Қоғам • 14 Маусым, 2022

Игілікте әрқайсысының үлесі бар

689 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы өткен отыз жылда біздің басты идеологиямыз еліміздің тәуелсіздігі болып келгені белгілі. Тәуелсіз ел болдық, ата-бабамыз аңсаған басты арманға қол жеткіздік деп мақтандық, шаттандық, бөрігімізді аспанға аттық. Тәуелсіздік бізге аяқастынан аспаннан түскендей болған соң, расында да, бұл бір ғажайып кезеңдер болды. Бүкіл ел болып еркіндікті сезіндік. Енді осы еркіндігімізді ешкімге бермейтініміз анық.

Игілікте әрқайсысының үлесі бар

Бірақ, осы отыз жылда халықтың сана-сезімі де едәуір өсіп жетілді. Тәуелсіздік маған не берді, менің өміріме, тұрмысыма қан­шалықты әсер етті деген сұрақтар туын­дай бастады. Мемлекеттің жүргізіп келе жатқан саясатына сын айтушылар көбейді. Біреулер осынау алып елден үй салу үшін алақандай жер ала алмай отырғанын айтады. Екінші біреулер жұмыс таба алмай жүргенін ашына баяндаса, үшінші біреулер кредиттен көз ашпай келе жатқанын, халықтың басым көпшілігі банктердің «тұтқынына түскенін» жазды. Міне, осы тұста жаңа президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасап жатқан іс-әрекеттері, әсіресе «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске қосуы көңілге үлкен демеу болды. Оның нәтижесін біз жуықта өткен референдум қорытындысынан көрдік. Дауыс беруге қатысқандардың сексен пайызға жуығы Президенттің ұстанған бағытын қолдады. Бұрынғы сайлауларға қарағанда әлдеқайда белсенді өткен референдум үшін бұл үлкен нәтиже.

Дегенмен біздің идеологиясыздығымыз, анықтап айтқанда, оның бары мен жоғының белгісіздігі көптеген саналы азаматты ойландырмай қоймайды. Идеология дегеніміз – бүкіл Қазақстан Республикасының азаматтарын, олардың балаларын, яғни отбасы мүшелерін бір мақсат жолында біріктіретін дүние. Бай да, кедей де, басшы да, қосшы да бір идея мен мақсат аясында бірігіп, Қазақстан Республикасының азаматы деген ардақты аттың абыройына қызмет етіп, Отанымызды жан-тәнімен қорғауға тиіс. Идеология – міне, осыны жүзеге асыру құралы. Бар ма бізде осындай идеология? Жоқ, өз басым оны көріп тұрған жоқпын. Әзірге жалпыға ортақ тәуелсіздігімізден басқа көп ештеңеміз жоқ.

Елімізде барлық азаматтың басын біріктіретін дұрыс та айқын және әрқай­сы­мыз­дың жүрегімізге барып қонақтай қала­тындай түсінікті идеологияның болмауы елді бытыраңқылыққа әкеледі. Жершілдік, рушылдық, түрлі діни ағымдарға бөлінушілік, адамдардың санасын улау секілді кеселдердің барлығы, міне, осыдан басталады.

Ендеше, мұндай идеологияны қалай әзірлеуге болады?

Менің ойымша, мына әбден мате­риал­данған әлемде біздің рухани құндылық­тарымыздың өзі материалдық игіліктерге қарай негізделуі керек. Әйтпесе, әр азаматтың жүрегіндегіні қозғай алатындай идеология тудыра алмайсың. Ақиқат кілтін де аша алмайсың. Ал ақиқат не дейді?

Ақиқат ата-бабаларымыздың сандаған ұрпағына нәсіп болған және солардың қанымен қорғалған байтақ даламыздың асты-үсті толған қазына байлық екенін, сол байлықта әрбір қазақстандықтың үлесі болуға тиісті екенін айтады. Міне, осындай саясат жүргізгенде ғана біз дұрыс идео­логия тудыра алатын боламыз. Әрине, ол үлестің мөлшері қандай болуы керегін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқын­дайды. Өйткені бұл білікті мамандар мен сарап­шылардың талқысын қажет ететін мәселе. Шамасы, бұл үлестің бөліну мөлшері әркелкі болар. Мәселен, бір жас азамат шетелден білім алып келіп, соған сәйкес жаңа бір кәсіп бастауға ниеттенді делік. Әрине, жаңа кәсіп көзін ашу оңай емес. Ол үшін сол кәсіпке лайық жаңа технологияны қоса әкелуі керек және істі бастау үшін айналым қаржысы да қажет болатыны түсінікті. Демек мемлекет белгілеген инновациялық бағдарламалардың біріне қатысып жеңілдікті несие алуына тура келеді. Қысқасы, істің тәуекелі жоғары бол­ғандықтан бұл азаматқа көп білім мен тәжі­рибе, қомақты қаржы және сандаған ұйқысыз түндерге созылған үлкен күш-жігер қажет болады. Ал екінші біреу әзірге дұрыс білімі мен мамандығы болмағандықтан сенделектеп бос жүр делік. Бірақ ортақ табиғи байлықта оның да үлесінің болуы әділдік екені айқын.

Қарасаңыз, қазір әлем мемлекеттері осындай идеологиямен өмір сүруде. Тіпті бізбен көрші Моңғолия да жаңа президенттері­нің жүргізген саясатының арқасында осындай жолға түсе бастаған. Демек бізге де материалдық игіліктерге негізделген айқын да түсінікті идеология қажет. Сонда ғана біз барша азаматтың патриоттық сезімін нығайтып, олардың бәрін бір тудың астында жинайтын боламыз.