Аймақтар • 20 Маусым, 2022

Өндіріске кәсіби кадрлар қажет

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облысының білім беру жүйесі республикада үздіктердің қатарында. Мұны Ертіс-Баян өңіріне жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Еліміздің бас ұстазы саладағы жаңашылдықтарға көз жеткізіп, павлодарлық педагогтерді бәсекеге қабілетті болу үшін бәсеңдемеуге шақырды.

Өндіріске кәсіби кадрлар қажет

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ең әуелі Ақпараттық технологиялар колледжінде жергілікті кәсіпорындардың басшылары және колледж директорларының қатысуымен «Өндіріске арнал­ған кадрлар. Ұсыныс пен сұра­ныс» атты дөңгелек үстел ұйым­дас­тырылды.

Жиында облыс әкімі Әбіл­қайыр Сқақов өңірдегі еңбек на­ры­ғына қажетті мамандарды даяр­лау бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыс туралы айтып бер­ді. Соңғы екі жыл ішінде тех­никалық және кәсіби білім беру жүйесін қаржыландыру 25 млн теңгеден 0,5 млрд теңгеге дейін өскен. «Дуалды оқыту бо­­йынша қолдау көрсететін ірі кәсіпорындардың демеушілік кө­мегі де аса маңызды. Біз бұл жұ­мысқа орта және шағын бизнес өкілдерін де тартып отырмыз», деді Ә.Сқақов.

А.Аймағамбетов Павлодар облысында өндіріс жақсы дамы­ғанын, көптеген ірі кәсіпорын тіркелгенін айта келе, кәсіби білім беру бағытындағы жұмысты жандандыруды еске салды.

– Бүгінде колледж басшылары жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын дербес айқындауға кірісті. Бұл шаралар өндірістегі тех­нологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныс­та­рына бейімделуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, техникалық және кәсіптік білім беру жүйе­сі жұмыс берушілердің талаптарына сай келетін мамандарды даярлайтын болады, – деді А.Аймағамбетов.

Бұдан кейін Ақпараттық технологиялар колледжінің директоры Серік Жартыбаев білім ор­дасындағы жаңғыртылған оқу кабинеттері, 3-D модельдеу, робот және электр техни­ка­сы, же­лілік әкімшілеу, графи­ка­лық және веб-дизайн зертхана­ла­ры­ның ашылуы туралы айтып берді.

– Колледжде ашылған бизнес-инкубаторда жүзден аса табысты стартап жобалар құрастырылды. Біз Мicrosoft және Festo сияқты халықаралық компаниялармен, Іt-hub академиясымен және Скол­ково ғылым және технологиялар институтымен әріптестік орнаттық, – деді С.Жартыбаев.

Облыс әкімдігінің қолдауы­мен ІТ-колледж базасында өңір­лік «Tandau» онлайн-платформасы құрылғанын атап өткен жөн. Он төрт жасқа толған кез кел­ген тұрғын платформада тір­келіп, өзінің біліктілігіне қа­рай жұмыс таба алады. Жұмыс бе­рушілер жаңа жүйенің көме­гімен өздеріне қажетті қызметкерлерге тапсырыс беріп, жұмыскерлерді қайта даярлауға өтініш қалды­рады.

Айтпақшы, ІТ білім беру жүйе­сін дамыту Торайғыров уни­вер­ситетінде де қолға алын­ған. Ондағы ІТ-мектепке кез келген адам жазылып, қысқа мерзімді бағ­дарламалау курстарынан өте алады. Сондай-ақ университетте білікті IT-мамандарды даярлауды мақсат еткен Computer Science факультеті ашылған. «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында жүз мыңнан кем емес ІТ-маманды даярлау туралы тапсырма берген еді. Жақын арада өңірде осы салада сұранысқа ие

5 мың маман әзірлеу жоспарда бар», деді облыс әкімі Ә.Сқақов.

 

Павлодар облысы