағы картада көрсетілген батпақтау алаңға қойдық та кеттік,– дейді Саттар Шажаев.
Суға малшынып, жау әскерінің іс-әрекетін тәулік бойы тапжылмай аңдыған барлаушылардың құрығына сол жолы шабақтардың ірілеуі – фельдфебель ілікті. Жауынгерлері аман-сау әрі “тілді” штабқа тірі жеткізген олардың бұл жолғы батыл әрекеті, шын мәнісінде де ержүректік пен қайсарлықтың айқын үлгісі еді. Ал, қан майданда мұндай ерлік әрдайым лайықты бағаланатындығы айтпаса да түсінікті. Полктың барлаушылар взводы командирінің көмекшісі, аға сержант Саттар Шажаев сол жолы І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, оған отыз күндік демалыс жарияланды. Бұл 1944 жыл еді.
Барлаушылар взводы қатарына жіберілгеннен кейін ол соғыс соңына дейінгі уақытта жеті фрицті желкелеп, полк штабына жеткізсе, жансыз ретінде жау тылына үш рет жіберіліп, онда бір жарым айдан астам уақыт болыпты. Төрт жылғы жаумен шайқаста алты рет жараланып, қаны төгілді. Ұлы Жеңісті Кенигсберг түбінде қарсы алған бұлардың қуанышында шек жоқ еді. Ол жерден елге қарай қайтқан соң ат құлағында ойнайтын қазақ баласы Краснодарда тұрған атты әскер полкында нұсқаушы болып қызмет етіп, туған жерге 1945 жылдың қыркүйегінде ғана оралды.
Жиырмадан жаңа асқан аға сержант Саттар Шажаевтың әскери гимнастеркасында сол кездің өзінде “Қызыл Жұлдыз”, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері мен “Ерлігі үшін” медалінің жарқырауы көп нәрседен хабар берсе керек. Бір айта кетерлігі, “Қызыл Жұлдыз” ордені жау тылындағы жансыз ретіндегі тапсырылған жұмысты орындау кезіндегі жанкешті ерлігінің лайықты бағалануы деп түсінген жөн.
Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданының Көктерек поселкесіне қан майданнан аман-сау оралған Сәкең бірден колхоз басқармасы төрағасының орынбасары болды. Еңбек ете жүріп жұмысшы жастар мектебінде орта білім алған ол енді бір мамандықтың тізгінін ұстауды мақсат етіп, Ташкенттегі заң институтына түсті. Дипломды жас жігіт Өзбекстанның бүгінгі Сурхандария облысында қажырлы еңбек етті. Ол жақтан оралған соң Келес өңірінде әртүрлі салада еңбек етті. Өндірістен қол үзбей Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін де тәмамдады.
Бірақ ұстаздық қызметте ұзақ бола алмады. Аупарткомның ұсынуымен “Сарыағаш курорты” бастауыш партия ұйымына хатшы болып сайланды да, осында бас дәрігердің әкімшілік-шаруашылық жұмысы бойынша орынбасарлығына ауысты. Кейіннен өзге де жауапты учаскелерде еңбек ете жүріп, 1984 жылы зейнеткерлікке шықты. Сексеннің жетеуінен асып отырған соғыс және еңбек ардагерінің бүгінде де қоғамдық жұмыстан қол үзбей отырғандығы көңілге қуаныш ұялатады. Ол Сарыағаш ауданындағы Көктерек поселкелік әкімшілігіндегі соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы жұмысын абыроймен атқаруда.
