Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Дәл осы күні Жоғарғы Кеңес депутаттары 6 сағатқа созылған отырыс барысында егемен еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Белгілі суретші Шәкен Ниязбековтің жасап шыққан Туы бекітілді. Екі күннен кейін Абай атындағы опера және балет театрында Мемлекеттік рәміздер жұртшылыққа таныстырылды. Ең алғаш көк байрақ Президент резиденциясы мен Жоғарғы Кеңес ғимаратының төбесінде көтерілді.
Осы тұста сәл шегініс жасап, тағы бір оқиғаға тоқталғымыз келіп отыр. Мемлекеттік ту ресми түрде 1992 жылғы 4 маусымда бекітілгенімен, Тәуелсіз Қазақстанның жалауы тұңғыш рет шетелде 1992 жылғы 2 наурызда көтерілді.
1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданып, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Содан кейін БҰҰ штаб-пәтерінде өткен салтанатты рәсімде БҰҰ Бас хатшысының «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілсін», деген сөзінен кейін байрағымыз көкте желбіреді.
«Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін екі күн өткен соң, 1991 жылғы 18 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Нью-Йоркке ұшып кеттім. Мақсат – Қазақстан Республикасының өкілі ретінде еліміз бен БҰҰ арасында байланыс орнату болатын.
1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясынан кейін Қазақстан бірауыздан БҰҰ құрамына қабылданды. Қазақстан халқы атынан отырыста сөз сөйлеу бақыты бұйырды. Осы оқиғадан кейін Президент Жарлығымен Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметіне кірістім», деп еске алады осы сәтті Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова.
Еліміз жаһандық ұйымға қабылданғаннан бері көк Туымыз әлі күнге дейін Нью-Йоркте желбіреп тұр. Көп ұзамай-ақ алдымен Америка Құрама Штаттарында, содан кейін Түркияда, Мажарстанда елшіліктер ашылды. Ресейдегі өкілдік елшілікке айналдырылды. Жалпы, 1992-1993 жылдары еліміздің БҰҰ, Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Бельгия, Венгрия, Иран, Үндістан, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мен Украинадағы елшіліктері мен өкілдіктері жұмысқа кірісті.
Биыл Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 30 жылдығы. Осы уақыт аралығында 180-нен аса мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатылған, шетелдерде көптеген елшілік ашылды. Қазақстанда 95 шетелдік өкілдік жұмысқа кірісті. Дипломатияның географиясы ұлғайды. Бұрын Қазақстанның қатынастары, негізінен Еуропаға, Азияға және Солтүстік Америкаға бағытталған еді. Кейінгі кезде Латын Америкасы мен Африкаға басымдық беріле бастады. Орта және Таяу Шығыспен байланыс тереңдеп келеді. Бүгінде еліміздің шартараптың түкпір-түкпіріндегі елшіліктері мен өкілдіктері саны 93-ке жетті.
«Тоғызыншы территорияның» Мемлекеттік туы тұңғыш рет халықаралық қоғамдастық назарына ұсынылған сәті – 1992 жылғы Барселонада өткен Олимпия ойындары десек қателеспейміз. Оған Қазақстан ТМД Олимпиада құрамының атынан қатысқанымен, дүбірлі доданың ашылу салтанатында балуан Дәулет Тұрлыханов Көк Туымызды көтеріп шықты. Осы байрақты бәсекеде қазақтың абыройын асқақтатқан Дәулет балуанның қола медаль иеленгенін де айта кеткен жөн болар.
Екі жылдан кейін Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиадаға Қазақстан дербес мемлекет ретінде қатысып, спортшыларымыз көк байрақтың астында өнер көрсетті. Шаңғышы Владимир Смирнов Олимпия ойындарында үш жүлде жеңіп алды. Соның бірі – алтын медаль. Осылайша, Әнұранымыз тұңғыш рет шырқалып, Мемлекеттік туымыз көкке көтерілді. Лиллехаммердегі Олимпиада қазақ спортшыларының жеңісті жылнамасының іргетасын қалап берді. Содан бері саңлақтарымыз 15 мәрте Әнұранымызды шырқатты. 25 күміс, 39 қола жүлде жеңіп алып, осыншама мәрте көк Туымыз көкте желбіреді.