Қоғам • 12 Маусым, 2022

Құрылыстағы көзбояушылық

1185 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі күннің даусыз шындығы мынадай болып тұр: әлеуметтік желі болмаса, көп нәрседен бейхабар жүре беретін түріміз бар екен. Мәселен, Жаңаарқа кентінде салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысындағы кісінің зәресін ұшырған кілтипанды осы «әлеужелінің» арқасында ғана біліп, «аһ» ұрып отырмыз...

Құрылыстағы көзбояушылық

Бұл қып-қысқа бейне көріністің ғаламторды шарлап кеткеніне де біршама уақыт болды. Қабырғасы тұрғызылып жатқан үйдің үстіне шыққан ер адам: «Мынау да бос, мынау да бос», – деп кірпіштерді бірінен соң бірін суырып алып жатыр. Сыртқы қабаты оқтай болып қаланған қабырғаның ішкі жағындағы екі қатар кірпіші цементпен қаланбай бос жатыр. Видеоны көріп, жағаңды ұстайсың, жон арқаң мұздап сала береді...

Құдай тілеуіңді бергір, әлгі бай­қампаз адам болмаса, мұны білмей де қалуымыз бек мүмкін екен. Күні ертең «сырты бүтін, іші түтін» әлгі үй пайдалануға беріліп, онда адамдар тұра бастағанда... әрі қарай ойлаудың өзі қорқынышты...

Содан, видеоны түсіріп тұрған ер адамның күйінгені сондай, кірпіш­терді суырып жатып: «Мынау не сұм­дық? Мынаны салып жатқан хайуан, мына жерде қаншама адам тұрады ғой ертең», деп күңі­­ренеді.

Осы бейне көріністі қарап отырып, еске «Бесоба» түсті. Он жыл өтсе де, бұл «Бесобаңыз» Қарағандыдағы құрылыс біткеннің бетіне шіркеу болып келеді. Еске тағы бір салып өтсек, 2012 жылы кеншілер астанасындағы  «Бесоба» тұрғын үй кешенінде бес қабатты үй іргетасы дұрыс құйылмағандықтан, айдың-күннің аманында жалп етіп құлап түскен болатын. Әйтеуір, кісі өлімі болмай, құдай сақтап қалған-ды...

Жоғарыдағы бейне көрініспен танысып шыққаннан кейін, бұл жағдаятқа қатысы бар-ау деген мекемелерге хабар­лас­тық: жай-жапсарын, себеп-салдарын сұрастырдық. Алдымен іздеген адамымыз Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин болды. Түпкі мағынасы «Бұл не деген сұмдық?» дегенге саятын бірнеше сұрағымызға әкім мырза берген жауап қысқа да нұсқа болды. «ГАСК (мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау – Қ.Ә.) тексерді. Видеодағы ертеңгі күнге дайындап қойған кірпіштер болып шықты. Сметадан ешқандай ауытқу жоқ. Құрылыс жұмыстары жалғасуда. Видео түсірген адам әдейі жасағанға ұқсайды...», деген мәтіндегі жазба келді әкімнің whatsapp мессенджерінен.

Аудан әкімін де түсінуге болады: қабырғаны цементсіз қалаңдар деген ол емес қой. Енді келіп, құдайын ұмытқан айдаладағы құрылысшыларды ақтап әлек. Ақтамай қайтсін, таяқтың бір ұшы өзіне келіп тиетінін біліп тұр-ау...

Қош, одан кейін хабар алған адамымыз Қарағанды облыстық мемле­кеттік сәулет-құрылыс бақылау бас­қар­масының басшысы Қайрат Қам­зин болды. Лауазымды тұлғаға нақты мына­дай үш сұрақ қойылды: «1. Жаңа­арқа­да кірпіштері цементсіз қаланған көп­қабатты үй құрылысын тексерген комиссия қандай шешімге келді? Бұл комиссияның құрамында кімдер бар? Облыстан ресми өкілдер кірді ме? 2. Жауапсыз мердігер компанияны қандай жаза күтіп тұр? Оның атауы қандай? 3. Жергілікті атқарушы би­лік­тің бұл келеңсіз оқиғаға қатысты жауап­кершілігі қандай болмақ?».

