1986 жылдың қараша айы еді. «Лениншіл жас» газетінен теориялық-саяси басылым – «Қазақстан коммунисі» журналына ауысып келгеніме жарты жылдай уақыт болған. Бір күні жауапты хатшы Әбиболла Ахметов ағамыз мені кезекті нөмір гранкаларының жағдайын біліп келу үшін баспаханаға жұмсады. Тапсырманы орындап, редакцияға қайта оралсам, Әбекең: «Бас редакторға амандасуға Рахымжан Қошқарбаев келді. Сенің кабинетіңнің есігі жабық тұрғанын көріп: «Мені күтсін. Кәкеңнен шыққан соң соғамын деп кетті», деді.
Жауапты хатшының Кәкең деп отырған кісісі осы редакцияның басшысы Кәкімжан Қазыбаев. Рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев туралы алғаш қалам тартып, деректі повесть жазған жазушы-журналист. Сондықтан Рахаңның мұнда келуі түсінікті. Бір-бірінде тығыз шаруасы болғаны ғой шамасы.
Осылай деп ойлап отырғанымда қабылдау бөлмесінен сырт киімін киіп, бері қарай бұрылған Рахымжан ағаның өзі де көрінді. Алдынан шығып амандастым. Хал-жағдай сұрасып, бөлмеге кірген соң ол кісі бас редактордың өзін менімен әңгімелесуге жібергенін айтты. «Кейін 4 жылдан соң, Ұлы Жеңістің 45 жылдығында керек болады. Ойында бұрын біз айтпаған, біз сөз етпеген тақырыптарға байланысты сауалдар жүрген болса, осы жолы сұрап алсын деп айтты», деді Рахаң маған қарап. Содан әңгіме басталып кетті. Ол төмендегі деректер мен мәліметтерге көз жеткізіп, соларды тірнектеп жинауға деген талпыныс еді, құрметті оқырман.
2. Факт
– Сіз Рейхстаг үшін шайқаста оның қабырғасына тұңғыш рет ту тіккен адамсыз. Оны жұртқа жеткізуде, сол тарихи сәтті ресми документтерде дерек ретінде дәйектеуде баспасөзде жарияланған материалдардың рөлі зор екені анық. Сұрайын дегеніміз, аға, сіздің жоғарыдағы ерлігіңіз туралы сол 1945 жылғы Жеңіс күндері қарсаңында іле-шала қалам тартқан адамдар болды ма? Болса олар кімдер еді?
– Ең алдымен 2 май күні Рейхстаг түбінде демалып жатқан бізге өзіміздің 150-ші Идрицк дивизиялық газетінің тілшісі Василий Субботин келді. Ол командирден болған жайды тәптіштеп сұрап алып, содан кейін менімен, Григорий Булатовпен сөйлесті. Тілші осылай келіп кеткен соң, ертесіне, яғни, 3 май күні біздер сол дивизиялық «Воин Родины» газетіне ірі әріптермен жазылған листок іспеттес хабардың шыққанын көрдік. Онда былай деп жазылыпты: «Отан өз ерлерінің есімін құрметпен атайды. Совет қаһармандары – халықтың адал ұлдары. Олардың теңдессіз ерлігі туралы кітаптар жазылады, әндер шығарылады. Бұл жаужүрек жігіттер гитлеризм ордасына басып кіріп, Рейхстагқа жеңіс туын қадады. Батырлар есімін жадымызда сақтайық: лейтенант Рахымжан Қошқарбаев, қызыләскер Григорий Булатов. Бұлармен тізе қоса шайқасқан басқа даңқты жауынгерлердің есімдері: Провоторов, Лысенко, Орешко, Бреховецкий, Сорокин. Батырлардың даңқы арта берсін!».
Ал 5 май күні осы газетке соның алдында бізбен жолығып, әңгімелескен журналист Василий Субботиннің «Олар жеңіс тұғырын көтерді» деген тақырыппен өз аты-жөнін қойған көлемді мақаласы шықты. Мұнда болған оқиға төмендегідей мазмұнда жан-жақты ашып көрсетіліп, толық баяндалған.
«Командирлер лейтенант Рақымжан Қошқарбаевты нағыз ержүрек жігіт ретінде білетін. Оны капитан Давыдов міне, сол себепті де өз штабына шақыртқан еді. Ол Қошқарбаевқа жалау ұсынды. Алқызыл ту Берлин қамалына дейінгі қиын жолды бұзып-жарып өткен, осылайша, өз қандарын аямай төккен жандардың алға қарай ұмтылыстары мен арман-мүдделерінің символы секілді болатын.
– Мұны Рейхстаг ғимаратына тік, – деді офицер.
Давыдов лейтенантты терезенің жанына шақырып, алаңнан ары қарайғы жерді нұсқады. Ол жер Рейхстаг – гитлершілердің мекені еді.
Қошқарбаев, қызыләскер Григорий Булатов, сондай-ақ олардың соңынан ерген басқа да батыл жеті жауынгер сыртқа бірінші қабаттың терезесінен секіріп түсті. Рейхстагқа дейінгі жол от кешу жолы, төзімге толы ерік-жігер мен жүйкені ширықтырған өте қиын жол болды. Үйлер өртеніп, отқа оранған болатын. Ал снарядтар көшедегі бетон плиталарды тас-талқан етіп, ысқырған оқтар болса үй қабырғаларын шұрқ тесік етіп жатты. Сыртқа шыққан жігіттер алға қарай адымдап, кішкене жүгіргеннен кейін оқ нөсерінен бас көтере алмай бұғып қалды. Жан-жағына қараған Булатов:
– Біз екеуміз ғана қалдық. Бораған оқ оларды бізден бөліп тастады, – деді.
Осылайша, жауынгерлер әрі қарай жүре берді. Қара қоңыр қағазға оралған жалау Қошқарбаевтың дәл жүрек тұсында жатқан болатын. Біртіндеп, арақашықтық қысқарғандай болды. Офицер мен жауынгер көпірге канал арқылы жетті. Рейхстаг қол созым жерде ғана еді. Алайда, бораған оқ үдей түсті. Дәл осы жерде, көпірдің астында, офицер сия қарындашпен жалаушаға үлкен әріптермен: «Лейтенант Қошқарбаев, жауынгер Булатов» деп өз аты-жөндерін жазды. Ал төменгі тұсына өз бөлімдері мен бөлімшелерін белгілеп қойды.
Аз-кем уақыттан кейін оларға Виктор Провоторов, Иван Лысенко, Михаил Габидуллин, Степан Орешко, Павел Бреховецкий, Михаил Почковский сынды серіктері, олармен қоса, лейтенант Семен Сорокин де келіп қосылды. Олар жаңа серпінмен оқыс қимылдап, алға ұмтылды. Міне, қою қара түтінге оранған Рейхстаг қақпасы. Снаряд жарықшақтарымен зақымдалған алып бағандар, автомат оқтары осып өткен адам, ат мүсіндері, кірпішпен жабылып, бітелген биік те ұзын терезелер. Олар осыларды көріп, ішкі түйсіктерімен сезіп келеді, діттеген жерге де жақын қалған сияқты. Лейтенант Сорокин өзге сарбаздармен бірге кіреберіс жолдарды қалқалап, қалып қойды. Тап осы кезде Қошқарбаев Булатовты терезенің жақтауына дейін шығарып, көтеріп тұрып: «Туды тік, Булатов! Қабырғаға қада!», деді. Осылайша, олар бірігіп, Рейхстагтың кіре берісіне алқызыл жалауды ілді.
Дәл осы минутта маңайда бейнебір тыныштық орнағандай болды. Сарбаздар, сержанттар, офицерлер – Берлинге жеткен барлық әскерлер Жеңістің жалауын көрді. Рейхстагқа тігілген бұл туда күл мен өртке оранған селоларымыз, дұшпанның қиянатын басынан кешірген қалаларымыз арқылы бізді өшпенділіктің ошағы – Берлинге дейін жеткізген соғыстың ұлы және қиын жолы бейнеленіп тұрғандай болып көрінді. В.Субботин».
Ұмытып барады екенмін, 2 май күні осы Василий Субботиннен кейін іле-шала 3-ші армияның «Фронтовик» газетінен суретші-график Илья Кричевский мен фототілші Владимир Гребневтің келгені бар. Бұлар да бізбен жеке-жеке әңгімелесіп, содан соң батальон командирі Сергей Неустроевтен газетке кімдердің суреттерін берген дұрыс деп сұрады. Ол фотоға түсіруге мені, ал автопортрет секілді суретке рота командирі Илья Сьяновты лайықты деп шешті. Сөйтіп, Владимир Гребневтің сондағы түсірген фотосы армиялық «Фронтовик» газетінің 17 майдағы нөмірінде «Берлин шабуылының батырлары» деген атпен жарық көріп еді. Осы екі аралықта өзіміздің 150-ші Идрицк дивизиясының командирі, генерал-лейтенант Василий Митрофанович Шатиловтың, «Правда» газетінің тілшісі Мартын Мержанов пен «Красная звезда» басылымының қызметкері Лев Деманның, «Литературная газетаның» майдандық тілшісі болып жүрген атақты жазушы Борис Горбатовтың да келіп сөйлескені әлі күнге дейін көз алдымда. Сондағы жүздесуден алған әсері болуы керек, көрнекті қаламгер СССР Жазушылар одағының 1948 жылғы 18 декабрьде патриотизм тақырыбы туралы Мәскеуде өткелі жатқан пленумы қарсаңында: «...Расында да, біздің армиямыздың жауынгерлерін қырандарға теңеуді доғаратын кез жетті. Менің көзімше... Рейхстагқа жеңіс жалауын тіккен қазақ Қошқарбаевпен қандай бүркіт теңесе алады? Мұндай батырды көрсету үшін, тіпті де басқаша поэтикалық құрылым, басқа поэзия – социалистік реализм поэзиясы керек...» – деп жазды.
Енді сөз ретіне қарай 1949 жылы көктемде Мәскеуден Алматыға атақты кинорежиссер, Социалистік Еңбек Ері Роман Карменнің келгенін айтайын. Бұл кісінің Қазақстанға атбасын бұруының себебі, сол кездері одақ экрандарында әрбір маусым сайын бір шығып тұратын «Советтік Қазақстан» киножурналын түсіріп қайту екен. Сонда Роман Лазаревич мені көп іздеп, көп сұрастырып, таба алмапты. Ақыры тиісті жұмыстарын бітіріп болып, Мәскеуге қайтарында «Казахстанская правда» газетіне сұхбат беріпті. Осы басылым тілшісінің 1949 жылғы 8 майдағы Роман Карменмен интервьюін тауып алып, оқитын болсаңдар, онда мынадай сөйлемдер бар: «...Біз бұрынғы майдангерлердің еңбектегі істеріне кеңірек тоқталдық. Солардың бірі Қошқарбаев жолдаспен менің өте-мөте қайта кездескім келеді. Қазір ол қайда? Менде қаһарман жауынгерлердің Рейхстагқа қызыл жалау тігіп жатқан сәтін бейнелейтін кинокадрлар сақталған. Бұл 1945 жылдың сол бір естен кетпес күні болған еді».
– Ал енді аға, өзіміздің қазақ қаламгерлері мен қазақ газет-журналдары туралы әңгімеге көшейік. Олардан сол кездері сіз, сіздің ерлігіңіз туралы жазған біреу болды ма? Болса, қиянат жасамайық, сөз ретіне қарай айтып, есімдерін ел есіне салайық.
– Осыдан бұрынғы бір әңгімемде мен өзіңе 1947 жылы әскерден босап, елге келдім деп айттым ғой. Тиісті жұмысымды істеп жүріп жаттым. Сондағы таңғалғаным, өзіміздің қалам иелері арасынан: «Орталық газеттер осы жігіт туралы 1945 жылдан бері жазып жатыр ғой. Сол оқиға қалай болды екен? Біз де білейік те», деп сұраған бірде-бір жанды кездестірмедім. Сөйтіп, арада он жылға жуық уақыт өтті. 1956 жылы атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы Мәскеудегі әскери қызметінен босап, Алматыға келіпті деп естідім. Жұмыстан қолым тимей, әне-міне деп жүріп, 1957 жылдың аяғында ғой деймін, сәлем беруге бардым. Жақсы қабылдады. Дастарқан басында айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Кетерімде қайда, кімнің қарауында, нендей қызмет істейтінімді жазып алып қалды. Көп кешікпей мынадай әңгімені құлағым шалды. Өзім іздеп барған сол Баукең, аруағыңнан айналайын Бауыржан ағам Қазақстан Жазушылар одағындағы үлкен жиынға барғанда сөз алыпты да: «Бізде осындай адам бар. Оны білмейсіңдер, көрмейсіңдер. Ол «исторический человек» деп әлдекімдерге қатты кейіпті. Содан бір күні мені журналист, республикалық «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы Кәкімжан Қазыбаев іздеп келіп сөйлесті. Кейін оның газеттің 1958 жылғы 20 февраль күнгі санында «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген көлемді очеркі басылды. Бұл республика баспасөзінде мен жайында шыққан тұңғыш мақала еді. Кәкең, Кәкімжан ағаларыңды міне, содан бері өте жақсы білемін, қарағым. Ол менің жолдасым, досым, бауырым десем де болады. Құдай көп көрмесін, 28 жылдан бері бір-бірімізге сүйеу, демеу болып келе жатырмыз. Алда да осылай бола бергей деп тілеймін Жаратқаннан.
