Француз журналисі Фредерик Леклер-Имофф Северодонецк маңында қаза болған. 32 жастағы тілші Францияның BFM арнасына Донбасстағы әскери қақтығыстарды хабарлап отырған, бейбіт тұрғындарды эвакуациялауды таспаға түсірген. Бұл оның Украинаға екінші сапары еді. Луганск облысының басшысы Сергей Гайдай журналист мойын тұсына тиген снаряд сынықтарынан жарақат алып, қаза болғанын хабарлады. Француз тілшісі мен әріптестері отырған бронды шағын автобусты Ресей әскерлері Лисичанск қаласына бара жатқан жолда атқылаған. Тағы бір француз журналисі Максим Брандстетер мен француз фиксаторы Оксана Леута да жараланған. «Репортеры без границ» үкіметтік емес ұйымының мәлімдеуінше, қазір олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
«Ресей әскерилері қасақана шабуыл жасап отыр, сөйтіп, олар бейбіт тұрғындар мен БАҚ өкілдерінің халықаралық құқықтарын бұзуда», деп ресми түрде мәлімдеді «Репортеры без границ» ұйымының бас хатшысы Кристоф Делуар.
«Журналистерді қорғау комитеті француз журналисі Фредерик Леклер-Имоффтың Украинадағы соғысты жариялау кезінде қаза болуына байланысты қайғырып көңіл айтады», деп хабарлады комитет директоры Роберт Махони. Ол Ресей мен Украина билігін оның өлімінің мән-жайын мұқият тексеруге шақырды. «Бұл Ресейдің Украинаға қарсы соғысы салдарынан бейбіт тұрғындардың жан түршігерлік жағдайда құрбан болуларының тағы бір мысалы. Журналистер – соғыс аймақтарынан репортаж жасағанда ерекше батылдық танытатын азаматтық тұлғалар, сондықтан олар әскерилердің нысанасына алынбауы керек, олардың құқықтары қатаң сақталуы керек», деп мәлімдеді Роберт Махони.
Ал ТАСС агенттігі Украина Қарулы күштерінің аккредитациясына сәйкес, Украина әскері журналистердің өміріне жауапты емес деп жазды ЛПР Журналистер одағының төрағасы Леонард Свидовскийдің сөзіне сілтеме жасап. Агенттік қызметкерінің айтуынша, француз тілшісі қаза болған кезде ол идентификациялық кеудеше кимеген.
Бұған дейін Журналистердің әділеттілік қоры (JFJ) Ресей соғыс бастағаннан бері Украинада журналистерге жасалған 35 шабуыл актісін тіркеген. Қасақана шабуылдардың көбін ресейлік қарулы күштер жасады, деп хабарлады «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Лондондағы қордың басшысы Мария Орджоникидзе.
«Украинадағы әскери қақтығыс кезінде Ресей күштерінің қолынан қаза тапқан өзге де журналистер қасақана шабуылдың құрбаны болған», дейді Журналистерді қорғау комитеті. Николаев маңындағы ұрыс кезінде журналист Виктор Дудардың қаза болуы ең бірінші тіркелген оқиға болды. Сонымен қатар тікелей эфирдегі оператор Евгений Сакун Киевте зымыран шабуылы кезінде қаза болған. Ал америкалық видеожурналист және The New York Times газетінің бұрынғы тілшісі Брент Рено Ирпиндегі бақылау-өткізу бекетінде қаза болған. Брент Рено, сондай-ақ деректі кинорежиссер болған. Ол ағасы Крейгпен отты нүктелерден түсірілім жасаған. Олар – Ирак пен Ауғанстандағы соғыстарды, Гаитидегі жер сілкінісін, Мысыр мен Ливиядағы тәртіпсіздіктерді түсірген санаулы журналистің бірі. Ағайындылар радио мен теледидарға қосқан үлесі және басқа да марапаттары үшін Пибоди сыйлығын алған.
Сонымен қатар Журналистерді қорғау комитеті Украинада жұмыс істеп жүрген БАҚ өкілдеріне сағат сайын шабуыл жасалатынын айтып, дабыл қақты. Олар әскери журналистердің өмірлеріне алаңдап, мәлімдеме жасағанымен, еш нәтиже жоқ. «Ресей күштері халықаралық тәртіпке орай, қызметте жүрген азаматтарды, әсіресе журналистерге шабуыл жасауға болмайтынын қаперлеріне алмай отыр», дейді комитет басшылығы. Олар қазіргі таңда кісі өлтіруге оқталудың 10 фактісі тіркелгенін айтады. Комитеттің жазбаша мәлімдемесінде: «Швейцариялық журналист Гийом Брикет зардап шеккен, оны да ресейлік әскерлер тонап кетті; Чехиядағы Voxpot басылымының екі журналисі Майда Сламова мен Войтех Богачқа ресейлік әскерлер оқ жаудырды; Ekstra-Bladet-тің Даниядағы екі тілшісі, журналист Стефан Вейхерт пен фотограф Филтенборг Миккелсен тиген оқтан жарақат алды, ресейлік әскерлер британдық Sky News телеарнасының қызметкерлеріне – бас тілші Стюарт Рэмси және оның төрт әріптесіне шабуыл жасаған. Олар Киевке қайтып келе жатқанда шабуылға тап болған» делінген. Сонымен қатар «Азаттық» радиосының журналисі Марьян Кушнир Киевтің шығысындағы Барышивкада жарақат алған. Журналист редакциялық тапсырманы орындап жатқан кезде шабуыл басталып кеткен. Ал Киевте Ресейде шетелдік агент деп танылған «Азаттық» радиосының украиналық бюросында жұмыс істеген журналист әрі продюсер Вера Гирич зымыранның көпқабатты тұрғын үйге түсуінен қаза тапты. Оның денесі үйінді астынан шығарылған. Медиа корпорациясының президенті Джейми Флай «Вера Гирич өзі жақсы көретін елінде және қаласында қаза болды, алайда жантүршігерлік жағдайда қаза болғаны жанға батады. Біз кәсібилігімен және миссиямызға адалдығымен есте қалатын қымбатты әріптесімізден айырылдық», деп жазды. Ал БАҚ өкілдері 13 наурызда Киев түбіндегі Гута ауылында фототілші Макс Левин із-түссіз жоғалып кеткенін хабарлаған еді. Журналистің денесін сәуір айында тапқан. Сонымен қатар 2 сәуірде деректі фильм түсіретін литвалық журналист Мантас Кведаровичюс Мариупольде бақилық болды. Ол соғыс жайлы жаңадан деректі фильм түсірмек болып жүрген жерінде Ресей әскерінің шабуылынан қаза тапты. Бұл көз жұмғандардың ресми дерегі ғана, ал Журналистерді қорғау комитеті бұдан өзге көптеген журналист ұсталып, азапталғанын айтады.
6 маусым Украинада журналистер күні болып бекітілген. Осы күні Ресей мен Украина соғысы басталғалы 32 журналист қаза тапты, деп хабарлады әлеуметтік желіде Украинаның мәдениет және ақпараттық саясат министрі Александр Ткаченко. «Соңғы 4 айдың ішінде 32 әріптесімізден айырылдық, соңғы сегіз жылда одан да көп журналист қаза тапты. Сіздер – батырсыздар. Сіздердің батырлығыңыз бен қызметіңізге деген адалдығыңызға баға жетпейді», деп жазды ол.