Аймақтар • 09 Маусым, 2022

Балаларға велосипед мінгізді

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шет ауданында жергі­лікті білім бөлімінің ұйымдас­тыруы­мен Балалар жылы ая­сында ауқымды іс-шара өтті. Кенттегі стадионды халайыққа лық толтырған бұл жиында әртүрлі шығармашылық байқауларда, спорттық жарыс­тарда жүлделі орындар алып, аудан мен облыстың мерейін асқақтатып жүрген шәкірттерге сый-құрмет көрсетілді.

Балаларға велосипед мінгізді

Атап айтқанда, Мәскеу қала­сында онлайн режімде өткен халықаралық «Математика және жо­балау» конкурсының ІІІ дәре­желі диплом иегері, Алма­ты қаласында өткен Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механикадан халықаралық ғылыми жобалар конкурсының қола жүлдегері, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Аружан Темір­лан «Жас ғалым» аталымы бойынша, Қанипа Бітібаева атын­дағы республикалық қа­зақ тілі мен әдебиеті пәндері олимпиадасының қола жүлдегері, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Аружан Төлеутаева «Олимпиада жұлдызы» номинациясы бойынша марапатталды.

Ал «Өнерлі өнерпаз» аталымы бойынша Ақсу-Аюлыдағы С.Мұқамеджанов атындағы балалар өнер мектебінің  вокал сыныбының 5-сынып оқушысы Нұрайлым Айбекова облыстық «Туған еліме мың алғыс» атты патриоттық әндер байқауында 1-орын алған жетістігі үшін сый-құрмет көрсе, Шымкентте өткен асық атудан Ұлттық мектеп лигасы ел чемпионатында қола жүлде алған Әлихан негізгі орта мектебінің 7-8 сынып оқушылары Ханшайым Тұрымтай, Рауан Жеңіс, Іңкәр Батай, Гүлсая Мәжит, Инабат Мәжит «Спорт саңлақтары» номинациясы бойынша марапатталды.

Сондай-ақ «Оқулар жеңім­пазы» аталымында облыстық «Ілияс оқуларының» 1-орын ие­гері және Талдықорған қаласында өткен республикалық «Ілияс Жансүгіров оқуларына» қатысып, ынталандыру сыйлығына ие болған Киікті ауылындағы С.Мұ­қамеджанов атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Нұртай үздік шықты.

Бұдан бөлек қамқоршылық пен қорғаншылық патронаттық тәрбиедегі төрт балаға да сый-сыяпат жасалды.

Шет ауданының жақсы атын облыс пен ел көлемінде шығар­ған ұл-қызға жергілікті кәсіп­керлердің демеушілік етуімен велосипедтер сыйға тартылды. Жомарт жандардың қатарында «Тазалық» ЖШС директоры Ға­зиз Әміров, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрат Биғожи, жеке кәсіпкерлер Мұрат Әбенов, Қайрат Қанжанов, Әсел Мырзағалиева, Анария Исина, Мейрамбек Оспанов, Айдын Тел­пекбаев, Алмас Әупешов, Мақпал Сәттібаева және басқалар болды.

Шет аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұлов қайы­рымды істен қағыс қалмай, елдің ертеңіне балаған жас өскін­нің алдында жолынан жығылмаған жомарт жандарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Одан кейін аудандық әкімдік тарапынан балаларға базарлық ре­тінде тегін балмұздақ таратыл­ды.

Мерекелік жиынның соңына таман жиылған қауым өнерлі балалар салған әсем әнді тың­дап, мың бұралған биді тама­ша­лап, жоғары деңгейде ұйымдас­тырылған іс-шараға риза­шылық­пен тарасты.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы