Әдебиет • 12 Маусым, 2022

Жалғыздық сағаттары

299 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әдебиет саласының ең үлкен сыйлығын алған сәтте олар не ойлады дейсіз? Бірі, жауапкершілігім ауырлады, бұрынғы жазғандарымнан да биік туындылар жазуым керек деп ойлаған шығар, ал енді бірі еңбегім, ақ қағаз бен қара сияға төккен терім бағаланды дегенді аужал етуі әбден мүмкін. Рухани емнің дәрісін «жасаған» қалам иелері әрине әртүрлі ойлайды, әртүрлі жазады. Тіпті олардың өмірге, дүниеге, өнерге деген көзқарастары да әр алуан. Жыл сайын Нобель әдебиет сыйлығының иегері жариялана салысымен енді бұл қандай тақырыпта нобельдік дәріс оқыр екен деген қызығушылық туындайтын. Бүгін біз алпауыт сыйлықтың иегерлерінің Нобель мінберінде оқыған дәрістеріне көз жүгіртіп көрелік.

Жалғыздық сағаттары

«Мен ғашық болғаннан кейін қылмыскер болдым»

1943 жылы Нью-Йорк қаласында туған америкалық ақын Луиз Глюк таң­даулы шығармалары үшін 2020 жылғы Нобель әдебиет сый­­лығын еншіледі. Шы­ғар­машылығын дамыту үшін ол бір­­неше академия­лық институттардан дә­ріс алып, тәжірибеден өт­кен. Оның туын­дылары авто­биографикалық, ми­фо­­ло­гиялық стильмен ерекше­ле­неді. «Ауыл­дағы өмір», «Ар­арат», «Анадан ал­ғаш туғанда» атты жыр кітап­та­рының авторы нобельдік дәрісінде көп оқыған ақын екенін аңғартты. Тіпті ол әжесінің үйінде тұрғанда ойша өлең жарысын ұйым­дастырып, санасында сан алуан сөздің салмағын сарап­тағанын жасырмайды.

«Маған поэзияның кір­шіксіз қалпы, айтар ойы, да­ралық үлгісі ұнайды. Тіпті осы жанрды дін қызметкері мен әдеби шығарма талдаушының жылы қабыл­дағаны да жанымды жай таптырды.

Әжемнің үйіндегі өлең жарысының жүлде тағайын­дау рәсімі поэзияның өзі­не тиесілі жұмбағы мен шығар­машылық қарым-қатынас­тың кеңеюі сияқты болып кө­рінді. Ақын Уиллиям Блейк маған өзінің «Кішкентай қара баласы» арқы­лы тіл қат­ты; ол әлгі дауыстың құ­пия бас­тауы сияқтанды. Ол көзге көрінбейді, тіпті шы­ғармасындағы қара бала кей­пін­де де «тіл қатпайды». Ол тек түсінік­сіз бейнедегі тәкаппар ақ нәсілді бала болып елестеді. Мен оның айтқандары­ның түгелдей шын екенін, тіпті оның рухы­нан маған жеткен тазалықтың ұшқыны ба­рын да сезіне алдым». Қар­шадай кезінде санасына түс­кен саңылаудың үлкен мін­берге шыққанда астарлы сөз болып жеткеніне оның өзі де таңданатын сияқты. Тіп­ті ол үшін осы бір әдеби сый­­лық керек те болмаған шы­­ғар. Бірақ ол Блейктің, То­мас Элиоттың, өзіне жа­қын Дикинсонның жырларын те­мір­­қазығы қылғаны мұнда тұр. Әдебиеттің бір аты – адал­дық. Біз сөз етіп отырған Глюк­ті де осы адалдық зау биік­ке алып шыққаны сөзсіз. Ол тағы бүй дейді: «Дикинсон «Мен ешкім емеспін, сіз де ешкім емес шығарсыз? Біз­дің сыңарымыз бар сонда, тіс жармаңыз», дейді, ал Томас Элиот «Сол маңға ба­ра­йық бірге, аспанға қол соз­ғанда түн де. Үстелге мыз­ғыған нау­қастай...», дей­ді. Мұн­да Элиот әлдебір ұрыс­қа жас жасақтарды ша­қы­рып жат­қан жоқ. Ол өз оқыр­ма­ны­нан әлденені сұрап тұр. Ал керісінше айтсақ, Шекс­пирдің «Мен сені жаздың шуақ­ты күніне теңесем бе екен?» дегенін мысал ретінде кел­тіруге болады. Мұнда Шекс­­пир мені жаздың күні­мен салыстырып отырған жоқ. Ол маған таңғаларлық ше­­­бер­лікті тыңдауға рұқсат етіп отыр, бірақ шынайы өлең ме­­нің қа­ты­суымды қажет ет­пейді».

Шекспирді Луиз Глюк тек­­ке айтып отырған жоқ, поэ­­зияның атасы оған, тіпті әлем ақындарына махаббат жырын, сонеттерді қалай жа­зуды үйретіп кеткенін жасыр­маған жөн. Өлеңнің мұ­раты – өлмеуі. Ендеше, әр ақын үшін осы ұстаным санадағы айнаға жазылып тұрғандай. «Мен ғашық болғаннан кейін қылмыскер болдым, бұрын даяшы едім» деп лирика жазған Глюк те Шекспирдің шәкірті болмақ.

 Ешқашан өзгермеген көзқарас

Висенте Алейксандр 1898 жылы Севи­льяда дү­ние­ге келген испан ақыны. Ол 1977 жылғы әдебиет сала­сындағы Нобель сыйлығын «адамның ғарыш­тағы және қазіргі қоғамдағы жағдайын жарықтандыратын, соны­мен бірге соғыс­тар арасындағы испан поэзиясының дәстүр­лерінің үлкен жаңаруын бейне­лейтін шығармашылық поэтикалық жазбасы үшін» иеленді.

«Жалғыздық сағаттары, шы­ғарма­шылық сағаттары, медитация сәттері бізді ойла­нуға жетелейді. Жалғыздық пен медитация бұл менің ешқашан жоғалтпаған көз­қарасым екендігін түсіну­ге мәжбүр етті: бұл күллі адам­затпен бірігу идеясы. Содан бері мен әрдайым оны поэзия деген сөздің дәл мағынасындағы қарым-қа­тынас деп түсіндім». Осы жол­дарды оқып отырып біз ақындар үшін Нобель сый­лығының маңыздылығын сипаттайтын жөнді сөз табудың өзі қиын шаруа екеніне көз жеткіземіз. Ол осы ойларын жінтіктей келе адамзат қоғамы алдында өзекті болып келе жатқан сұрақтарға жауап іздеуге тырысады. «Қыс­қасы, ақын дегеніміз – өз ортасынан асып түсе­тін адам, өйткені ол басқа әлем. Ақын жаны даналыққа толы. Бірақ ол мұнымен мақ­танбауға тиіс». Оның мін­бердегі дәрісінде ақындық туралы жеке көзқарасын алға тартады, тіпті ол өлеңнің күш, рух, оның ішінде нәсілдік рух, ерекше дәстүрлі рух бар екенін жасырмайды.

Жалғыз адамның дауысы шынайы

«Жазушы дегеніміз – қа­рапайым адам, мүмкін ол сезімтал да шығар, бірақ се­зімталдығы жоғары адам­дар көбінесе әлсіз бола­ды. Жазушы халықтың сө­зін сөйлеуші немесе әділет­тілік­тің бейнесі ретінде қабыл­дан­байды, бұл жағынан оның үні әлсіздеу шығып жат­қа­ны шын­дық, бірақ жалғыз адам­ның дауысы шынайы бо­лады. Менің бұл жерде айт­қым келгені – әдебиет тек жеке адамның үні ретінде қа­былданады. Осыған дейін де солай болып келген. Әдебиет ұлттық ән ұран, нәсілдің туы, партияның немесе жіктер­дің, әлдебір топтың үні деп санал­ғаннан кейін әртүрлі үгіт-насихат құралы ретінде қыз­мет атқарды. Алайда мұн­дай әдебиет әдебиетке тән ерек­­шелігінен адасып қалды, енді ол әдебиет емес, билік пен пайда табудың рөлін ойнады».

Швед академиясында осы­­лай дәріс оқыған Гао Синьцзян 1940 жылы 4 қаң­тар­да туған. Қытайлық эмигрант романист, драматург, сыншы. Ол 2000 жылы әде­биет саласы бойынша Но­бель сыйлығын «Мінсіз шы­ғар­машылығы үшін, әм­бе­бап стиль, терең пайымдау және лингвистикалық тап­қырлығы» үшін иеленді. 1998 жылы оған Франция аза­маттығы берілді.

Оның алаңы – қазіргі әде­биеттің рөлі. Шынында, кей қоғамда әдебиеттің рөлі бұ­рынғы жолынан тай­қып кет­кені рас. Гаоның осы­ған дейін жарық көрген роман­дарындағы дүние таным мен өзгеше көзқарас оның жазушы ғана емес, дара ойлай алатын әдебиеттанушы еке­нін дәлелдейді. Сол үшін де ол әдебиетті адамның өз құн­дылығын растауы, бұл құ­бы­лыс жазу барысында дә­лелденді, сонымен бірге, әдебиет жазушының өзін өзі тану қажеттілігінен туындайтынын айтады.

Майданнан келген соңғы сурет

Герта Мюллер 1953 жылы 17 тамызда туған. Румыния­да дүниеге келген неміс роман жазушысы, ақын, эссеист және 2009 жылғы әдебиет бо­йынша Нобель сыйлығы­ның иегері. Румыниядағы Ти­­миш округіне қарасты Ничи­дорф оның ата­мекені саналады. Ана тілі – неміс тілі. 1990 жыл­дардың басынан бастап ол халықаралық деңгейде танылды. Оның шығармала­ры жиырмадан астам тілге аударылды.

Мюллердің нобельдік дә­рісін оқу Екінші дүниежү­зілік соғысты еске түсі­реді. Шығармаларының көбі сұм соғыс­тан азап шеккендер мен олардың кейінгі тағдыры ­туралы сыр қозғайтын жазушы үшін әрине қатыгез соғыс туралы дәріс оқу жеңілірек болған шығар.

«Менің әжем суырмаға ұлы Матцтың екі суретін қой­ған: олар үйлену тойы мен өлім құшқан сә­тін­де­гі суреттері еді. Үйлену то­йындағы суретте қалың­ды­ғы ақша жүзді, байсалды болып көрінген. Ол басына қар ұшқындарына ұқсай­тын балауыздан жасал­ған гүл шоқтарын іліпті. Оның қасында нацистік форма киген Матц солдаттан гөрі күзетші кейпінде тұр. Ол майдан шебінен оралма­ды, ауылға майдандағы соң­ғы суреті келді. Кедей сол­датты мина жарып жібе­ріпті. Оның өлімі туралы сурет қолмен салынған: ақ шү­берекпен оранған адам әлде­бір үйінділердің арасында жатыр. Ақ мата баланың қол орамалы сияқты кішкентай болып көрінеді, оның ортасында ақ желектермен қоса өзгеше өрнектер де бар».

Герта Мюллер үшін жазу – үнсіз әрекет болмақ. Ол қаламның күшіне сеніп диктатура кезінде көп нәрсені ашық айта алды әрі соны шы­ғармаға айналдырды. Кей­де ол ойлағандарын сырт­қа шығарғаннан гөрі көп қа­былдау керек екенін се­зінеді. Мейлі жазушы үшін, шы­ғар­ма үшін де болған оқи­ғаны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, тек соның сұл­басын жазуға ғана әрекет жасал­ды. Бұл жазушылар мойындауға тиіс шындық. Нобель мінберінде жыл сайын оқылған дәрістерде сан түрлі тақырып қозғалып жатады. Бізді үміттендіретіні – әдебиеттің болашағы мен шындығы ғана.