Жамбыл.
Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері Мәлік Ғабдуллин аса жауапты, майдан тағдырын шешетін операцияларға басшылық жасады. Сондай бір ауыр тапсырма 1941 жылы Руза өзенінен немістерді Москваға өткізбеу еді. Сол жолы взвод автоматшылары көрші ротамен бірге жаудың шабуылын тойтару барысында қаптаған фашист қолының қоршауында қалады. Мәліктің алғыр ақылы, жауынгерлердің ынтымақ-бірлігі арқасында олар бұл тығырықтан шыға білді. Орман ішінде адасып қалған солдат топтарымен бірігіп, фашистердің мол қару жарағын, яғни 12 станокты пулемет, 20 қол пулеметін қолға түсіреді. Әрі 27 фашист тұтқыны бар, 16 жаралы жауынгерін кезектесе көтере жүріп әупіріммен дивизиясына қосылады. Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой темір өзек жауынгерлерін көзімен көріп, таңғажайып ерліктеріне елжіреген дивизия командирі, генерал-майор И.В.Панфиловтың толғанысын былайша суреттейді. “...Өзінің көргісі келді. Сұңғақ бойлы, талдырмаш жасты Панфилов ұзақ айналдырып қарады. Шынын айтқанда, Мәліктің денесіне соғыстың әскери киімі әлі қона да қоймаған кезі еді. “– Мә, саған ғылым адамы! Жарайсың! Жаман солдат болмассың” – деді ол Мәлікке жарықшақты дауысымен. Сөйтті де, Мәлікті өзіне қарай тартып алып, кәдуілгі орыс халқының әдетінше, бетінен үш рет сүйді. Бұлардың қасында жақын тұрған адамдар, көп езу тартпайтын, салқын жүзді атақты генералдың сыр бермейтін жүзінде әкелік қуаныштың лап бергенін байқасып қалысты”, – дейді ол. Етігімен су кештіріп, қанды көбік жалатқан қатыгез күндер өз батырын осылай тудырды. Батыр Мәлік “өзіне қанша қатал болса, қарауындағы адамдарды да сонша жинақы, әрі әмірді бұлжытпай орындайтын халде ұстады”. Енді бірде Ширяево селосының тұсында Мәліктің 13 адамнан тұратын атқыштар взводы фашистердің мұздай қаруланған бір батальонға жуық әскерін тоқтатуға жарлық алды. 5 танкісін беттеріне ұстаған жаудың қалың әскері лап қояды. Екі танкісі жанып, қыруар әскерін шығындап, “темір бекіністен” беттері қайтып, оқ нөсерін аямай төккен жендеттер кері шегінеді. Олар Кеңес автоматшыларын түгел жойдық деп ойлайды. Рота олардан хабар-ошарын үзеді. Топырақтың астында қалып, бірер адамынан айырылған атқыштар взводы айлалы да батыр саяси жетекшісінің бастауымен фашистердің тылын қапысын тауып айналып өтеді. Өзінің мүддесін ойламайтын, ақыл-парасат, сабырлық, әділдік, шыдамдылық, қайсарлық бойына берік ұялаған Мәлік соғыста жауды қырудың, онан айласын асырудың әдісін аз уақытта шебер меңгеріп, жауынгерлерін де фашистермен шайқасқа жолбарыстай тайсалмай ұмтылуға баулуды өзінің басты парызы санаған. Бұл жолы да взводтың бірлігі мен қатал тәртібі арқасында фашистердің темір шеңгелінен қылшығы құламай қатары көбейіп, тіпті алып денелі Коваленко досы тауып алған 4 жасар “взвод баласы” – Вованы ертіп ротасымен тағы да қауышудың сәті түскенде мұндағылардың тілі байланып қала жаздайды. Өйткені, 13 автоматшысынан ұшты-күйлі айырылған рота командирі, кіші лейтенант Аникин, саяси жетекші Жетпісбаев полк командирі Капров пен саяси жетекші Мұхамеьдяровтың атына: “Сіздерге бүгін 16 қараша күні (1941 жыл) таңертеңнен бері Ширяево селосы маңында немістер біздің қорғаныс шебімізге бір батальон жаяу әскері мен оларға қосылған бес танкі бар күшпен шабуылға шыққанын хабарлаймыз. Кескілескен ұрыста біздің жауынгерлер темірдей беріктік, шын мәніндегі батырлық үлгісін көрсетті. Әсіресе, саяси жетекші Ғабдуллиннің автоматшылары ерекше көзге түсті. Немістің 2 танкісін қиратып, 150 жау солдатын құртқан автоматшылар қоршауға түсті де, түгелдей қаза тапты”, – деп жедел хат жолдапты. Міне, “Алла сүймек, ар сүймек, адам сүймек” (Шәкәрім) ниеттері ажалдан қаққан арыстан бітімді автоматшылар достарының көзін “атыздай қылып” “о дүниеден” оралады... Мәлік, 1943 жылдың қаңтарында Жоғарғы әскери басшылықтың шешімімен 1075-полктың комиссарлығына тағайындалғанша Рыбушкин, Ширяво, Старая Руссо жерінде, Бородино деревнялары, Холм қаласы маңында, Новосвинухово селосы үшін болған жан алып, жан беріскен алапат соғыстардың жуан ортасында айқасып, автоматшыларымен бірге қайталанбас ерлік шежіресін жазады. Ерлік жолы атаусыз қалмады. Мәлік Ғабдуллин “Қызыл Жұлдыз”, “Қызыл Ту” ордендерімен марапатталады. 1943 жылғы 30 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының жарлығымен оған “Кеңестер Одағының Батыры” атағы берілді. Майданның әр қас-қағымы сергектікті, жинақылықты, сақтықты, өлімнен қорықпауды, жанқиярлықты қажетсінетін қатал талабын генерал-майор Панфилов, Момышұлы ағасы, командир Шуть, полковник Капров, Манап Мусин, капитан Гундилович, батальон саяси жетекшісі Клочковтардан үйрене жүріп Мәлік өзі де “ерлік мектебін” қалыптастырды. Мәлік Кеңес Одағының Батыры атағын алған соң жауынгер жолдастары, гвардия полковнигі Б.Жетпісбаев, А.Мұхамедияров, гвардия подполковнигі Б.Момышұлы, гвардия капитаны М.Байсаров, гвардияның аға лейтенанты Қ.Сағындықовтар оның ата-анасы мен жарын құттықтап, төмендегідей хат жолдайды: “Мәлік әрі батыр, әрі жалынды сөз иесі, ұйымдастырушы, тәрбиеші. Ол жаудан беті қайтпаған, жанып тұрған от, Алтайдың ақиығы Төлеген Тоқтаров сияқты халық батырын тәрбиеледі. Ел сенімін ақтау деген осы да! Ер еңбегі еш кетпейді, ел ерін бағалады. Мәлікке Советтер Союзының Геройы деген ардақты атақ беріліп отыр. Бұған Сіздермен бірге біз де қуанамыз, шын жүректен құтты болсын айтамыз. Мәлік сынды халық батырын тәрбиелеп өсірген ата-анаға мың рахмет!” (“Социалистік Қазақстан”, 28.03.1943). Мәлікке имандылық, кісіге қиянат жасамау, біреудің обалына қалмау, артық сөйлеп, сіңірген еңбегін артық бағаламау тәрізді ізгі мінездер тән. Ол естелігінде: “Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың оншақты танкісін гранаталармен қираттым”, – деп жазады. Әрине, бір Кеңестер Одағының Батыры жауға осынша шығын әкелсе, Гитлердің “жеңіліс көрмеген” армиясын бірер жылда-ақ тас талқанын шығарып, тізе бүктірер едік. Ол өз алдына ресми бөлек талдаудың тақырыбы, ал Мәліктің фашистерге тартқан сыбағасы, бізше, сүбелілеу. Айталық, ол бастаған 13 автоматшы Ширяево селосының маңында жаудың 5 танкісі мен 150 жендетін жоқ еткені тарихтан мәлім. Жауды жерге қаратып, мысын құртқан дауылды жорықтар үш жылдың ішінде неше рет қайталанғанын еске түсірсеңіз, “өрттің өзінен шыққан, ажалды көзімен көрген, жаны да, тәні де жаралы” (М.Әлімбаев) Мәліктің қанына арық сөйлеп, семіз шығу дарыған, қарапайым адам болғанын мойындайсың. Оның иманжүзділігі, сөзіне ісі сайлығы Бауыржан Момышұлын да иіткен. Анау-мынауға елпектей қоймайтын, діні қатты халық батырын оның бойына еш жасандылық пен жамандық жуытпаған асыл текті тазалығы қызықтырады, өрімдей жігіттің Кеңес Одағының Батыры атағын алғанына мерейі үстем боп: Ел күйзелген кезінде, Ерлік еткен бауырым. Жау жағадан алғанда, Батырлық еткен бауырым. Ел намысын құрметтеп, Ер намысын ардақтап. Құтты болсын айтамын, Шын жүректен Мәлігім, – деп еміреніпті. Көңілі ақ, жүрегі пәк, жаны таза Мәлік Ғабдуллин ғылым адамы болғандықтан да шығар, атқыштар взводының саяси жетекшісі болып жүріп, Кеңес әскерінің сонау Белорусия, Украина, Кавказ, Россияның батыс облыстарында фашистерге табан тіреп қарсылық көрсете алмай, Гитлерді желіктіріп, Кеңес үкіметінің астанасы Москваға олардың кеудесін тәкаппар ұстап, жетіп қалғаны қатты ойландырады. Сөйтсе, бұл Отанын сүйетін, өз ерлік тарихынан хабары бар жанды азаптап жүрген жебір сұрақ екенін Мәлік 316 атқыштар дивизиясы екінші батальонының саяси жетекшісі Василий Клочковпен сұхбаттасу үстінде сезінеді. “Ротама, – дейді ол Мәлікке, – тағы да бір үлкен жауапты жұмыс жүктеліп отыр. Мына Дубосеково разъезін қорғау, осы арадан жауды өткізбеу міндетін алдық”. Бекзат болмыс, кісілік қасиет, батырлық мінез біткен намысты ер, мол пішілген кең кісі Василий өз әріптесінен алдыға қойған міндетін жасырмай, көкірегінде қордаланған, бірақ жауабын таппай, шиеленісіп келе жатқан, ыза-кекке суарылған сауалға миы шағылып жүргенін ыммен жеткізеді. Қызба мінезді жас политруг: “Вася, бұл сұрауды жалғыз сен емес, бәріміз де қоямыз. Тегінде, бізде табан тіресе соғысудан гөрі, үрей басым ғой деймін. Табан тіресе, жауды соққыға жыға соғыссақ, бұл күйге түспеген де болар едік”, – дейді жастыққа тән ашықтықпен. Ал, өз кезегінде Вася: “Дұрыс айтасың. Біз табан тіресе соғыса алмай жүрміз. Осы арада жаумен табан тіресе соғысудың үлгісін көрсетсем деймін. Бұл ойымды жігіттеріме де айттым. Бұдан әрі шегінер жайым жоқ, не өлемін, не жеңемін! Сертім осы!” деп орнынан ұшып тұрады. (М.Ғабдуллин. Менің майдандас достарым. “Жазушы”, 1985). Мәлік В.Клочковтың тұла бойынан қайсарлық пен тектіліктің лебі есетін мінезді танығанда риза болғаны сондай: “Иә, антым да, сертім де осы! Мен де, сен де, басқалар да осылай соғыссақ, ашына арпалыссақ, бізді ала қоятын жау жоқ. Жауды жеңудің бастамасы осы ара болсын!”. Сөйтіп, екі саяси жетекші де не өлуді, не жеңуді ғана алдына мақсат етіп қойып, сөздерінде тұрды. Василий Клочков өз батальонымен берілмей, табандап соғысты, жаудың өз бойына үрей ұялатты. “Жеңілмейтін армия” жайлы аңыз адыра қалды. Есіл ердің 28 жауынгері арыстандай арпалысып жеңілсе де, жеңіске бергісіз қарсылық көрсетті. Бәрі де “Кеңес Одағының Батыры” атанды. Өртке шалынған өмірбаян олардың атақ-даңқын мәңгілікпен жалғастырып кетті. М.Ғабдуллиннің “Менің майдандас достарым” кітабын оқығанда адамға адамның қысастығы, қиянаты төбе құйқаңды шымырлатады. Фашистердің жетегінде жүрген қарапайым немістің де, туған жерін фашизмнің табаны былғағанына жаны күйген орыстың да, ар мен намысты темірқазығы еткен қазақтың, әсіресе, генерал-майор И.В.Панфилов, Төлеген Тоқтаров, Бауыржан Момышұлының образдары жасалынып, ұлы Жамбыл бейнесі де жан-жақты көрінеді. Ұлы Отан соғысы шындығын солақай пайымдайтын кей көркемдеулердің аяулы тұлғалар жайлы дүдәмал, қайшылықты, ұшқары пікірлеріне толымды, объективті жауапты да “Менің майдандас достарымды” байыптап, алғаусыз көңілмен, саралай сұхбаттасқандар табары анық. Ол сөзімен де, ісімен де жауынгерлерге үлгі болатын саяси басшы ретінде көрінгендіктен, жоғары жақ оны 1943 жылдан бастап Калинин майданы басқармасына қызметке көтереді, көп кешікпей Қызыл Армияның саяси Бас басқармасының үгіт бөліміне ауыстырады. Өзі – Кеңес Одағының Батыры. Егер қаласа, әскери салада қызметте жоғарылай түсуге еш кедергі жоқ еді. Оның атақ, даңқы Одаққа мәшһүр. Қай жерде, қай салада болмасын ізгілік, әділдік, адамгершілік мәселесі төңірегіндегі ұсыныс, пікірлерін тыңдатып, орындатуға сөзі өтеді. 1946 жылы Мәлік әскери қызметінен босап, елге оралады. Елі оны төбесіне көтеріп, көп кешікпей КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынады. Мәлік бұл ұсынысты ерін бауырына ала, тулап қарсы алады. “Менен де батырлығы үлкен Бауыржан Момышұлы неге тізімде жоқ. Мен жолымды сол кісіге беремін. Менен гөрі халық қалаулысы болуға Бауыржан лайық”, – деп ағасының жолын кесуді оң көрмейді... Мәлік ерте есейді. Бәлкім, “күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінер” жиырма бесі жігіттік өнері сыналар әскери қызметпен өтіп, серкелік міндетін мінсіз атқаруға мәжбүрлеген де болар. Ол да Бауыржан ағасындай темір өзек жауынгер болғандықтан, шовинизмнің қайраулы қылышы мойнынан төніп тұрса да ұлтжандылығынан шегінбей, ел тізгінін ұстаған азаматтардың шен-шекпен жолында халқына осқыра қарайтын мінезін ұнатпаған. “Хас жақсының белгісі – әрі мырза, әрі құл”. Бауыржан ағасы тәрізді қазақ болғанын бақыт санап жүрген Мәліктердің артынан сөз ерсе, ұлтжандығы, ұлтын сүйіп сол үшін отқа түсіп, шовинизмнің аязына үсіп, шоғына қарылса да бас имейтін тектілігі, халқына мінсіз қызмет етіп, құлы болуына құлдық ұруында. Дұшпандары оның ұлтшылдығын басты міні санап, өсектің қыңсылаған үнін емен есіктерден бұралқы күшіктей енгізіп жіберді ме екен, кім білсін, ҚК(б)П Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметке жетсе керек. Осыны естіген Мәлік дөкейдің өзіне көкейіндегісін күлбілтелемей: “Мен қазақпын деуімде өз ұлтымды басқа ұлттардан асыра мақтау емес, мен өз ұлтымның перзенті екендігімді түсіндіру, тамшы қаным қалғанша өз халқымның мүддесі үшін күресуге әзірмін. Мен – халық ұлымын. Халықтың киесі бар. Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өз халқының қызметшісі болу”, – деп не үшін, кім үшін өмір сүріп жүргенін жасырмайды. Жаны сұлу, ізетті де бекзат болмысты Мәліктің шешендігі, батырлығы, мәрттігі қанында бар қасиет екенін профессор Серік Негимов оның өз аузынан естіпті. Ағамыз көсіле бір құрған мәслихатында: “Қарауылдың Құттымбет бұтағынан тараған қара қылды қақ жарған, Абылайды хан көтерген Қанай би, тілге келсе құтқармайтын, білекке келсе жығылмайтын айтқыш Бекболат, ақырған дауысынан дұшпан сескенген Тілеу, Итқара сынды айбатты ерлер – менің ардақты бабаларым” – деп құпия бір сырдың көмейін көсеп қалса керек. Демек, “дүниеге келгенде адамның бәрі бірдей, бірақ олардың арасындағы айырмашылық тәрбие нәтижесінде пайда болады” (Конфуций). Иә, Мәлік үшін зиялы қауым ба, ғалымдар, студенттер ортасы ма жаттығы жоқ. Мәлік солармен шахмат ойнап, қара нанын бірге қажасып, қалтасындағы барымен “жалаңаяқ” білімгерлердің дастарқанына ажар кіргізіп, жүрген ортасында әзіл сөздері мен шуақты күлкісін төгіп жүретін, қызметтестері арасында моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастырудан жаңылмай өткен қайталанбас әулиепейіл адам еді. Замандастары, ісі түсіп алдын көргендер, оның дініне мықты, бір сөзді, бір мінезді, ешкімді киіміне, қызметіне қарап алаламайтын алды кең басшы болғанын аузынан суы құрып әңгімелейді. Бәзбіреулер сияқты оп-оңай шаруаны қиындатып, кілтін аспанға жасырмайды. Ғұлама ғалым, гуманист оқуға көбіне қолы қысқа, тұрмысы ауыр, бірақ қабілетті, талапты жастарды іздеп, тауып, оқытуды, өсіруді басты міндеті санаған, жағдай жасаған. Кешігіп келсе, қатып қалған тәртіпті бұзып, комиссия құрып, талапты жастың тауанын қайтармаған. Солардың көбі кейін үлкен ғалым, көрнекті жазушы, белгілі қоғам қайраткері, оқу ісінің майталман шебері атанған. Айталық, Абай атындағы ҚазПИ-де ректор болып тұрғанда сырттай оқитын, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Құмаш Нұрғалиевті бақталастарының қара күйе жағып, орға құлатуға әлектенуін Мәлік сезіп қалады да, үстінен жазылған арыздарды сейфіне тығып тастап, мемлекеттік емтихандарын алаңсыз тапсыруына мүмкіндік жасайды. Қалтасына дипломын салып беріп, депутаттық мандатын пайдаланып, жалақорлардың құрған тұзағына өздерін түсіреді. Сталиндік репрессияның тұзағына түсіп, “халық жауы” ретінде сыртқа тебіліп, шеттетіліп жүрген әдебиетші-сыншы Мұхаметжан Қаратаевты қаңқу сөзден қорықпай, өзі ректоры болып істейтін ҚазПИ-ге оқытушылық қызметке алады. Өзі де қабілетті, іскер жігіт сенімді ақтап кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғап, ассистенттен академиктікке дейін өседі. Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында директордың орынбасары қызметін атқарып жүрген кезінде сонау Батыс Қазақстанда жүрген, жазуға икемі бар жас жігіт Әбділхамит Нарынбетовті аспирантураға шақыртып, кейін ол да ғылым докторы болып, институттың талмас еңбекторысына айналады. Қолынан келіп тұрғанда халықтың баласына ағалық қамқорлығын аямай, ет жүрегі елжірей қолұшын беріп, рухани жағынан демемеуді күнә, ар, ұят санады. “Ұяты бардың есімі құрметті, өмірі мәнді болады” (Ғ.Мүсірепов). Адам мінезі – адам қалыбының компасы, рентген айнасы ғой. Мәлік Ғабдуллин – халық ауыз әдебиеті саласының ғұлама патриархтарының бірі. Ұлы Отан соғысының алдында аспирант М.Ғабдуллин “Қобыланды батыр” жырын ғылымдық зерттеудің проблемалары” деген тақырыпта зерттеу жүргізіп, көз майын тауыса еңбек етті. Ізденуші қазақ батырлар жырының табиғатын, танымдық, тағылымдық, тәрбиелік қасиеттерін, тілдік ерекшеліктерін салыстыра отырып, текстологиялық талдау жасауға ұмтылды. Қазақ эпостарының кемелділігі мен көркемдік құдіретін “Илиада”, “Одиссея”, “Джангар”, “Калевала”, “Махабкарата”, “Гесериада”, “Ролонда туралы жыр”, “Тристан мен Изольда”, “Давид Сасунский”, “Жолбарыс терісін жамылған батыр”, “Манас” жырлары және орыс, өзбек, әзірбайжан, қалмақ, бурят, моңғол, ойрат, татар, башқұрт, армян, алтай, сақа халықтары эпостарымен салыстыра отырып, фундаментальды еңбек жазуға кіріседі. Алайда, оған ұлы Отан соғысы қолындағы қаламын тастатып, автомат ұстатты... Тек 1947 жылы бітпей қалған бағалы еңбегіне нүкте қойып, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Әрине, ол қол жеткенімен тұйықталып қалған жоқ, ауыз әдебиетінің мәңгі сарқылмайтын қорын, үлгілерін жинау, жариялау ісін басқарды, жаңа зерттеулер, әдебиет тарихына жаңа тараулар жазды. Қазақ фольклорын зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындап берді. Сондай-ақ, “Менің майдандас достарым”, “Алтын жұлдыз”, “Майдан очерктері”, “Сұрапыл жылдар”, “Менің майдандас достарым”, “Қазақ халқының ауыз әдебиеті”, “Қазақ эпосы” атты еңбектері жарық көрді. “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты оқулығы да жарты ғасырдан астам мектеп оқушыларына мінсіз қызмет етіп келеді. Тәрбие тал бесіктен басталатынын ескерген ғұлама ғалым халық ауыз әдебиеті материалдарын бала тәрбиесіне қалай тиімді пайдалануға болатынын саралап, “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” атты бағалы еңбек сыйлады. Мәлік Ғабдуллиннің жолы даңғыл, аспаны үнемі ашық болды дей алмаймыз. Сонау азамат болып қалыптасып келе жатқан шағында оның бойындағы дарын қуатын көре алмаған кейбір дұшпандары Алматыда Мәлік тоқтаған Әлиманов Байдібек қажының баласы Әди Шәріповпен достық қатынасын көп көріп, оны “халық жауларымен” байланысы барға санап, біраз әуреге салғандары бар... Мұны айтып отырғанымыз, қай кезде де Құлагердің жолын тосатын Батыраштар аз болмаған ғой. Бұл орайда әдебиеттану ғылымының арбасына жегілген нар тұлғалардың мүйізін сырқырату үшін 1953 жылы “Қазақ эпосын оқып-үйренудің жай күйі мен міндеттері” деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап, онда баяндама жасауға әлгіндей адамдар Мәлікті мәжбүрлегенін айтсақ та жеткілікті. Сайқал саясат жаңа репрессияның түтінін бықсытып, “халық жауының” қалған өкілдерін түп-тамырын қаза отауды көздеп, қитұрқы амалмен шешуші, айыптаушы, сөзді айтқызуға сол уақытта туу деген түкірігі жерге түспей тұрған Мәлік Ғабдуллиннің кандидатурасын тиімді санаған. Алдында осы тақырыпты М.Әуезов пен С.Мұқановқа ұсынып көрген екен. Олар мәселенің бұралаңы мол, лаң саясатқа негізделгенін сезген шығар, бас тартады. Астыңа көпшік қойып, “мойныңа қылбырау салып қылқындырса, сенің де қарсы мақала жазуың мүмкін” (Ш.Мұртаза). Орталық партия комитеті болжаған іс көздеген нысанадан табылады. Баяндама жасар алдында Мәлік ұстазы М.