– Лайым солай болсын. Тілегіңізге жетіңіз, ағасы! Енді манағы үзіліп қалған әңгімеміздің жалғасы – сіз туралы жазуды жалғастырған орталық газеттер материалдарына қайта оралсақ. Кейінгі зерттеушілердің іздеп тауып, танысуына жеңіл болсын, 60-70-жылдары Мәскеуден шығатын белді басылымдарда кімдердің қандай дүниелері, қашан, қай уақытта жарық көрді? Оларды мүмкіндігінше нақты, олай болмаған жағдайда шамамен болжап айта аласыз ба?
– Көп қой олар. Ерекше есімде қалғаны деп бірінші кезекте, мысалы, сол баяғы ескі танысым, соғыс кезіндегі дивизиялық газеттің тілшісі, ал кейін деректі прозаның көрнекті өкілі болған Василий Субботиннің 1960 жылғы «Новый мир» журналының №5 санында жарияланған «Мың төрт жүз оныншы күн» атты мақаласын айтуға болады. Онда ол мәселеге жаңаша қырынан келіп, материалын біраз тың деректермен байытып жазған. Содан кейін соғыс кезінде біздің 3-ші армиялық газеттің суретшісі болған, бейбіт кезеңде қаламы ұшқыр журналист атанған Илья Кричевскийдің 1962 жылғы 9 майда «Комсомольская правда» газетінде «Ерекше тапсырма» атты естелігі жарық көрді. Онда ол: «Зеңбірек расчетінің командирі, сержант Хабибуллин Рейхстагқа тура наводкамен бірінші болып оқ жаудырса, лейтенант Қошқарбаевтың взводы осы жау ордасының ғимаратына басқалардан бұрын жетіп, оның кіреберістегі қабырғасына қызыл жалауды қадады», деп болған оқиғаны нақты айтқан. Осындай жарияланымдар «Жеңіс туы қалай тігіліп еді?» деген тақырыппен 1963 жылы 9 майда «Правдада», «Отты жылдар хикаясы» деп 1964 жылы 25 февральда «Литературная газетада», «Ту ұстаушылар» тақырыбымен 1964 жылы 30 апрельде «Комсомольская правдада» шықты. Бұлардың бәрінде де Григорий Булатов пен менің Рейхстаг қабырғасына 674-ші полк командирлерінің берген қызыл жалауын қалай апарып тіккеніміз туралы егжей-тегжейлі жазылған.
Осы арада өзім үшін ерекше оқиға деп бағалайтын мынадай екі-үш жағдайды да айта кеткенді жөн көріп отырмын. Біріншісі – 1965 жылы 6 майда Мәскеуге арнайы шақырылып, Орталық телевизиядағы «Көгілдір от» хабарына қатысуым. Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған сол кездегі бұл қызықты бағдарламада мен Совет Одағының үш мәрте Батырлары, әйгілі ұшқыштар Александр Иванович Покрышкин мен Иван Никитич Кожедуб, Украина мен Белоруссиядағы партизан құрамасының жаужүрек командирі генерал-майор Александр Николаевич Сабуров пен жазушы Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы хикая» повесінің прототипі Алексей Маресьев секілді танымал тұлғалармен қатар отырып, өзіме сөз тигенде 1945 жылдың 30 апрелі күнгі тарихи оқиғаны толық айтып бердім.
Содан сол жылы... иә, сол 1965 жылдың жазға салым кезі ғой деймін, мені қазақ баспасөз бетінде тұңғыш жазған журналист Кәкімжан Қазыбаев іздестіріп жатыр деп естідім. Кәкең ол кезде «Лениншіл жастан» ауысып, астаналық Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының бірінші орынбасары қызметіне барған болатын. Не жағдай екен деп телефон соқсам, ол жұмыс орнымда болуымды өтінді де көп кешікпей Алматыға Герман Демократиялық Республикасынан келген Карл Кокошко деген неміс журналисін алып жетті. Бұл кісі соғыс аяқталғанда 15-16 жастағы бала екен. 1953 жылы Берлинде жоғары оқу орнын бітіреді. 1960 жылы қалалық газетте жұмыс істеп жүргенде, қолына уақыт табынан сарғайған бір парақ қағаз түседі. Ол документ баспаханадан неміс тілінде басылыпты. Карл оны оқып, зерттей келе мұның совет әскерлері Берлинді алған 1945 жылғы май күндерінде шығарылған листовка екеніне көз жеткізеді.
