Саясат • 23 Маусым, 2022

Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы бекітілді

467 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралып, бекітілді. Бұл құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Дүниежүзілік банктің қатысуымен әзірлеген.

Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы бекітілді

Тұжырымдамада көзделген негізгі нысаналы индикаторлар туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтып берді. Құжатта 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ІЖӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 2026 жылы $25,5 млрд-қа дейін ұлғайту көзделген.

«Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдама жобасы инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді. Инвестициялық дамудың негізгі пайымы әрбір саланың экономиканы дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, инвестициялар тартуға теңдестірілген тәсілден тұрады. Өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілеттілікті артты­рудың түйінді драйвері болып табылады» деді бұл жөнінде Тимур Жақсылықов.

Мұнда еңбек өнімділігінің өсуіне, экспорттың көлемін ұлғайтуға және күрделілігін арттыруға, неғұрлым жоғары қайта бөлу өнімінің жаңа өндірісін игеруге және өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулауға баса назар аударылады.

Бұл ретте мемлекеттік қолдау жеке капиталдың жетіспеушілігі бар жоғары технологиялық капиталды қажет ететін жобаларды іске асыру үшін басым көр­сетіледі.

Екінші маңызды драйвер – қызмет көрсету секторы.

Фокус өңірлік және жаһандық жеткізу тізбектеріне тиімді интеграция­лау үшін қажетті инфрақұрылымды да­мытуға, сондай-ақ стратегиялық ма­ңызды инвестициялық жобаларды іске асыру үшін технологиялар трансферті мен кәсіби құзыреттерді ілгерілетуге шоғырландырылмақ.

«Мемлекеттің қатысуы стратегиялық және маңызды әлеуметтік саладағы жобаларда басым болады. Ел эконо­микасындағы үлкен үлеске байланыс­ты шикізат секторы инвестициялар ағынының маңызды бағыты, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстық база болып қала береді. Бұл жерде негізгі салаларды дамыту үшін жалпы жүйелік жағдайлар жасауға, оның ішінде жаңа қайта бөлуді дамытуға, негізгі құралдарды жаңғыртуға, технологиялар трансфертіне, тиімділік пен экологияны жақсартуға баса назар аударылады», деді Т.Жақсылықов.

Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау тек деңгейлес шараларға ғана жүргізіледі. Олар – инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, жер қойнауын пайдалану құқығы, мемлекеттік кепілдіктер.

Елдің одан әрі инвестициялық дамуы барлық инвестиция үшін, әсіресе еңбек өнімділігі мен экспортқа бағдарланған инвестициялар үшін тиісті орта құрумен байланысты. Осыған орай тұжырымдама жобасы негізгі үш бағыт бойынша құрылған 45 нақты іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспарын қамтиды.

Бірінші – ашық және болжамды инвестициялық саясатты қалыптастыруға бағытталатын инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту. Осы бағыт шеңберінде құқықтық режімді жетілдіру, сот төре­лігіне сенім мен ақпаратқа қол жет­кі­зуді жақсарту, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, сондай-ақ жобалар мен өндірушілерді ілгерілетудің цифрлы құралдарын жасау арқылы инвесторлар үшін институционалдық орта мен инфрақұрылым жетілдірілмек.

Екінші – нарықтарға қолжетімділікті жақсарту және компаниялардың қалып­тасуы үшін тұрақты және ауыртпалық салынбайтын жағдайлар жасауды көз­дейтін жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу.

Үшінші – экономиканың инвес­тициялық әлеуетін ашу. Бұл бағытта мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген: тиімсіз меншік иелерін ауыстыра отырып, дәрменсіз кәсіпорындардың нарықтан жедел шығуы үшін банкроттық рәсімдерін оңайлату; капиталдар ел экономикасына қайтарылған жағдайда оларға рақым­шылық жасау; қазақстандық компания­ларды шетелдік юрисдикциялар мен офшорлық аймақтардан АХҚО юрисдикциясына ауыстыру және т.б.

Жалпы тұжырымдама жаңа инвести­циялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді ескере отырып, инвес­тициялар тарту саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу ESG талаптарын күшейту жағдайларында елдің тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар іске асырылады.

Тұжырымдама жобасы барлық мүд­делі мемлекеттік органдармен және ұйым­дармен келісе отырып жасалған.

Шетелдік инвестицияларды тарту бо­йын­ша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров баяндады. Өңірлердегі инвестициялық жағдай туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстанның шетелдік инвестициялар ағыны бойынша 46% үлесімен Орталық Азияда бұрынғысынша көш бастап тұрғанын айтты.

