Аймақтар • 20 Маусым, 2022

Алакөл мен Балқашқа апаратын жолдың құрылысы қашан аяқталады

384 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу әкімдігінің баспасөз қызметі Алакөл мен Балқаш көлдеріне апаратын тас жолдың құрылысы мен Үшарал әуежайының (Алакөлден 40 километр қашықтықта) ұшу-қону жолағын жаңғырту барысы туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.

Алакөл мен Балқашқа апаратын жолдың құрылысы қашан аяқталады

Жыл соңына дейін Алматы – Өскемен республикалық маңызы бар тас жолдың бүкіл учаскесінде жаңа асфальт жабыны төселіп, қозғалыс қалпына келтіріледі.

Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай жолын жаңғырту аясында 110 километрдің 35-інде жөндеу жүргізіліп қойған. Жол бойына демалуға арналған 4 алаң орнатылады. Оның ішінде орындықтар, машина жөндеуге арналған эстакадалар мен санитарлық тораптар қарастырылған. Жол екі жолақты болады.
 
Бүгінгі таңда ұзындығы 27 километр болатын Балқаш көліне дейінгі жолдың негізі төселген, жасанды 15 құрылыстың 14-і орнатылған. Әзірше қозғалыс тек айналма жол арқылы орындалып жатыр. Жол инфрақұрылымдық жобалар қаражаттың бөлінуіне қарай 2023 жылы пайдалануға беріледі.
 
Үшарал қалалық әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталып жатыр. Енді әуежай «Боинг» тектес ұшақтарды қабылдай алады. 10 шілдеде әуе рейстері орындалады деп күтіліп отыр. Күніне 8 рейс орындап, 500-ден астам адамды қабылдау жоспарланып отыр.
 
«Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен, жол жөндеу жұмыстарымен таныстым. Үшарал әуежайындағы ұшу-қону жолағын жаңарту, жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрғындар Алакөл мен Балқаш көлдеріне қолайлы жағдайда қатынайды. Жалпы, өңірге келетін туристер саны артады да, бұл әлеуметтік-экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізеді», деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.
 
Өткен жылы «Пестрое» көлінің жағасында 1 миллион 400 мыңнан астам адам демалып, туристерге 8,5 миллиард теңгеге қызмет көрсетілгені айтылды. Биыл 3 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылады деп күтілуде.

Алакөлге бөгет орнатылады

Сондай-ақ әкімдікте Алакөлге қорғаныс бөгетін орнату туралы айтты. Құрылыстың жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайды, қаржы кезең-кезеңімен бөлініп жатыр. Ақши ауылында жағалауды бекіту жұмыстары 10,2 километді қамтуы қажет болса, оның 550 метріне ғана сәйкес жұмыс жүргізілген. Ал Көктұма ауылында 3,4 километрдің 420 метріне ғана жағалау бекітпелері салынды.
 
«Қазіргі жұмыс қарқынын ескерсек, мердігер келісім-шартта көзделген міндеттемелерді орындай алмайды. Осыған байланысты «Спецстрой» компаниясы» ЖШС бас мердігерге қатысты шағым ұсынылып, сот процесі жүріп жатыр», деп атап өтті Жетісу әкімінің баспасөз қызметінде.
 
Жақында 210-нан астам туристік нысан орталық кәріз жүйесіне қосыла алады. Жоба бойынша 69,1 километр кәріз желісі салынды, 8 сорғы стансасының 3-еуі орнатылды. Барлық құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған. Әкімдікте атап өткендей, қазір сығымдау, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
 
Жобаның екінші кезеңі белгіленген тапсыру мерзімнен айтарлықтай кешігіп жатқаны айтылды. 6,5 мың текше метр/тәулік кәріз-тазарту нысанының құрылысы туристік нысандарды қоса алғанда, бүкіл жағалаудағы кәріз жүйесін тазарту мәселесін шешу керек болды.
 
Бұл жобаны жүзеге асырып жатқан «Көлсай Строй» ЖШС мердігер компаниясының өкілі атап өткендей, мұндай кешігуге құрылыс материалдары мен арнайы техника бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты қымбаттау себеп болып отыр. Сондықтан жобаға түзету енгізу қажет.
 
«Осындай ірі және маңызды жобаны жүзеге асыру үшін тендерге қатысудың алдында кез келген компания өз мүмкіндіктерін саналы түрде бағалауы керек. Бұл жұмыс көлемін, жұмысшылар санын, олардың кәсібилігін, техниканың болуын қамтиды. Сондай-ақ барлық ықтимал сын-тәуекелді, соның ішінде бағаның өсуін толық зерделеу қажет. Осының барлығын қазір емес, тендерге қатысқанға дейін түсініп, шешіп алу керек еді. Келісімшарт бойынша жобаға жоспарланған қаражаттың алғашқы бөлігін алдыңыздар. Бұл бюджет ақшасы, бұл біздің азаматтардың қаражаты. Сіздер құрылыс басталғанға дейін 8 ай уақыт өткізіп алдыңыздар да, енді межелі мерзімнен кешігіп жатырсыздар. Сонда тиісті жұмыс көлемінің неліктен орындалмағанын халыққа қалай түсіндіруіміз керек? Сіздердің жоба бойынша түзету енгізу қажеттілігі туралы өтінішіңізге келсек, алдымен оның қажеттілігі туралы негіздерді зерделеу керекпіз. Егер түзету қажеттілігі расталса, біз қолдау көрсетуге дайынбыз. Әйтпесе, тиісті қатаң шаралар қолданылады», деді Исабаев.
 
Мамандардың айтуынша, Ақшиде су мәселесі шешілген. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында демалыс орындары ескеріліп, көл жағалауын сумен жабдықтау жүйесі пайдалануға берілді. Бүгінде Тоқжайлау, Қоңыр, Бибақан, Кеңес ауылдарына су құбыры желілерін тартуға арналған жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Теректі, Лепсі, Көктұма, Бұлақты ауылдарындағы қолданыстағы су желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары басталды.
 
Осы жылы Ақши ауылындағы электр желілерін қайта жаңғырту және салу жобасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде 67,4 километр электр желісі салынып, қайта жаңғыртылады. Конкурстық рәсімдер жүріп жатыр.

Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар бүгінгі күні 10 Мвт құрайтын электр қуатының тапшылығы мәселесін толық шеше алмайды. Сондықтан тағы бір жобаның жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат бөлінді.