Қоғам • 22 Маусым, 2022

Шегірткеге қарсы күрес басталды

813 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерді шегіртке және карантиндік зиянкестерге қарсы күрес, егістіктерді аса қауіпті зиянды организмдерден қорғау жұмыстарымен хабардар етті.

Шегірткеге қарсы күрес басталды

Оның айтуынша, республика аумағын­да ерекше қауіпті организмдердің 12 түрі, зиянды организмдердің 5 түрі және ка­рантиндік объектілердің 14 түрі таралған.

«Биыл үйірлі шегірткелер жалпы 997,2 мың гектар алаңда, оның ішінде италиялық прус – 760 мың гектар, азиялық шегірткелер – 201 мың гектар және марокко шегірткелері – 35 мың гектар, саяқ шегірткелер 270 мың гектар алаңда таралған. Шегірткелерге қарсы күреске республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 659 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы пес­тицидтер мен химиялық өңдеу қызметтерін барлық болжанған алаңға сатып алуға мүмкіндік берді», деді спикер.

Облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өңір­лерде облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылды және мониторингпен химиялық өңдеу жұмыстарды ұйымдастыру жұмыс жос­парлары бекітілді.

Үйірлі шегіртке зиянкестерінің ошақ­тарын анықтау үшін GPS навигаторларды, GPS трекерлерді, планшеттерді пай­далана отырып, 527 автокөлік пен 1 239 тексеруші тартылып, 38 млн гектар жер тек­серіледі. Үйірлі шегірткелерге қар­сы химиялық өңдеу жүргізуге 165 арнайы бүріккіш техника тартылды.

«Өңдеу уақтылы және жоғары био­ло­­гиялық тиімділікпен жүргізіледі. Ше­гірт­­­келердің ҚХР, РФ, ӨР секілді көр­ші­лес мемлекеттерімен шекаралас аумақ­тарымызға көшуін болдырмау үшін шегірткелер зиянкестерін анықтау мақ­сатында бірлескен зерттеулер жүргізілді. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік­терін зақымдау, сондай-ақ шегірткелер зиян­кестерінің көрші мемлекеттердің шектес аумақ­тары­на көшуі анықталмады. Айта кете­йік, фитосанитарлық шаралардың нәтижесінде шегірткелердің таралу алаңы 1,7 млн гектардан (2018 жылы), 970 мың гектарға (2022 жылы) дейін қысқартылды. Зиянды арамшөптер бойынша биыл тексеру алаңы 8,7 млн гектарды құрады. Арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 14 млн гектар алаңда жүргізілмек. Биыл гербицидтерге бөлінген субсидияның 40 млрд теңгесі 24,7 млн гектар жерге химиялық өң­деу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бе­реді. Жалпы, 2022 жылы аса қауіпті зиян­ды организмдер бойынша таралу көлемі 2,1 млн гектар көлемінде болжану­да, оның ішінде дәнді дақылдар аурулары – 1,7 млн гектар, астықтың сұр көбелегі – 221 мың гектар. Пестицидтердің құнын 50%-ға арзандатуға 2 млрд теңге сомасында субсидиялау көзделген, бұл өңделген аумақты – 1,8 млн гектар жерді субсидиялауға мүмкіндік берді», деді ведомство өкілі.

Осы жылдың мамыр айының соңын­да және маусым айының басында Ақтөбе және Атырау облыстарының жайы­лымдық жерлерінде шалғынды көбе­лек­терінің ұшуы байқалды, шалғын көбе­легінің бірінші дернәсілдерінен ауыл шаруашылығы егістіктері зақымданған жоқ.