«Соңғы 5 жыл ішінде біздің еліміз жыл сайын 20 млрд доллардан аса инвес­тиция тартуда. Жаһандық пандемияға байланысты 2020 жыл ерекше жағдай болып, бұл кезде әлемдік инвестициялар ағымы 35%-ға азайды. 2021 жылы инвестициялық ағындар қалпына келіп, Қазақстан $23,7 млрд тартып, 37,7%-ға өсу көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес тікелей шетелдік инвестициялар жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай $25,5 млрд-ты құрауы қажет», деді А.Айдаров.

Жалпы, 2021 жылы Қазақстанға негізгі инвесторлар ретінде Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей Федерациясы, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия және Франция кірді. Француз Республикасын қоспағанда, олардың барлығында өсім байқалды.

Сондай-ақ барлық негізгі салалар бойынша да өсім бар: тау-кен өнеркәсібі – 18,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 65,4%-ға, сауда – 46,7%-ға, қаржы және сақтандыру қызметі – 57,2%-ға, құрылыс – 37,8%-ға өсті. Бұл ретте инвестициялардың төмен­деуі білім беру, денсаулық сақтау (61,6%), сумен жабдықтау (74,4%) салаларында байқалды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік инвестицияларды тарту бойынша нысаналы көрсеткіштер 11 өңір бойын­ша орындалды және асыра орындалды. Ең жоғары өсімді Түркістан, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті. Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары нысаналы көр­сет­кішке қол жеткізе алмады.

«Инвесторлармен жұмыс істеуде нақты тәсілді қамтамасыз ету үшін инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі құрылды және олар табысты жұмыс істеуде. Сыртқы деңгей – бұл біздің жалпы саны 104 бірлікті құрайтын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері және KAZAKH INVEST өкілдері. 2021 жылдың қорытындысы бойын­ша олар 1,5 мыңнан астам компаниямен жұмыстар жүргізді. Орталық деңгей – бұл барлық министрлік пен квазимемлекеттік ұйымдар. Олар 2 700-ден астам кездесу өткізді. Өңірлік деңгей – бұл барлық әкімдік. Өткен жылы өңірлерге шығумен шетелдік делегациялардың 615 сапары ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың қорытындысында жыл сайын кем дегенде шетелдіктердің қа­тысуымен 40 ірі жоба іске қосылады», деді А.Айдаров.

Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаның бірыңғай пулы қалыптастырылды. Аталған пул тоқсан сайын жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды. Бүгінгі таңда пулдың жалпы көлемі 24,4 трлн теңгені құрайтын 765 жобадан тұрады және 112 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Көптеген жобаны іске асыру 2025-2026 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Осы жылы 3,2 трлн теңге сомасына 306 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен 40 жоба бар.

Енгізілетін жобалардың ішінде: араб инвесторларының Нұр-Сұлтан қала­сын­да көпфункционалды кешен салуы, Қарағанды облысында Татнефть ком­паниясының шиналарын шығаратын зауы­т, Ақтөбе облысында 48 МВт жел электр стансасының екінші кезегін салу бойынша ENI/General Electric жобасы, бала­малы электр көздері бойынша ШҚО, Алматы, Түркістан, Ақтөбе облыста­рын­дағы 5 жобалар және т.б. бар.

А.Айдаровтың айтуынша, шетелдік инвесторларға нақты ұсыныстар қалып­тастыру үшін барлық саладан «инвес­тицияларға тапсырыстар» қалыптас­тырылады. Халықаралық стандарттарға сәйкес 200-ге жуық инвестициялық ұсы­ныс дайындалды және олар бойынша жұмыс жүргізу қолға алынды, олардың 159-ы бойынша жергілікті серіктестер бар.

Сыртқы істер министрлігі заттай гранттар, кедендік және салықтық жеңілдіктер ұсынуға арналған инвестициялық келі­сімшарттар жасайды. Пандемия мен басқа да дағдарыстық құбылыстарға қарамастан аталған мемлекеттік қызметті цифрландыру мен бизнес-процестерді тұрақты жетілдірудің арқасында инвес­тициялық келісімшарттардың саны мен инвестиция көлемі артуда. Мәселен, инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде егер 2018 жылы тек 33 келісімшарт болса, 2021 жыл­дың қорытындысы бойынша 85 инвес­тициялық келісімшарт жасалған.

«Осы жылы 44 келісімшарт жасалды, енді тағы 100-ден аса келісімшарт жасауды көздеп отырмыз. Келісімшарт жасау тұрғысынан Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Қарағанды және Алматы облыстары – неғұрлым белсенді өңір­лер. Жаңа Инвестициялық саясат тұжы­рымдамасын, ESG қағидаттарын, сонымен қатар еліміздің қажеттіліктері мен әлемдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, мына салаларға инвестиция тартуға назар аударуымыз қажет: бұлар тікелей шетелдік инвестициясының үлесі 1%-дан аз болатын агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика, қызмет көрсету секторы, финтех, жасыл энергетика, сирек жер металдары», деді А.Айдаров.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, осы жылдың 5 айында қала экономикасына 131,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ға ұлғайды. Жыл соңына дейін 538 млрд теңге инвестиция тарту жос­пар­лануда, оның көлемі 2021 жылмен са­лыстырғанда 16%-ға артады деп кү­тілуде.

«Жалпы, 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 242 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылады», деді М.Әйтенов.

Қала әкімі ірі жобаларға тоқталды. Бірінші, KAZALPACK компаниясы осы жылы құны 23,4 млрд теңгені құрайтын алюмин банкілерінің өндірісі жобасын іске қосып, 150 жаңа жұмыс орнын құрды. Сондай-ақ бұл кәсіпорын 2023-2025 жылдары алюминий тақталары өндірісі жобасын іске асырады. Оның инвестиция көлемі – 40 млрд теңге, 350 жаңа жұмыс орны ашылады.

Екінші, Karlskrona компаниясы құны 26 млрд теңгені құрайтын гидравликалық насостар өндірісі жобасын жүзеге асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Үшінші, өзбекстандық инвестордың қатысуымен Orient Ceramic компаниясы құны 13 млрд теңгеге керамикалық тақталар өндірісі жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Төртінші, 1 мың орындық көпбейінді университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру көзделген. Ин­вестиция көлемі – 120 млрд теңге.

3 мың­ға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқ­талып, сараптамадан өтуде.

Бесінші, Asia Trafo компаниясының құны 7 млрд теңгені құрайтын трансформатор өндірісі. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реактор­лар шығарылады.

Шымкент қаласының әкімі биыл өң­деу өнеркәсібі саласында құны 83 млрд теңгеге 25 жоба іске асырылатынын атап өтті. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Бүгінгі күні қалада жалпы аумағы 743 гектарды құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашыл­ды. Аймақтардың толымдылығы 90%-дан асты.

«Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұ­мыс­тары басталды», деді Мұрат Әйтенов.

Бірінші, «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Аумағы – 306 гектар. Бүгінгі күні инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд теңгеге 50-ден астам ірі ин­вестициялық жоба іске асырылады. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Бүгінгі таңда, 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кетті.

Екінші, «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Аумағы – 132 гектар. Басты ба­ғыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеу. Инфрақұрылым құры­лысы жүргізілуде. Аймақта 23 млрд тең­геге 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда 7 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телім­дері ұсынылды.

Үшінші, «Оңтүстік» арнайы эконо­микалық аймағын кеңейту. Қазіргі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық ай­мағын кеңейту бойынша қосымша 175 гектар жер учаскесі анықталды. Бұл аймақта құны 150 млрд теңгеге 30-дан астам ірі жобаны жүзеге асырып, 3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Төртінші, «Стандарт» жеке меншік индустриялық аймағы. Аумағы 119 гектарды құрайды. Бұл аймақтың ерекшелігі – инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағ­дарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыс­тары жүргізілуде.

«Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылға дейінгі инвестиция тарту жос­парына сәйкес жұмыстар жүр­гізуде. Біздің жоспарымыз бүгінгі Қазақ­стан Республикасының Ұлттық эконо­мика министрлігі ұсынған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырым­да­масына сәйкес келеді», деді қала әкімі.

Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен әзірленген. Құжат ел экономикасына тартылатын инвести­ция­лардың өсуіне айтарлықтай ықпал етеді деген сенім бар.

Жалпы, Қазақстан инвестициялар өсімінің пандемияға дейінгі деңгейіне жетті. Мәселен, биылғы 5 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар кө­лемі 2,5%-ға өсіп, 4,1 трлн теңгені құра­ды.

Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары негізгі капиталға салын­ған инвестициялар өсімінің жоғары қар­қынын көрсетіп отыр. Түркістан және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеп кеткен.

Ә.Смайылов Қазақстанның тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды ел екенін және бұл жағынан Орта­лық Азия өңірінде көш бастап тұрға­нын атап өтті. «Қазіргі жағдайда біз осы ұс­танымымызды одан әрі нықтай түсіп, шетелдік инвестициялар үшін күресте белсенді қимылдауымыз керек және инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуға тиіс», деді Үкімет басшысы.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет елдің инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын бекітті.

Премьер-Министр орталық мемле­кеттік органдар мен әкімдік­терге Инвес­тициялық саясат тұжырым­да­ма­сындағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.