Бұл сұрақтарға Қ.Қамзин мырза былайша жауап берді: «1. Облыс деңгейін­де комиссия құрылған жоқ. Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылау басқармасы­ның мемлекеттік құрылыс инспекторлары әлеу­меттік желілерде және БАҚ-та жа­рия­ланған хабарламалар негізінде аталған объектіге барды. Мердігер компания және техникалық қадағалау жөніндегі сарапшы әкімшілік жауапқа тартылды. 2. Мердігер компания – «Агропромремстрой» ЖШС сапасыз жұмыс үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабы, 1-тармағы бо­йынша әкімшілік жауапқа тартылды.  3. Бұл оқиғаға қатысты Жаңаарқа ауданының құрылыс бөліміне әрі қарай құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуге және салынып жатқан үйдің конструкцияларының сенімділігі мен орнықтылығын анықтайтын сараптама жүргізуге ұсыным жолданды».

Ал өкінішке қарай, облыстық құ­рылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қар­масының басшысы Абзал Жайлы­баевтан осы жағдайға байланысты түсінік беруін өтініп сұраған екі-үш сауалымыз жауапсыз қалды...

 Бүгінде «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағдарламасы бойынша бюджет қаржысына салынып жатқан бұл атышулы үйдің құрылысы, кейбір деректерге қарағанда, уақытша тоқтап тұр екен. Апыл-ғұпыл құрылған комиссия құрамына Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Айқын Елеусізов, құрылыс бөлімінің бастығы Тоқсан Бабасов, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Балташев, қоғамдық кеңестің мүшесі Рабани Нұркеев және аудандық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Уәлиев еніпті. Міне, осы тексеру комиссиясы ақ-қараны айырып, мән-жайды анық­тағаннан кейін барып, құрылыс жұмыс­тары жалғасады деген мәлімет бар.

Әлбетте, Жаңаарқадағы осы бір жойдасыз оқиғаның бүгінде әр-әр жерде салынып жатқан құрылыстың сапасына деген ел сенімінің әлсіреуіне аз ықпалын тигізбесі анық. Жоғарыда біз айтқан бейне көріністі бюджеттің қаражатына тұрғызылып жатқан бар­лық үйдің басындағы жағдайдың айна-қатесіз көшірмесі деуге болады. Ал «қолы – құрыш, кеудесі – қуы­с» құрылысшылардың біз көрмеген, біл­меген  халтурасы қаншама десеңізші?! Түп­теп келгенде, осының зардабын тартатын ипотеканың сүйретпесін иығына ілген сормаңдай халық қой...

Ал енді, осы түйткілді мәселенің жария болуына түрткі болған видеоға келейік. Мұны түсірген Жаңаарқада тұратын Алмас Қайранбеков есімді азамат екен. Авторды тауып алып, әңгімеге тартқанымызда мынадай жайтқа қанық болдық: Алмас жеке кәсіпкер екен, Жаңаарқа кентінде дүкен ұстайтын көрінеді. Төрт баланың әкесі, ата-анасы бәрі бір шаңырақтың астында тұрады. «Мен атымды шығарғым келіп жүрген адам емеспін, блогерлігім де жоқ. Тек, осындай елге зиянын тигізетін  кем­ші­ліктерді көрсем, үндемей отыра алмай­мын. Қашанда ел жағында болып, шын­дықты айтамын», дейді А.Қайранбеков.

Автордың әлеуметтік желідегі аталған видеосының астына жазылған комментарийлерден көз сүрінеді. Елдің өкпе-ренішінде шек жоқ. Мына біреуі – «Лицензиясын тартып алып, өздеріне жақсылап айыппұл салып, түрмеге жіберу керек. Мүлде басқа шығып барады адамдар. Ақшадан өлген немелер!!!», деген пікірдің өзі қаптаған комменттердің ашу-ызаға қаншалықты толы екенінен хабар бергендей.

Ал біздің құлағымыздан қоғамдағы келеңсіздікке бей-жай қарамаған азамат Алмас Қайранбековтің: «Әй, мынаны салған хайуан-ай, бұл жерде адамдар тұрады ғой!», деген нала мен мұңға толы торыққан дауысы кетер емес...

 

Ұлытау облысы,

Жаңаарқа ауданы