Жергілікті үкіметтің хабарлауынша, өткен аптаның соңында Мелильяға шамамен 2 мың адам келіп, 500-ден астам босқын сым қоршауларды бұзып шекаралық бақылау аймағына кірген. Марокко шенеуніктері заң бұзушылық кезінде алған жарақаттарынан 18 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. «Кейбіреулері тосқауылдың төбесінен құлап кетті», деді Марокко өкілі, сонымен қатар шекараны кесіп өтпек болған 140 қауіпсіздік қызметкері мен 76 мигрант жараланған.
Бұл Испания мен Марокко өткен айда дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтіргеннен кейінгі алғашқы жағдай болып отыр. Испания үкіметінің жергілікті әкімшілігі 49 испандық полиция қызметкерінің жеңіл жарақат алғанын хабарлады. Бұған дейін ресми мәлімдемеде Марокко шекарадағы шабуылдарға тосқауыл болу үшін әскери күштерін орналастырып, Испанияның қауіпсіздік күштерімен «белсенді ынтымақтастық орнатты», делінген еді. Испандық БАҚ-та оқиға орнынан тротуарларда жатқан, жараланған, киімдері жыртылған адамдардың фотосуреттерін жариялады. Ал Брюссельдегі жиында сөз алған Испания премьер-министрі Педро Санчес бұл «зорлық шабуылға» кінәлі деп адам саудасымен айналысатын мафияларды айыптады. Марокко үкіметі болса «Өткен аптаның аяғында қауіпсіздік күштері Марокко жағындағы шекараны кесіп өтпек болған адамдармен «қақтығысты», деді. Мароккодағы құқық қорғау ұйымының өкілі Омар Наджи босқындардың бірнешеуі Надордағы ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.
Испанияның Солтүстік Африкадағы Мелилья мен Сеута кішкене ғана анклавтары Еуроодақтың Африка құрлығындағы адамдар жаяу кесіп өтетін жалғыз шекара, сондықтан бұл анклавтар мигранттар мен босқындарды еріксіз тартатын «магнит» жерге айналды.
Осы жылдың наурыз айында Испания Марокконың Батыс Сахараға автономия құру жоспарын қолдап, өзінің көптен бергі бейтараптық ұстанымына қайта оралып, бір жылға созылған дипломатиялық «дағдарысты» қайта қалпына келтірген еді. Содан кейін Испания премьер-министрі Педро Санчес Рабатқа ат басын тіреп, екі ел үкіметі арасындағы қарым-қатынастардың «жаңа кезеңі» басталғанын мәлімдеген болатын. Еске салсақ, екі ел арасындағы дау Мадрид Батыс Сахара тәуелсіздігін қолдайтын Полисарио майданының жетекшісі Брахим Галиге 2021 жылдың сәуірінде Испания ауруханасында COVID-19 індетінен емделуге рұқсат берген кезде басталған еді. Британдық The Guardian баспасөзінің мәлімдеуінше, бір айдан кейін 10 мыңға жуық адам Марокко шекарасынан Сеутаға өтіп, оны шекарашылар байқамай қалған. Мұны көптеген Рабат шенеуніктері «жазалау амалы» деп қабылдаған еді.
Рабат болса Батыс Сахараны Марокко автономиялық мәртебесі аясында егемендік алуға шақырады. Бірақ Полисарио 1991 жылғы атысты тоқтату туралы келісімде келісілгендей, БҰҰ-ның бақылауында болып, Батыс Сахара өз мәртебесін өзі анықтағаны дұрыс деп есептейді. Құжатта сондай-ақ референдум өткізу қажеттігі айтылған. Ал Марокко мен Испания байланыс орнатқанға дейінгі бірнеше күнде Мелильяда жаппай шекарадан өту әрекеттері болған. Оған 2 500 адам қатысып, 500-ге жуық адам шекарадан өтіп кеткен. Мигранттар мен босқындардың өзге елдерге өтуі Мароккомен арадағы дипломатиялық қарым-қатынас әсіресе Испанияның Канар аралдарына келетін мигранттардың азаюына септігін тигізіп отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес сәуір айында Канар аралдарына заңсыз келушілер саны ақпан айымен салыстырғанда 70%-ға азайған. Осы айдың басында Педро Санчес «Испания заңсыз иммиграция трагедиясын қысым жасау құралы ретінде пайдалануға жол бермейді» деп ескертті. Сонымен қатар испан билігі Испания 29-30 маусымда Мадридте өтетін саммитке жиналған кезде НАТО-ның оңтүстік қанатындағы қауіпсіздік қатерлерінің тізіміне «заңсыз көші-қонды» енгізуге тырысады», деп хабарлады. Осы жылдар ішінде мыңдаған босқын Мелилья мен Марокко арасындағы 12 шақырымдық (7,5 миль) шекараны, Сеутаның 8 шақырымдық шекарасындағы сым дуалдарға өрмелеп, жағалау бойымен жүзіп немесе көліктерге жасырыну арқылы өтуге әрекеттенген. Екі аумақ та тікенді сыммен оралған қоршау, бейнекамералар және бақылау мұнараларымен жабдықталған.