– Бұл сол кездегі антифашистердің тірлігі еді, – деді осы жерге келгенде шетелдік қонақ. – Гитлер режиміне қарсы күрескен неміс коммунистері халыққа соғыстың соңғы күндеріндегі болып жатқан жаңалықтарды мүмкіндігінше тез жеткізіп отыруға тырысқан ғой.
Карл осылай деді де өзі алып келген листовкада Қошқарбаев деген менің фамилиямның бар екенін айтты. Бұл сөзді естігенде таңғалып, үн-түнсіз отырып қалдым. «Не деп жазды екен? деймін іштей. – Олар мені қайдан біледі?». Осындай ойлардың қамауында отырып: «Листовкадағы сөйлемдерді немісшеден орысшаға аударып, мазмұнын айтып бере аласыз ба?» дедім қонаққа. Ол менің бұл өтінішіме ынты-шынтымен келісіп, сарғайып, әбден тозығы жеткен қағаздан: «Ұмытылмас фактілер. Рейхстагқа бірінші болып лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов жетті. Сөйтіп олар жеңіс жалауын тікті» деген сөздерді орыс тілінде өте түсінікті етіп жеткізді. Сөйтті де аудармасының соңын: «Ал Рейхстагтың үстіне жеңіс туын тіккен Егоров пен Кантария. Рейхстагтың ішіне алғашқылардың бірі болып басып кірген Сьяновтың, Грищенконың, Неустроевтың, Давыдовтың, Логвиненконың жауынгерлері», деп бітірді.
Мен соғыстың соңғы күндеріндегі Берлин тұрғындарына таратылған осы листовканың бір данасын 20 жылдан кейін тауып алып, оны көрсетіп, оқып беру үшін сонау ГДР-дан Қазақстанға келген Карл Кокошкоға қатты риза болдым. Кәкімжан екеуміз біраз күнге дейін оны жібермей, Алматының әдемі жерлерімен таныстырдық. Медеуде суретке түсіріп, Кәкең мен біздің үйде кезек-кезек қонақ еттік. Сөйтіп, оны еліне риза қылып аттандырдық.
Айта берсем, жоғарыдағыдай фактілер менің өмір жолымда өте көп қарағым. Соның бәрі Рейхстагқа шабуыл кезіндегі әр сағат, әр минутқа қатысты оқиға деректерін нақтылап, байыта түседі дер едім. Соғыс бітіп, жеңіс жаңғырығы алыстаған сайын Берлинді алып, жауды тізе бүктіру тақырыбын, оның белгісіз, беймәлім беттерін зерттеп, жазатындар көбейе түсуде. Оған мысал, осы 70-жылдардың өзінде, нақтылап айтсам, 1973 жылы сентябрьде мені Алматыға «Брест қорғаны» атты атақты кітаптың авторы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Сергей Сергеевич Смирнов іздеп келіп, Орталық телевизиядан жақсы хабар берді. 1975 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде «Правда» газетінің майдандағы тілшісі болған Мартын Мержановтың Мәскеудегі «Саяси әдебиеттер баспасынан» «Бұл осылай болған» деген деректі кітабы шықса, ал 1980 жылы Жеңістің 35 жылдығы қарсаңында баяғы 150-ші Идрицк дивизиясының командирі, генерал-лейтенант Василий Митрофанович Шатиловтың «Рейхстаг үстіндегі ту» атты мемуары жарық көрді. Сондағы бұлардың бәрінің де айтатыны, жазатыны – Берлинге шабуыл, жеңіс жалауының тігілу оқиғасы. Осы еңбектерде де менің есімім ұмытылмай аталып өтілген. Бұл маған деген құрмет, берілген баға деп есептеймін. Бір арманым – жазу-сызумен айналысып жүрген кейінгі ұрпақ өкілдері осыларды жинаса, жүйелесе дұрыс болар еді. Сонда ел есінде қалып, жұрт жадында жүрер едік деймін де.
