Үкімет • 14 Маусым, 2022

Экономиканың даму қарқыны артып келеді

537 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қортындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

Экономиканың даму қарқыны артып келеді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Нақты секторда өсім бар

ҰЭМ басшысының мәліметінше, биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақ­стан экономикасының өсу қарқы­ны 4,6%-ды құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің артуы байқалады.

Нақты сектордағы өсім 4,8%-ды құра­ды. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін ұлғайды. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.

Негізгі капиталға салынған инвести­ция­лардың өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Инвестициялар білім беруде 72%-ға, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 55%-ға, ғылыми және техникалық қызметте 36%-ға, денсаулық сақтауда 28%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,4%-ға, саудада 14%-ға, құрылыс саласында 10,7%-ға өсті.

«Осы жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8%-ға өсіп, 39,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60%-ға өсіп, 26,5 млрд долларға жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 32%-ға артып, 7,3 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 13,2 млрд доллар болды. Жалпы, оң сауда балансы 13,2 млрд доллар көлемінде қалыптасты», деді Ә.Қуантыров.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Биылғы қаңтар-мамыр айларында өндіріс көлемі 5,3%-ға өсті. 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Қостанай, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау – 22,8%-ға, компьютер, электронды және оптика құралдарын жасау – 17,3%-ға, құрылыс материалдары – 5,2%-ға, сусындар – 18,3%-ға, пластмасса бұйымдары – 11,4%-ға, дайын металл бұйымдары – 10,2%-ға, фармацевтика өнімдері – 4,7%-ға, киім өндірісінің 9,9%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,3%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,9%-ды, газ өндіруде – 6,3%-ды, шикі мұнай өндіруде – 4,7%-ды, көмір өндіруде – 2,2%-ды, металл кен­дерін өндіруде – 1,9%-ды, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 0,2%-ды құрады.

Қаралып отырған кезеңде құрылыс секторының өсу қарқыны жеделдеп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9%-ға өсті.

Есепті кезеңде ауыл шаруашы­лы­ғының жалпы шығарылымы 1,3%-ға ұл­ғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 11 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Ең төмен көрсеткіш – Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында.

а

Инфляция баяулауы ықтимал

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов биылғы мамырда жаһандық нарықтарда құбылмалылық сақтал­ған­дығын айтты.

«Әлемде ақша-кредит талаптары күшейтіліп жатыр. Мамырда АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа көтеріп, 1-маусым­нан бастап балансты қысқарту бастал­ғанын жариялады. Жыл соңына дейін мөл­шер­леменің тағы 200 базистік тармаққа 3%-ға дейін көтерілу мүмкіндігі бар. Биылғы шілдеде Еуропа орталық банкі 2011 жылдан бері алғаш рет мөлшерлемені бірінші болып көтеруі мүмкін», деді Ғ.Пірматов.

2022 жылғы мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде биылғы сәуірде 13,2%-дан 14%-ға дейін қарқын алды. Айлық инфляция сәуірдегі 2%-ға және наурыздағы 3,7%-ға қарағанда, мамырда 1,4%-ға баяулады, бірақ әлі де жоғары және өткен жылғы көрсеткіштер мен орташа жылдық мәндерден асып отыр.

Ұлттық банк 2022 жылдың соңында инфляция 13-15% деңгейінде болады деп болжайды. Болжам тұтыну нарық­тарының теңгерімді дамуына назар аударылатын Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру барысы ескеріле отырып жасалды. Осы шаралар кешені табысты іске асырылған кезде инфляция болжамның төменгі шегіне дейін тө­мендеуі мүмкін.

Ұлттық банктің болжамы бойын­ша 2023 жылы инфляция ақша-кре­дит саясаты саласында қабылданып отырған шаралар, сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі және іске асыру жоспарланып отырған кон­трциклдік бюджеттік қағида аясында біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды.

Ғ.Пірматовтың айтуынша, мамырда жаһандық қаржы нарықтарындағы бел­гісіздік пен құбылмалылыққа қарамастан теңге бағамы 1 доллар үшін 415,16 тең­геге дейін немесе 6,8%-ға ны­ғайды.

Жалпы халықаралық резервтер биыл­ғы мамырдың соңында 86,5 млрд дол­лар болды. Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері ва­люталық интервенциялар, екінші дең­гейлі банк шоттарындағы қалдық­тардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен 1,6 млрд долларға төмендеп, 32,8 млрд долларды құрады.

Ұлттық қордың активтері 53,8 млрд доллар болды. Республикалық бюджетке 1,9 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 5 айда 2,3 млрд долларға валю­талық активтер сатылды.

Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында Ұлттық қорға түсетін түсім­дер өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 3,5 есеге жуық ұлғайып, жыл басынан бері 2,9 трлн теңге болды.

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері 12,7 трлн теңгені құрады. Осы жылдың басынан бері инвестициялық кіріс көлемі теріс мәнді 154,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары 662,5 млрд теңге, зейнетақы төлемдері 106,8 млрд теңге болды.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 107%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 41 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 11 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 29 млрд теңгеге асыра орындалды.