«Зерттеуші мекеме мамандарымен 58 мың гектар алқапта зерттеу жүр­гізіл­ді, шалғынды көбелегінің зиянды­лық­­тың экономикалық шегінен жоғары қо­ныс­­тану алаңы 11,5 мың гектар көле­мін­де белгіленді. Бұл жерлер Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарының аума­ғында. Фитосанитарлық ахуалдың нашар­лау тәуекелдеріне шұғыл ден қою мақ­сатын­да шалғын көбелекті аса қауіпті зиян­­ды организмдер тізбесіне ауыстыру жө­нінде шаралар қабылданып, тиісті бұй­рық бекітілді. Бұл бұйрық жергілік­ті ат­қарушы органдарға өз есебінен күрес­ке қаражат бөлуге рұқсат етеді. Қабыл­данып жатқан шараларға қосымша фито­са­нитарлық ахуал нашарлаған кезде шұғыл фитосанитарлық іс-шаралар­ды жүргізу тәртібін регламент­теуді көздейтін бұйрық жобасы әзірленді. Ол мемлекеттік органдармен келісуден өтіп жатыр. Жақын арада бұл бұйрық бекі­тіледі деп күтілуде», деді спикер.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция коми­теті төрағасының айтуын­ша, Ақтөбе және Атырау об­лыс­тары­ның әкім­дік­тері жер­­­­гілікті бюд­жет қара­жаты есебі­­­нен шал­­ғын көбе­лекке қарсы шұ­ғыл фи­то­са­ни­­тарлық өңдеу жүр­гіз­у­ді ұйымдастыру және шалғын көбе­­ле­гі­нің ауыл шаруа­шылығы егістік­терін за­қым­дауына жол бермеу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу мәселесін пысықтады.

«2020 жылға дейін шалғынды көбе­лекке қарсы фитосанитарлық іс-шаралар жергілікті бюджет қара­жаты есебінен жүргізілген. Бірақ 2019-2020 жылдардағы реформаның қоры­­тын­дысымен АШТӨ-нің талабы бо­йынша, «Атамекен» ҰКП-ның келісуі кезінде шалғын көбелегі­не қарсы қорғау іс-шараларына кет­кен пестицид­тер­дің құнына 50% субсидия бере отырып, жер иеленушілер мен жер пайда­лану­шылардың жауапкершілігіне берілген», деді А.Марс.

Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Агроөнер­кәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс бақылау-қадағалау функциялары бойынша атқарылған шараларға тоқталды.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қорытын­дысы бойынша өсімдіктер каран­тині саласындағы заңнаманы бұзғандарға 455 млн теңгеге айыппұл салынған, 6,1 мың заң бұзушылық анықталған. 2022 жылдың алты айында 137 млн теңге сомасына әкімшілік айып­пұлдар салынды, 1,8 мың заң бұзу­шылық фактісі тіркелді.

«Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Комитет экспорттаушы елдерге өнімді жеткізу ке­зін­­де бірыңғай карантиндік фитосани­тарлық талаптарына сай келмегені туралы 165 нотификация жіберді. Оның ішінде 37 нотификация карантиндік объектілердің анықталуына байланысты. Мысалы, Литвадан төрт факті тіркеліп, импортталған гүлден карантиндік зиянкес – батыс гүлдер трипсі анықталып, 35 мың дана хризантема және роза гүлдеріне тиісті нұсқама беріліп, тәркіленіп жойыл­ды. Сонымен катар Нидерланд елінен әкелінген 40 кг сәбіз тұқымында каран­тиндік ауру – зебра чип анықталып, жүк толық жойылған», деді ведомство өкілі.

Сондай-ақ, Агроөнеркәсіптік кешен­дегі мемлекеттік инспекция комитеті фито­санитарлық талаптарды импорттаушы елдермен келісу бойынша жұмыстар атқаруда. 6 айдың ішінде Қытайға экспорт құқығы бар кәсіпорындар тізімінде қазақстандық кәсіпорындардың саны 95-ке жетті. Фитосанитарлық талаптар бо­йынша 11 хаттамаға қол қойылды.

Спикер аса қауіпті және зиянды орга­низмдердің ошақтарын оқшаулау және жою бойынша уақтылы қабылданған шара­лар еліміздің фитосанитарлық жағ­дайына қолайлы әсер еткенін жеткіз­ді. Сон­дай-ақ ол «химиялық өңдеу қалай жүр­гізіледі, халыққа бұл туралы ескертіле ме?» деген журналистер сауалына жауап берді.

«Химиялық өңдеу жұмыстарын қолға алмас бұрын алдын ала бірқатар шара жүргізіледі. Оның ішіне халық­қа жайылымға мал шығару-шығармау жөнін­де және химиялық өңдеу жұмыстарының қай жерде жүргізілетіні жайлы ескерту де кіреді. Бұл жұмыстарға ауылдық округ әкімдері де қатысады. Шегірткеге, басқа зиянкестерге қарсы тиісті жұмыстарды өткізудің мерзімдері бар. Бұл туралы жергілікті жердегі халық уақтылы хабардар етіледі», деді спикер өз жауабында.