Әуезовпен ақылдасып, ойындағысын бүкпесіз ақтарып, ұзақ кеңескен-ді. Мұқаң сынды объективті тұрғыда өрістетіп, беделге жығыла бермеуге кеңес береді. Аса беделді орындар өткізіп отырғындықтан, мәселеге халықтық, мемлекеттік тұрғыдан келуді көксейді. Үкімет үйінің кең залында өткен конференцияда ол шындығында да, ешкімге де дес бермей, “сын шын болсын, шын сын болсын” деген ұранды көлденең тартып, ұлы ұстазы, ұлы замандастарының төбесінен найзағай ойнатады... Кейіннен, заман, саясат доңғалағы кері айналған шақта “Мұхтар Әуезовке хат” (“Қазақ әдебиеті” 28.10.1955) атты мақала жазып, кер заманда керауыздық танытып, оңбай сүрінгеніне ұлы ұстазынан кешірім сұраған-ды. Бірақ, атылар оқ атылды... Мәлік өзін ардың отына шыжғырып, біраз уақыт рухани күйзеліске түседі. Кейін Сцилла мен Харибдадан аман өтіп, ақылды бастар суынғанда, уақыт мәжбүрлеген қиянатты сын Мәліктің аузымен айтылғанымен, айтқызушы коммунистік идеология екеніне көздері жетті. Кемеңгер жандар тұлпар тұлғаның сүрінуінің себебін ұқты. Бірін бірі кешірді, бірақ жүректерге әжім түсті... Көңілдегі кірді жуып, кешірудің де реті бар. Өйткені, Мәлік ағаларының, ұстаздарының еңбегін елемей өткен жері жоқ. Айталық, 1949 жылы М.Әуезов КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен “Абай” романы үшін И.В.Сталин атындағы бірінші дәрежелі сыйлық алады. Атағы жер жарған, қазақтың қанатты перзентінің әлемді тебіренткен талантының жемісі жайлы Мәлік қалалық жиылыста кең көсіліп келелі ой толғаған-ды. Сөзге шебер, талғамы мен талабы жоғары ғалым ой жомарттығымен тыңдаушыларын таңдандырған-ды. Оны кейін Мәліктің өзі: “Асыра мақтайтын жерде асыра мақтадық. Бірақ, ақылға сыйғызып айттық”, – деп ардақтының абырой-даңқын өсіретін ақылды сөзді аузына салған Аллаға шүкіршілік еткен-ді. Демек, Мәлік жеке тұлғалармен адал дос, қимас құрбы, етжақын ағайын болғанымен, өз ұстанымы, көзқарасы, көңілі ұйыған шешімі, алған беті тұрғысынан келгенде туғанына бұрмайтын, жақынына жықпайтын тура билігінен айнымаған, ауытқымаған. Мәселен, Мұхтар Әуезовпен жақындығы аға-інінің арасындағы берік достыққа айналуы сонау Ұлы Отан соғысынан бермен басталған. Ол фашистермен шайқаса жүріп, арасында уақыт тауып, ұлы жазушыға өз басында, қан майданда болып жатқан жайлардан хабар беретін. Мәлік Ғабдуллин тамаша ұстаз, тәрбиеші де. Ұзақ жылдар Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы ҚазМУ-да студенттерге халық ауыз әдебиетінен дәріс оқыды. Тәкаппарлығы, менмендігі жоқ ғұлама ғалым тым қарапайым, көпшіл еді. Оның дәрісіне кешігіп келу, қалғып отыру, көлденең іспен айналысу тәрізді жағымсыз қылықтар болмайтын. Өйткені, ол дәрісін барынша қызғылықты етіп, терең, эстетикалық, педагогикалық, психологиялық принциптер деңгейінде оқитын. Күрмеуі қиын мәселелердің кілтін қолға ұстатып, қарапайым ертегіні талдағанда оның астарында таудай түйін жататынын, Айсбергтің үштен екісі су астында бүркеулі екенін ақылмен ойлап, көзге көрсететін құдіретін сезіндік. Біліміңмен, кәсіби шеберлігіңмен шыбынның ызыңы естілетіндей аудиторияны баурап алып, пәніңді сүйдіруге, сол арқылы ұстаздық тұлғаңа бас идіруді сол кісіден үйрендік, өзгеге де үйретіп жүрміз. Қызметтен, дәрістен бос кезінде Мәлік ағамыз білімгерлердің жатақханасын аралап, бөлмелеріне кіріп, әзілдесіп, еркелетіп, шахмат ойнап, домбыра тарттырып, ән салдырып, би билетіп керемет бір кездесулер өткізуші еді. Ол – мұхит. Мұхиттың теңізсіз, өзенсіз, мың-сан бұлақтарсыз өмір сүре алмайтынын мойындасақ, Мәлік те халқымен бірге жүріп, бірге тыныстамаса өзін судан шығып қалған балықтай, тартылған теңіздің орнында қалған кемедей сезінетін. Оның