Тарих • 21 Маусым, 2022

Тарих парадигмасы

17708 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін совет-герман соғысының басталған күні. Жиырмасыншы ғасырда адамзатқа алапат апат әкелген жаһандық соғыстан біз қандай сабақ алдық? Төңіректе болып жатқан қанды қырғындарға қарасақ, базбіреулер тарихтан тиісті тағылым алмаған сияқты. Жер-шарын жалмаған жаһандық соғыс тақырыбын әркім өз мүддесі тұрғысынан түсіндіріп, насихат құралына айналдырып әлек.

Әйгілі Румиден жеткен пілді тұспалмен тану туралы ежелгі тәмсіл бар. Су қараңғыда сипаланған пақырлардың бірі пілді қаудырлаған алып құлақ, келесісі иірілген ұзын тұмсық, енді бірі бөренедей жуан сирақ деп жорыған. Шамсыз жерде шарасыз қалған пенделер алып жануарды тұтас күйінде елес­тете алмай, осылайша пұшайман болған.Бұл мысал ақиқатты адаспай табу, тарлан тарихты бұрмаламай тану үшін көзге сәуле, көкірекке шырақ керек екендігін түсіндіріп тұр. Шын мәнінде тарих өткенмен кектесу үшін емес, шындықпен сырласып беттесу үшін қажет. Өйткені тарих – адамзаттың шындыққа айналған тағдыры, түйінделген өмір тәжірибесі, өткен күннің белгісі, ақиқаттың көмбесі. Ешкім өзгерте алмайтын тауарихты өмірге қайта оралтып, қалпына келтіру де мүмкін емес. Кенішінен тағылым түйіп, сабақ алу ғана парыз. Ал тарихтан тағылым түймегендер жадысынан жаңылып, қатал уақыт дауылының толқынына соғылады. Сондықтан тарих сабақ ала алмағандар үшін қайталанып, тарпаң мінезбен таптап тастауы ықтимал. Айталық СССР – біздің тарихымыз, сан алуан сипатымен кешегі замандағы шындығымыз, аға буын үшін естеліктер елесі. Ал оны ұлттар шындығы мен тәуелсіздік мұраттарын таптай отырып қалпына келтіру – әсте мүмкін емес.

Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы да осыған орайлас. Өткенге көз жүгіртсек, «Молотов-Риббентроп пактісі» бойынша Германия мен Кеңес Одағы Польшаны өзара бөліске салып, Финляндия, Эстония, Латвия, Литва және Румыния бойынша өздерінің «ықпал ету алаңдарын» белгілеу оқиғасы Екінші дүниежүзілік соғыстың табалдырығы еді. Әлемге озбырлықпен үстемдік жүргізу үшін миллиондаған адамның өмірін жалмап, жер жүзін ойрандағандардың саяси ойынын жалпы адамзатқа жасалған жауыздық деуге болады. Бұл ретте Мұстафа Шоқайдың: «Гитлер де, Сталин де залым. Бірі −  әсіре ұлтшыл – нацист, екіншісі − интернационалист болып көрінгеніне қарамастан, екеуінің залымдығы тең дәрежеде» – деп екі тиранның адамзатқа ауыр зардап тигізетінін айтып кеткені еске түседі.

Бұл соғыста СССР-ді қорғау үшін талай боздақтарымыз шейіт болды. Қазақтар Мәскеу, Сталинград пен Ленинград үшін кеудесін оққа тосты, Украина ормандарында ерлікпен шайқасты. Олар оны ешкімге міндетсінген жоқ. Соғыстан аман-сау оралған ерлер елдің езілген еңсесін, сынған сағын, қайтқан бағын қайта түлетті, мәдениет пен әдебиетке ұшан теңіз олжа салды. Сондай соғыста майдангер, бейбіт күнде қаламгер бола білген тұлғаның ұлы кеше ғана Петерборда бейбітшілік пен ізгілікті қолдап, келелі пікірін, азаматтық үнін ашық білдіруі – дәстүр сабақтастығының көрінісі.

Тарих тағылымы туралы сөз қозғағанда Тұран мен Иранның қанаттас ұғым, санаттас құндылық ретінде дәуір керуенінің соқпақ сорабынан бүгінге жеткені қайран қалдырады. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Фирдоуси өзінің «Шахнамасында» Иран мен Тұранның Ұлы Жібек жолындағы тағдырлас елдер екенін атап өткен», – деуі заңдылық. Мемлекет басшысының Иран сапары тарих тұрғысынан ғана емес, геосаяси жағынан да елеулі оқиға болды. Арқадан шыққан пойыздың Түрікменстан және Иран арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға жетуінің маңыздылығы Петерборда болған жиыннан кем түскен жоқ. Өйткені аймақтағы ширыққан шиеленіс жағдайында Шығыс-Батыс бағытындағы тасымал жолдарының солтүстік дәлізінің тоқырап қалуы  мен Каспий құбыр консорциумындағы апат аймақ елдеріне балама бағыттарды іздеуге түрткі болғаны анық. Қытайдан Қазақстанға келіп, одан әрі Каспий теңізі мен Баку-Тбилиси-Карс теміржолы арқылы өтетін Орта дәліз бен «Зәнгәзүр дәлізі» әлі толық іске қосылған жоқ. Осы жағдайда Иран аумағы арқылы өтетін «Оңтүстік» дәлізінің өзектілігі өзінен-өзі түсінікті. Әрине, барыс-келіс пен алыс-беріс елдерді байытады, байланыстырады, ал соғыс пен ұрыс-керіс халықтарды кедейшілікке ұшыратады. Сондықтан Қазақстан жаһандағы қалыптасқан жағдайда өзінің шығыс пен батыс, күнгей мен теріскей арасындағы тарихи дәнекершілік мәртебесін одан әрі күшейтуге бейіл екенін байқатты.

Тарих – алыстаған сайын сағымға айналады; ол бізге ұрпақты өткеннің елестеріне табындыру үшін емес, болашақтың белестерін бағындыру үшін, кешегіден сабақ алып, келешектің кемел келбетін қалыптастыру үшін құнды құрал. Сайын далада сауын айтып Құрылтай шақырып бабалар дәстүрін сабақтастырған, Жібек жолын жаңғыртып, өркениеттерді жалғаған жаңа Қазақстанның батыл қадамдарын тарих парадигмасы тұрғысынан осылай пайымдауға болады.