Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу және Түрксіб аудандарының әрқайсысына 800 млн теңгеден бөлінді. Ал қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында Наурызбай мен Алатау аудандарына 1,3 млрд теңгеден қарастырылған. (Жалпы сомасы 7,4 млрд теңге).
Алматылықтардың өздері ашық дауыс беру арқылы қала бюджетін қандай бастамаларға бағыттау керектігін анықтайды. Идея авторларының өтініміне Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері де өз бағаларын береді. Бір жобаның құны 61,2 млн теңгеден аспауы тиіс.
Жобалық ұсыныстар келесі өлшемдерге сәйкес болуы керек:
- бір автор – бір өтінім – бір нысан;
- қолжетімділікті шектеусіз жалпы пайдалану нысаны;
- нысан іске асырылуы жоспарланған аудан аумағында, жалпыға қолжетімді жерде орналасуы керек;
- әкімдіктің құзыретінде болуы тиіс және т.б.
Қарауға қабылданбайтын жобалық ұсыныстар:
- құрылыс-монтаждау жұмыстарынсыз тек жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге арналған;
- болашақта қосымша элементтерді енгізуді талап ететін;
- Алматы қаласының даму бағдарламасына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін;
- коммерциялық сипаттағы және т.б. Аудан әкімдіктерінің сараптау комиссиялары жобаларды «Халық қатысатын бюджетті» ұйымдастыру және іске асыру туралы Ереженің, Қазақстан Республикасы заңнамасының, Алматы қаласын дамыту бағдарламасының талаптарына сәйкес іріктейді.
Аудан әкімдігінің сараптама комиссиясының құрамын аудан әкімі бекітеді, оның құрамына мәслихат депутаттары, аудандық сәулетші, құрылыс саласының маманы, құрылыс объектілерінің сметалық құжаттамаларын жасау жөніндегі маман, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
«Халық қатысатын бюджет» бойынша кеңестерді немесе ақпаратты Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесінен 224 39 29 (ішкі 203) телефоны арқылы алуға болады.