қарапайымдылығы – ұлылығы еді. Біреуге жақсылық жасамаса бұлты көшкен таудай құлазып қалатын, аралас-құралас жүргендерінің табысына, жақсы мінезіне, кісілігіне мерейі үстем болса немесе пенделігін, сорақылығын, әкіреңдеген қылығын, даңғойлығын, шенқұмарлығын сезіп қалса, табан астында бірер шумақ өлеңді суырып салып, “кейіпкерлеріне” табыс ете қоятын “өнерінен” қалған белгі мол. Мәлік әзіл өлеңдерді көп жазып, онда ойнап сөйлесең де ойлап сөйле, ойыныңызды біреулер шын көрер, жүрегінде жара қалады, ішінде бәле қалады деген сақтықты да естен шығармаған. Табиғатында “қой аузынан шөп алмайтын жуас, бір адамға бір ауыз артық сөз айтып көрмеген, кісі көңілін қалдырмаған” (С.Қирабаев) Мәлік ешкімнің жанын жараламай, сын айтқан, әзілімен “тісін батырған” адамымен кездесіп, көңілін жүрегінен ескен “алтын күрегімен” аймалаған. Осы қасиеттерін жете білетін жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұлов: “Мәлік – ғажайып тұлға. Бұрынғы мен бүгінгі заманның асыл қасиеттерін бойына дарытқан дархан дарын”, – деп сүйінген. Бақыт бағасын білетіннің ғана басында тұрады. Күллі өмірі майдандармен өткен Мәлік ағамыз, сол соғыс майданы, ғылым майданы, мансап майданы, қоғамдық-қызмет майданы, күнделікті адамдармен шүйіркелесе жүріп өмірде адам болып қалу майданы, ұстаздық майданының жеңімпазы боламын деп жұдырықтай жүрегіне Алатаудай салмақ артып келгенде, Нәзия апамыз “мамығын төккен ұясында” Мәлігін махаббаттың Әбілхаят суына шомылдырып, нұрымен аймалаған. Білетіндер қос аққудай жарасқан жұптың өмірі ғибратты, сезімдері таңғы шықтай мөлдір болғанын жазады. Ағамыздың жастау кезінде Жанбөпе есімді жары болғанын замандастарының хатынан оқығанымызбен, ол жайлы жарытымды әңгіме жоқ. Ал, Нәзия апамызбен Мәлік ағамыздың арасындағы асықтық сезімі Ләйлі мен Мәжнүн, Еңлік пен Кебектен кем болмаған. Небәрі 58 жасында өмірден көшкен ерінің артын күтіп, “Мәлікке хат” атты естелік жазып бітіп, жылға толмай артынан өзі іздеп кетті. Мәлік Ғабдуллиннің күллі ісі, рухы, жүріп өткен жолы, тағдыры, ниет – пиғылы, үлкен әріппен жазылатын Адамдық тұлғасы – жер басып жүргендерге теңестіруге келмейтін заңғар тау. Профессор Серік Негимовше толғансақ, ол-қаһармандық, батырлық іс-қимылдарымен, терең ғылыми ізденістерімен, ұстаздық, санаткерлік ерен еңбегімен, қаламгерлік қабілет дарынымен, жан дүниесінің кіршіксіз мөлдір тазалығымен, кісілік мейірім-қасиеттерімен, ақыл-парасатымен өзгешеленетін тарихи тұлға. “Алдыңғы толқын-ағалар, кейінгі толқын-інілер”. Кейінгі толқынның мықтылығы, берендігі, ірілігі, кенен, дарабоздығы алдыңғы толқыннан қалған өнеге, дәстүр, мектепке, “таулардың” биіктігіне қатысты. Намысты қайрап, Хантәңірінен асыратын да солар жеткен биік. Қадыр Мырза-Әлінің: Туған жердің тылсым сырын ұғып көр, Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер. Қарап тұрып мынау биік тауларға, Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер! – дегеніндей Мәлік Ғабдуллин тағылымы бізді әманда тауларға бастап, терең ойдың соңына телміртіп салып жібереді. Тұрсын СЫДЫҚОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Бүгін, 17:48
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10