Сәкеңнің зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі негізгі айналысатын, өзі ұнататын ісі – бағбандық болды. Сан түрлі жүзімдермен бірге, ардагер қарттың ауласында жайқалып өскен жеміс ағаштары да өте мол. Өрік, құрма, шабдалы, жаңғақ, анар және де басқа жеміс ағаштарын бағып-күтуге отбасы мүшелері түгелдей өз үлестерін қосуда. Өзінің осынау тіршілігі жайлы майдангер: “Курорт пен қара шаңырақ арасын күніне бір рет ілгері-кейін жаяу жүріп өтпесем ішкен асым бойыма дарымайтындай болады да тұрады” дейді. Ғұмырлық қосағы Ұлбикемен бірге Саттар қарт екі ұл, төрт қыз өсіріп, олардан бүгінде жиырма немере, он екі шөбере сүйді. Ел басына ауыр күн туғанда халқына қорған болған азаматтың асыл арманы орындалғандай. Кең-байтақ елі көркейіп, ұрпағы бейбіт аспан астында өсіп-өніп жатыр. Мынау жарық дүниеде адам үшін одан артық байлық болуы мүмкін бе?
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.
АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ
“Көліктік сервис орталығы” акционерлік қоғамы майдангер қарттарды қамқорлыққа алды
Кешегі екінші дүниежүзілік соғыстан көбірек зардап шеккен елдерде Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі құрметіне майдангер қарттарға толайым тағзым етіліп, кейінгі тағдырлары да сол қанқұйлы алапаттың аждаһа өртінен қалған қасіретті жоюмен өткен ардагерлерге барынша құрмет көрсетілгеніне куә болдық. Қарттарға қайырымдылық көрсету шарасынан тыс қалғысы келмеген сондай ұжымның бірі “Көліктік сервис орталығы” акционерлік қоғамы еді.
Өткен тарихтың алдында бүгінгі ұрпақтың қарызы мен парызы өте көп. Мұны тек мереке тұсындағы науқандық шара ретінде қарастырсақ, тағы қателесеміз. Мәңгілік алауы жас ұрпақтың жүрегіне мейірім отын тұтатар шырпыдай қастерленуі тиіс. Алайда ардагерлердің көзі тірісінде құрметтелгеніне не жетсін! “Көліктік сервис орталығының” президенті Оралхан Райханұлы Астанадағы Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Байболовпен хабарласып, майдангерлерге арнайы ұйымдастырып жатқан ұжымның ұсынысын жеткізді. Қоғамның кеңсесіне жақын маңдағы “Эверест” тұрғын үйінде тұратын Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер қарттардың тізімін алды. Мұнда төрт бірдей майдангер тұратыны мәлім болды. Ардагерлердің екеуінің жасы жүзге таяса, ал екеуі тоқсанды еңсеріп қалған көпті көрген көне көз қариялар екен. Қостанай облысының Аманкелді ауданы, Еңбекші ауылында туған Сағымбай Жылгелдин 1943 жылы Сталинград түбіндегі ауыр шайқаста жау оғынан қатты жараланып, 1944 жылы елге оралса, Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылында туған Ибатолла Аралбаев ақсақал Ленинградты қорғауға қатысқан жауынгердің бірі. Павлодар облысы, Шарбақты ауылының тумасы Төкен Күзембаев Воронеж қаласында бірінші пулеметші болып, талай жауды жер жастандырса, солтүстікқазақстандық Ислам Иманқұлов 1942 жылдың маусымынан бастап Сталинград түбіндегі майданда, кейін Дон, Нарва өзендері жағасында соғысқан. Польша шекарасынан өтер тұста оң қолынан қатты жарақаттанып, Махачкала қаласындағы госпитальда емделіп, елге оралған. Айта берсең, әрқайсысы туралы бір-бір кітап жазуға лайық жандар. “Көліктік сервис орталығы” акционерлік қоғамының вице-президенті Ерлан Сапарбайұлы Күлтөбе 11 көшесі бойында орналасқан “Эверест” тұрғын үй кешенінде осы төрт майдангердің басын қосып, Жеңістің 65 жылдығымен құттықтады. Акционерлік қоғамның кәсіподақ комитеті ардагерлердің әрқайсысына 15 мыңнан ақша бөлді. Арнайы әзірленген салтанатты жиында әр майдангерге ақшалай сыйлықпен бірге себет толы азық-түлік табыс етілді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Қарты қадірлі елдің қалпы қайырымды екенін осындай мезеттер түйіндей түспек.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.