Зұлмат жылдардың шерлі шежіресіне айналған бұл туындының тұсаукесері Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қабырғасында ұйымдастырылған «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» конференциясы аясында өтті.
Тұсаукесер рәсімінен сәл бұрын суретті тісімен салатын шебер, қоғам қайраткері Кәріпбек Күйіковтің «Қара орамал» шығармасының желісін қуалап кенепке бояумен бедерлеген картиналарының көрмесі ұйымдастырылды. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын қауым назарына ұсынылған туындылардың қатарында «Карлаг қақпасы», «Мамочкина моласы», «Қара орамал», «Қызжылаған», «Генералдың қызы», «Тас пен ас» және «Сырнайшы» сынды бояуы қанық, айтар ойы анық шығармалар болды.
Осы көрме барысында келушілер есімі Еуропа жұртына жақсы танымал, талантты суретші Алмагүл Меңлібаеваның көркем картиналарын да тамашалады. Сондай-ақ Қарағанды университетінің ғалымдары мен оқытушылары құрастырған тағылымды еңбектер де көрме қатысушыларын бейжай қалдырмады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына байланысты тың деректерді қамтыған бұл туындылар «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» және «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» атты тақырыптық кітап көрмелері аясында оқырманға таныстырылды.
Тұсаукесер рәсімінде жиылған жұрт саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алған соң, Қарағанды университетінің студенттері «Қара орамал» поэма-реквиемінен жеті тілде үзінді оқыды. Бұл көріністің әсерлі шыққаны сондай, тыңдарман арасында тебіреністің толқыны жүгіріп өтіп, жанарларға жас келді...
Аударма демекші, мамандардың айтуынша, ойлы оқырман мен әдебиеттің сарабдал сыншыларынан жоғары баға алған поэма-реквиемнің шет тілге тәржімаланған нұсқалары да сәтті шыққанға ұқсайды. Оған дәлелдің бірі – Швеция астанасы Стокгольм қаласында 2017 жылы өткен VI Open Eurasian әлемдік байқауында қазылар алқасының талғамынан шығып, III дәрежелі сыйлықты иемденген болатын.
Айта кетелік, «Қара орамал» кітабының Бөкетов университетінде басылып шығуына сол оқу орнының басшысы Нұрлан Дулатбеков тікелей мұрындық болды. Ректордың «Жаралы жылдар жанайқайы» деген тақырыпта жазған алғысөзімен басталатын туынды мың дана тиражбен жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты.
Сахна төрінде туынды авторы мен ректор тұсауын кескен «Қара орамал» поэма-реквиемі осы іс-шараға қатысқан жиырма шақты елдің ресми өкілдеріне сыйға тартылды.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов тарихтан тағылым алып, мұндай зобалаңның еш уақытта қайталанбауы үшін күресу – әр азаматтың қасиетті парызы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ақын Ғалым Жайлыбай мен халықаралық «Атом» жобасының мүшесі, қоғам қайраткері, суретші Кәріпбек Күйіковке ерен еңбектері үшін алғыс айтты.
Сахна төріне көтерілген ақын Ғалым Жайлыбай жаңа кітаптың жарық көруіне және алқалы жиынның жоғары деңгейде өтуіне игі ықпалын тигізген облыс әкімдігі мен Қарағанды университетінің ректорына ризашылығын білдірді.
– Бұл кітап тарихта «Қарлаг» деген атпен қалған қасіретті жылдардың мұң-зарын айтады. Зұлмат жылдар отандастарымыздың жүрегінде өшпестей дақ қалдырды, көптеген зиялы қауым өкілдерінің ғұмырын жалмады. Біз мұны өскелең ұрпақтың санасына құя білуіміз керек, – деді ақын.
Сондай-ақ ақын жаңа кітаптың мәйекті өзегіне айналған «Мамочкина моласы» шығармасын оқып берді.
ҚАРАҒАНДЫ