Аталған қорымдардан қола дәуіріне жататын жәдігерлер, атап айтқанда, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар қазып алынды. Ескерткіштерді қорғау орталығы директорының орынбасары Жанболат Мәжитов бұл қола және темір ғасырларының қорымдары тарихты зерделеуге мол мүмкіндік беретін аса құнды жерлеу орындары екенін айтады.
Ал археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкиннің айтуынша, бұл қорымдар ертеректе аяусыз тоналған екен.
– Мәйіттер көшіріліп, құнды заттар алынып, тек қоладан жасалған бұйымдар ғана қалған, – дейді археолог ғалым. – Балалардың біз тапқан бейіттері ересектерден бөлек орналасқан және жалпақ тастардан тұрғызылған. Сол кезде қайтыс болған адамның аруағы мұндай тастардан аттап өте алмайды және адамдарды мазаламайды деген сенім болған. Сондай-ақ балалар мәйіттерінің жанында сүт тәрізді сұйықтықтың қалдықтары бар ыдыс-аяқтар табылды.
Игорь Кукушкин бастаған экспедиция ғалымдарына академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінде оқитын студенттер көмектесіп жүр. Солардың бірі Бекарыс Тілегенов көне жәдігерлерді көзімен көріп, қолымен ұстап, тәжірибелік тұрғыда мол мағлұмат алғанына қуанышты екенін айтады.
– Қола дәуіріндегі қыш ыдыстар, қола пышақтар, сырғалар мен сақиналар таптық. Біз ежелгі адамдардың сүйектерін қазіргілермен салыстырып, нәтижесінде, айтарлықтай айырмашылықтар бар екенін байқадық. Ескі заман адамдарының қолдары мен аяқтарының сүйектері ұзын және жуан болған екен.
Сонымен қатар студент Бекарыс Тілегенов қорымнан табылған адамдардың тістерінің сап-сау және тап-таза болғанына қайран қалады. «Осы орайда көне заман адамдарының гигиенаны қалай сақтағаны таңғалдырады», дейді болашақ ғалым.
Жергілікті атқарушы билік алдағы уақытта Талды археологиялық паркінде туристер үшін ірі тарихи-мәдени орталық ашуды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – көне заманнан қалған тас пирамидаларды, қорғандарды, қорымдарды дүние жүзінің әуесқой тарихшылары мен саяхатшыларына көрсету.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы