Үкімет • 24 Маусым, 2022

Стрестік активтерді пайдалану тетігі жетіледі

149 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын қарады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.

Стрестік активтерді пайдалану тетігі жетіледі

Аталған құжат стрестік активтер нарығында қолданылатын нормативтік-құқықтық базаны жетілдiруге бағытталған. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова. Стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту оларды экономикалық айналымға тартуға жағдай жасайтынын мәлімдеді.

«2017 жылдан бастап жекелеген банктердің қаржылық ор­нық­тылығын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама қосылған сәттен бастап 977 млрд теңгеге қосымша провизия қа­лыптастырылды. 1,4 трлн тең­геге проблемалық қарыздар есептен шығарылды және 5,4 трлн теңгеге жаңа қарыз берілді.

Сонымен қатар 2017 жылдан бастап агенттік төлемге қабілетсіз 8 банктің лицензиясын қайтарып алды. 2017-2021 жылдар ара­лығында қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы құны 6,7 трлн теңге сомаға тең стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрады», деді М.Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы өз сөзіне стрестік активтердің 4 тобы бар екеніне назар аударды. Мәселен төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттер 870 млрд теңгеге тең. Қайта құрылымдалған кредиттер 936 млрд теңгеге жеткен.  Өндіріп алынған мүлік 156 млрд теңге көлемінде, ал банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері 356 млрд теңгені құрайды.

«Банктердің балансын жұмыс істемейтін кредиттерден мемлекет қаражатын тартпай тазартудың нарықтық тетігін құру маңызды. Бұл тұрғыда стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту қажет. Стрестік активтер нарығын құру үшін осы заң жобасы 4 заңға өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгі­зуді көздейді. Мынандай негізгі бағыттардан тұрады.

Біріншіден, заң жоба­сында стрестік активтерді автори­за­ция­ланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторларды қосу арқылы кеңейту көзделеді. Қазіргі уақытта Банк­тер туралы заңның 36-1 бабына сәйкес, авторизацияланған са­тып алушылар тізіміне екінші дең­гейдегі банктер, банктердің стрес­тік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді.

Бұл ретте, тізім кеңейтіліп, банк­тердің және микроқаржы ұйым­дарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі. Жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің тек проблемалық қарыз­дарын сатып алуға рұқсат етіледі. Заң жобасында қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқық­тарын қорғау үшін олардың несие­лерін инвесторларға сату көз­дел­меген», деді М.Әбілқасымова.

Екіншіден, заң жобасында сервистік компаниялар институтын құру қарастырылған. Олар инвесторларға проблемалы кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметін жүзеге асырады. Сервистік компаниялардың функцияларын тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.

«Сервистік компаниялар ак­тив­­терді сенімгерлік түрде басқа­рады. Өндіріп алудың жеке стра­тегиясын әзірлейтін болады және стрестік активтердің иеле­ріне бас­қа да қызметтер көрсетеді. Заң аясын­дағы деңгейде сервистік компа­ниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжі­рибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы сияқты жоғары талаптар белгіленеді.

Агенттік белгіленген талап­тарға сәйкес келетін сервистік компа­ниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орна­лас­тырады. Бұл қарыз алушы­лар­дың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі атал­ған ұйымдар Агенттіктің реттеу аясына жатады», деді М.Әбіл­қасымова.

Агенттік төрағасының сөзіне сүйенсек, заң жобасы өндіріп алынған мүліктің, яғни банктің мен­шігіне өткен мүліктің банк­­тердің және микроқаржы ұйымдарының меншігінде 3 жыл мерзі­мінде ғана болады. Бұл банк­тер мен микроқаржы ұйымдарын стрестік активтерді экономикалық айналымға жедел түрде тартуға ынталандырмақ.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баевтың айтуынша, заң инвес­тор­лардың стрестік активтер на­рығына қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы осы бағытты одан әрі дамытуды көздейді.

«Бұл заң Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Жаңа нор­малар стрестік активтер нары­ғында қолданылатын құқықтық тетіктерді жетілдiруге және осы саланың өсуіне жағдай жасауға арналған. Жаңа талаптар бұл сала­дағы рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын да қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Заң проблемалық активтерді экономикалық айна­лымға тартуға мүмкіндік бере отырып, бизнес ортаны жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлар отырыс кезінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке тө­ленетін басқа да міндетті төлем­дер туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Заңына өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қабылданды.