– Жоғарыдағы өзіңіз айтқан газет-журналдар мен кітаптарға қарап отырсақ, сізге көптеген көрнекті қаламгерлердің назары ауыпты. Олар сіздің жасаған ерлігіңізді әр кездері қадери-халінше жазып, насихаттапты, баға беріп, мәселелер көтеріпті. Дегенмен де дейміз де... Айтыңызшы, аға, архивіңізде, жеке қағаздар сақтайтын папкаңызда өз жүрегіңізге жақын, өзіңіз етене жақсы көретін документтер мен хаттар, суреттер бар ма? Бар болса ол қандай дүниелер? Бұлар сізге несімен ерекше, несімен ыстық деп ойлайсыз?
– Иә, ондай жәдігерлер бар. Бірақ көп емес. Екеу. Соның біріншісі деп 1963 жылы Мәскеуден шыққан «Ұлы Отан соғысы тарихының» бесінші томын айтуға болады. Бұл академиялық, редколлегия мүшелері кәсіби білігі өте жоғары мамандардан тұратын салмақты кітап. Міне, осы іргелі еңбектің 7-ші тарауындағы 283-ші бетте «... 674-ші атқыштар полкынан шыққан Р.Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Г.П.Булатовтың жалаулары желбіреп тұрды» деп жазылған. Осы сөйлемдер мен үшін аса қымбат. Себебі бұл тарихта қалатын тарихи сөз, шырағым. Ал жеке архивімдегі өзіме етене жақын екінші документ – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Ілияс Омаровтың мені 1970 жылы Ұлы Жеңістің 25 жылдығымен құттықтап жазған хаты. «Қалқам, Рахымжан!» – делінген онда. – Ұлы Отан соғысының жеңісіне ширек ғасыр толды. Бұл күні біз келешек үшін құрбан боп кеткен көп азаматтардың аруағының алдында басымызды иеміз, фашизмнің қанды ордасын талқандап, шаңырағына советтік алқызыл ту тіккен ерлерімізді мақтан етіп, құшақтап сүйеміз. Жас та болса ерлікке бас болған қас батырларымыздың алдыңғы сапында сен тұрсаң, Рахымжан!
Әңгіме атақта емес, адамзаттың бақытына қосқан үлесте ғой. Сен бізге істеген ерлігіңнің адам баласы тарихынан орын алған мән-мазмұнымен қымбаттысың. Мерекең құтты болсын, інім. Көп жаса. Үй ішіңе бақыт тілеймін. Ағаң – Ілияс Омаров, Алматы, аурухана, 6 май, 1970 жыл».
Міне, мен үшін ең қымбат хат, өзіме етене жақын нәрсе осы, шырағым.
– Ұлы Отан соғысынан кейін Берлинге, өзіңіз ту тіккен Рейхстагқа барудың сәті түсті ме?
– Мен онда үш рет болдым. 1965 жылдың 8 майы күні совет-герман достық қоғамының шақыруымен Берлинге бардым. Ондағы Рейхстагты, Бранденбург қақпасын асықпай, жаяу аралап көрдім. Сол сапарда мені Берлин – Кепенинг кеме жасау заводына шақырды. Кәсіпорында жиын өтіп, онда цех бригадирі Вилл Ротер өздерінде совет-герман достығы бригадасы құрылғанын салтанатты түрде жария етті. Бұл бригаданы совет жауынгері Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен атау жөніндегі шешімді жиналғандар қол соғып, қызу қарсы алды. Содан кейін 1970 жылғы 6 майда менің Берлинге екінші рет жолым түсті. Ол да бір әсерлі кездесулерге толы сапар болды. ГДР-дің Ұлттық Қорғаныс министрлігінде қызмет істейтін генерал-лейтенант Оттомар Пехпен, біздің еліміздің үлкен досы, 1965 жылы мені Алматыға іздеп келетін жазушы Карл Кокошкомен жүздесіп, әңгімелескенімді ешқашан ұмытпаймын. Ал 1975 жылы 24 апрельде неміс жеріне тағы да жолым түсті. Онда мен Кельн, Потсдам қалаларында болып, совет әскерлерінің сондағы шектеулі контингенті жауынгерлерімен кездестім.
– Қанды көйлек досыңыз Григорий Булатовтың жағдайы қалай? Онымен хат алысып, хабарласып тұрасыз ба?
