
Ұста-баспақ цехындағы №9 термиялық пештің отқа төзімді кірпішпен қаланған қабырғасын бұзу кезінде, істемей тұрған нысанның төбесі құлап, сол жерде жұмыс істеп жүрген бес адамды басып қалған. Бақытсыз оқиғаның салдарынан сол жерде төрт жұмысшы көз жұмып, біреуі ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер берген соңғы ақпаратқа қарағанда, жұмысшының денсаулық жағдайы түзеліп келе жатқанға ұқсайды.
Апатты оқиға туралы ақпарат жария болысымен, оқиға орнына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, төтенше жағдай департаменті және өнеркәсіптік қауіпсіздік мекемелерінің басшылары жедел түрде жетті. Құрамында 27 қызметкер мен жеті бірлік техникасы бар ТЖД құтқарушы тобы және «Серіктес Өрт Сөндіруші» ЖШС-нің он қызметкері үйінділерді аршып, жұмысқа қызу кірісіп кетті.
Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкімімен комиссия құрылып, қазіргі уақытта жазатайым оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында арнайы тексеру жүргізіліп жатыр.
Төтенше оқиғадан хабардар болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған жұмысшылардың жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының цехында болған апат салдарынан қазаға ұшыраған жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырдым», деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.
Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов та жазатайым оқиға туралы пікір білдіріп, оны «өте ауыр сынақ» деп атады. Сондай-ақ ол жағдайдың «Президенттің бақылауында» екенін де мәлім етті.
Бұдан бөлек өңір басшысы Жеңіс Қасымбек те қаза тапқан жұмысшылардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, қара жамылған шаңырақтарға қажет болған көмектің бәрі жасалатынын және апатқа кінәлі адамдардың жауапқа міндетті түрде тартылатынын мәлім етті.
Қаза болған төрт жұмысшының екеуі Өзбекстаннан келіп, азаматтық алған қандастар екен. Бұл туралы Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башай хабарлады. «Екі азаматтың да ата-анасы Өзбекстанда тұрады. Олардың Қазақстанға келіп-қайтуына Өзбекстан елшілігі де барынша көмек көрсетіп жатыр», деп хабарлады М.Башай.
Бұдан бөлек, апатты оқиға мәлім болғаннан кейін, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қаңылтыр қақтау цехында он жылдан астам уақыт жұмыс істеген Еркебұлан Сабитов есімді азамат өзінің фейсбук парақшасында ашу-ызаға толы жазба қалдырды. Онда ол алпауыт кәсіпорында жылдан-жылға кісі өлімімен аяқталатын апаттардың жиілеп кеткенін айта келіп, былай деп жазады: «Қазіргі таңда барлық технология ескірген, адам күшінің арқасында ғана тұр. Зауытқа адам алмайды, кадр тапшы. Дипломың бола тұра жұмысқа тұру – қиямет-қайым. Барлық ғимараттардың, құбырлар мен жабдықтардың әбден тозығы жеткен. Басшылар қаражат құюға құлықсыз. Ақша салғанның өзінде, оны өндіріске жауапты басшылар талан-тараж қылады. Бір сөзбен айтқанда, басшылардың бәрі «шабаданның» үстінде отыр. Бұл жағдайға тікелей осы басшылар кінәлі. Себебі жемқорлық жайлаған, азын-аулақ бөлінген қаражат діттеген жеріне жетпейді...».
Алпауыт кәсіпорын үшін адам өмірінің соншалықты арзандап кеткені алаңдатады. Бұл жайында бұған дейін де талай айтылған, бірақ бұдан тиісті қорытынды шығар емес. Тегі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы еңбек қауіпсіздігінің мәселесін майшаммен қарап, тағдыршешті қатаң шешімдер қабылдамайынша адам өлімімен аяқталатын оқиғалардың легі таусылмайтын тәрізді.
Қарағанды облысы