«Құжат биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемелерін 50 пайызға, қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30 па­йызға ұлғайтуды көздейді. Бұл ретте өндіру 2022 жылғы 31 жел­тоқ­саннан кейін басталатын жаңа кен орындарын 15 пайыз рентабельділік деңгейіне жеткенше, 5 жыл мерзімге дейін пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату ұсынылады.

Елден капиталды шығармауды ынталандыру мақсатында дивидендтер бойынша жеңілдіктерді қайта қарау ұсынылады. Бейре­зи­денттер үшін бүкіл жеңілдіктер алып тасталады. Резиденттерді салықтан босату үшін 30 мың айлық есептік көрсеткіш шегі белгіленді. Биржалық акциялар бойынша дивидендтер тұрақты сауда жүргізген кезде босатылады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Рес­публикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетіл­діру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік орган­дар қызметкерлерінің және әскери қыз­мет­шілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауап­тылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербес­тігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауап­тыл­ықты күшейту және қару айна­лымы мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екі оқы­лымда қабылданды.

Сонымен қатар Палата отыры­сында депутаттар волон­терлік қызметті одан әрі дамы­туға ар­налған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайы­рымдылық, мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант­тар мен сыйлықақылар, дәрілік қамтамасыз ету және әлеу­мет­тік қамсыздандыру мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заңды қа­был­дады.

«Заңда гранттық қаржы­лан­дыру процесінің ашықтығын, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін және олардың тұрақты дамуын арттыруға арналған нор­малар бар. Сонымен қатар халыққа дәрілік заттар мен меди­циналық қызметтердің қолже­тімділігін қамтамасыз ететін құқықтық шешімдер белгіленген. Алдағы уақытта бұл Заң елімізде қайырымдылық пен волонтерлік қызметті одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Палата отырысында депутат Нариман Төреғалиев Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін осы қызметті атқарған Бейбіт Иса­баев Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу облысының әкімі болып тағайындалғаны белгілі. Соған байланысты Орта­лық сайлау комиссиясының Қау­лысына сәйкес оның депутаттық өкілеттігі тоқтатылды.

Одан бөлек, отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Палата вице-спикері Асқар Шәкіров бастаған бір топ сенаторлар жолдаған депутаттық сауалда Арал өңірінің экологиялық мәселелері көтерілді. Сенатор Ақылбек Күрішбаев оқып берген сауал еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолданды.

«Арал теңізі бассейнінде тұрақ­ты тұратын адамдардың ағза­сында өмірлік маңызы бар дене мүшелерінің функцио­налдық жай-күйінде өзгерістер анық­талып, тіпті, патологиялық аурулардың дамуына дейінгі өзгеріске ұшырап отыр. Осы­лайша, Аралдың кебуі апатты салдары бар сипатқа ие және пла­нетарлық ауқымдағы экологиялық қасірет. Оны барлық елдердің, халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана тоқтатуға болады. Ең алдымен, осы экологиялық дағдарысты шешуге халықаралық қорлар мен ғылыми орталықтарды тарту қажет. Өкінішке орай, соңғы уа­қытта олардың аймақтағы бел­сенділігі айтарлықтай төмендеп отыр», деді Ақылбек Күрішбаев.

Сенаторлар мәселені шешу үшін келесі шешімдерді ұсынады. Олар: Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын жандандыру, Орталық Азия елдерімен су-энергетикалық консорциум құру және кеуіп қалған теңіздің түбіне жасыл желектерді белсендірек отырғызу.

Үкімет басшысына сауал жолдаған Жанболат Жөрген­баев жайылым жерлердің тапшы­лығына қатысты мәселені шешу шараларын ұсынды. Сенатордың айтуынша, мал өсірушілер аңшылық шаруашылықтарына жер тым көп берілді деп санайды, фермерлерге сондықтан жайы­лым жетіспейді. Сенатордың келтірген деректер бойынша, аталған аймақтардың аумағында 132 аңшылық алқап бар, олардың жерінің жалпы көлемі 5,0 млн гектарды құрайды. Сонымен қатар өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығы да байқалып отыр. Дәл осы кезде малшылардың өз малдарын жаятын жері жоқ.