– Ол бір ақкөңіл, үнемі күліп жүретін қабағы ашық ғажап жігіт еді. Вятканың орысы болатын. 18 жас деген немене? Міне, көкөрім, сондай жас шағында менімен отқа да, суға да түсіп жүріп үлкен ерлік жасады ғой. Кеудесіне жауынгерлік Қызыл Ту орденін қадап еліне оралғанда бәрі таңғалыпты. Бірақ айтқан әңгімесіне сенбеген. Содан ол Мәскеудің ар жағындағы Кировск қаласына барып жұмыс істеген. 1960 жылдан бастап Ұлы Отан соғысына қатысқандардың майдандағы ерліктері жүйелі түрде айтылып, жазыла бастады ғой. Міне, сонда ол өзімен бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріне Рейхстаг оқиғасын айтса, оны олар жеңіл-желпі әңгімеге балап, онша назар аудармаған. Содан ол шамданып, заводтағы партком секретарына барады да жоғары жақтан сөз болып отырған фактіні дәлелдейтін анықтама әперуді талап етеді. Басшылық бұған мән бермей, ескерусіз қалдырады. Осыдан кейін ол ішімдікке бой алдырады. Кочегар болып жүріп, өзіне өзі қол салғалы жатқанда, біреулер көріп қалып, құтқарып қалады. Осының бәрін маған мамандығы геолог кластас досы хат жазып, хабарлаған еді. «Екі жылға Моңғолияға жұмыс істеуге кетіп бара жатырмын. Мен келгенше ақылыңызды айтып, сабырлыққа шақырсаңыз жақсы болар еді» деп қаруласымның үй адресі мен қалалық соғыс ардагерлері кеңесінің телефонын жазып жіберіпті. Ұмытпасам, бұл 70-жылдардың ортасы немесе аяқ кезі. Содан біраз уақыт ойланып-толғанып жүріп, Кировск қалалық партия комитетіне хат жібердім. Онда Григорий Булатовтың соғыс кезінде көрсеткен ерлігін толық баяндаған едім. Көп кешікпей ол жақтан хабар келді. Қайран дос қайтыс болыпты. Қай кезде, қандай жағдайда?.. Ол жағы жіберілген жауап хатта айтылмаған. Оқ пен оттан аман өткен бейбақтың бейбіт күндегі жағдайы міне, осындай болды.
Осылай деп әңгімесін аяқтаған Рахаң: «Тағы қандай сұрағың бар?» дегендей бетіме қарады. Мен ағамыздан өзінің отбасы мен туған жері – Ақмола өңірі, ондағы туған-туыстарымен байланысы туралы қысқаша айта кетуін өтіндім. Бұған ол кісі зайыбы Рахила Сейдахметқызы Яхинаның Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқытушы екенін, екеуі Сая атты қыз тәрбиелеп отырғандарын сөз етті де, ағайындарына келгенде немере бауыры Кәртай Мұсабеков туралы айтты. «Қошқарбайдың әкесі Мұса болса, Мұсабек сол кісінің інісі. Ал Кәртай сол Мұсабектің баласы, – деді Рахаң. – Мен соғысқа кеткенде Кәртай броньмен Ақмолада қалды. Ол сол кездері Мелитопольден көшіп келген снаряд зауытында жұмысшы еді. Сол кәсіпорын кейін Целиноград насос зауыты болды. Кәртай осы жерде табан аудармай 45 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Ленин орденінің иегері. 1980 жылы ол екеумізге Целиноград қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Әкем Қошқарбайдың екінші әйелі Жұмақыздан туған қарындасым Кенже де сол облыс орталығында тұрады. Немере қарындасым Рымжан Целиноград кооператив техникумында оқытушы. Тағы бір туыс апайым Гүлшен Жұмағожина – зейнеткер. Күйеуі Мұзафар Жұмағожин – облыстық әскери комиссар, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер», – деді.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––
Суреттерде: Кеңес Одағының Батыры атағын үш мәрте алған әуе сайыпқыраны И.Н.Кожедуб пен Рейхстаг қаһарманы Р.Қошқарбаев. Мәскеу. 1971 жыл. Атақты жазушы Б.Полевойдың «Нағыз адам туралы хикая» повесінің прототипі, Кеңес Одағының Батыры А.П.Маресьев пен Р.Қошқарбаев. Мәскеу. 1975 жыл.
(Басы 77-79-нөмірлерде. Жалғасы бар).