Қаржы министрі жоспардың орындалмай қалған тұстарын да айтып өтті. Жоспар корпоративтік табыс салығы, импортқа қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша орындалмаған.

Ал жергілікті бюджет кірістері 2 трлн 154 млрд теңгені құрады. Жоспар 388 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 351 млрд теңгеге асыра орындалды.

Баяндамашыларды тыңдаған Пре­мьер-Министр экономиканың нақты секто­ры­ның қарқынды дамуына өңдеу өнер­кәсібі айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.

Азық-түлік өнімдерін өндіру 3%-ға, сусындар өндірісі 18%-дан аса артты. Жеңіл өнеркәсіп 8%, химия өнеркәсібі 11%-ға жуық өсті. Сонымен қатар резина және пластмасса бұйымдарын шығару 11%-дан асты, мұнай өңдеу 8%-ға, жиһаз және машина жасау өнімдерін шығару 10%-ға, фармацевтика өндірісі 5%-ға ұлғайды.

«Тау-кен өнеркәсібіндегі 4% өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кендерін өндіру есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы да 9%-ға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі 5%-ға өсті», деді Ә.Смайылов.

Қызмет көрсету секторында сауда 11%-ға, көлік саласында 8%-дан және байланыс 7%-дан астам өсті.

Биылғы 5 айдың қорытындысына сәйкес, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім тіркеліп отыр.

Үкімет басшысы жауапты мемле­кет­тік органдар мен өңірлердің әкім­діктеріне осы жұмыс қарқынын сақтау­ды тапсырды. Ол үшін экономиканы әрта­раптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет.

Ә.Смайылов инфляция мәселесіне ерекше назар аударып, оның жеделдеуіне әсер ететін басты факторлардың бірі азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі екенін айтты. Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 14%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19%-ға жетті.

«Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», деді Премьер-Министр.

Дәрі-дәрмек өзімізде шығуы тиіс

Үкіметте медициналық және фар­мацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселесі қаралды. Бұл тақырыпта баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният фармацевтика саласында өндіріс көлемінің өскенін атап өтті. 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң серпін көрсетті, бұл орайда фармацевтикалық өнімнің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 123,9%-ды құрайды.

Денсаулық сақтау министрлігі басшы­сының айтуынша, өсім «Химфарм» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Абди Иб­рагим ГлобалФарм» ЖШС, «Келун-Каз­фарм» ЖШС өндірістік алаң­дар­ында дәрілік заттар өндірісі көле­мінің артуына байланысты болды.

Өз кезегінде Ә.Смайылов Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін фармацевтика нарығындағы отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін алға қойғанын атап өтті.

Премьер-Министр бірыңғай фарма­цев­тикалық дистрибуция жүйесі енгізіл­геннен бері қазақстандықтарды дәрімен қамтамасыз етуге, еліміздің фарма­цевти­ка саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыттал­ған жобалар сәтті іске асырылып жат­қанын айтты.

Үкімет басшысының пікіріне қара­ғанда, ұзақмерзімді шарт жасасу арқылы көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, отандық өндірушілерді экспортқа шығуға да ынталандыруы тиіс.

Қазақстандық өнімнің жаһандық нарықтарға шығуына жәрдемдесу мақсатында жауапты мемлекеттік орган­дар республикаға Big Pharma сияқты әлемдік фармацевтикалық өндіру­ші­лерді тарту мәселесін пысықтауы қажет.

«Отандық өндірушілер озық технологияларды алып келіп, бірегей, инновациялық препараттарды өзімізде шығару үшін өнімнің сапасына баса мән беруі қажет. Қазақстан өз азаматтарын өзімізде шығатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі тиіс», деді Ә.Смайылов.

Бұл орайда дайын өнімдермен қатар, фармацевтикалық компоненттер мен субстанцияларды жасап шыға­ру қажет. Отандық өндірушілер үшін фар­мацевтикалық нарықтың бұл саласының келешегі бар.

Аталған шараның барлығы өзектен­дірілген Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспарында көрініс табуы тиіс.

Премьер-Министр өзімізде шыға­ры­латын дәрілер мен медициналық бұйым­дардың үлесін арттыру еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екенін атап өтті. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне мынадай тапсырмалар берілді:

Бірыңғай дистрибьютормен бірлесіп, Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін толық локализациялау, олардың номенклатурасын кеңейту бөлігінде ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын бекіту критерийлерін жетілдіруді пысықтау;

Қазақстанда өндірісті жолға қою үшін Big Pharma-ның ішінен ірі трансұлттық компанияларды тарту жұмыстарын жандандыру;

Фармацевтика және медицина өнер­кәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарының өзектендірілген жобасын Үкімет қарауына енгізу.

Сөз соңында Ә.Смайылов денсау­лық сақтау саласының барлық қызмет­кер­ін алдағы кәсіби мереке – Медицина қызметкері күнімен құттықтады.