
Күшік тазылардың жарысында Ақмола облысынан қосылған «Жұлар» атты тазы топ жарды. Нұра ауданындағы Кертінді ауылының «Үш ақ» атты тазысы мәре сызығын екінші болып қиса, осы аудандағы Егінді ауылының «Алау» деген күшік тазысы қола жүлдені қанағат етті.
Ал ересек тазылардың жарысында Қарағандыдан келген «Сылдыр» атты тазыға тең келер жүйрік болмады. Екінші болып Ақмола облысының «Басар» деген атақты тазысы жүлдеге іліксе, Осакаров ауданының намысын қорғаған «Аққұм» атты тазы қола жүлдені місе тұтты.
Турнирдің бас төрешісі Төлеген Әбдікешев жарыс жолына бес тазыдан шығып, әр топтағы жеңімпаздардың финалға өтіп, сонан кейін барып өзара кім жүйрікті анықтағанын айтады.
Таза қанды қазақы тазылардың жарысында топ жарып, жүлдегер атанған құмайлардың иелерін Нұра аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі кубок-медальдарымен және демеушілер тарапынан берілген ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы