26 Сәуір, 2014

Қазақтың қатарын қалыңдатар құтты қадам

535 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Газетіміздің осы аптадағы сәрсенбі күнгі санында «Оралмандар үшін азаматтық алу мерзімі қысқарады» атты  тақырыппен материал беріліп, ондағы Үкімет ұйғарымы шетелдегі қандастарымыз үшін оңтайлы шешім болғанын жариялап, сүйінші сұраған болатынбыз.  Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова басшылық еткен Орталық коммуникация­лар қызметіндегі брифингте Үкімет отырысында қаралған мәселелердің ерекше маңыздысы көші-қон туралы болғаны баян етілді. Содан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көші-қон заңын жетілдіру көзделуде екенін айта келіп, елімізде оралмандар үшін азаматтық алу мерзімі бір жылға дейін қысқартылады деді. Министрдің айтуынша, осыған дейін шетелден келген қандастарымыз алдында біраз қиындықтар бар болатын. Енді жағдай жақсы жаққа қарай өзгермек. Елбасының назарында болған осы мәселенің оңды шешімі оралмандарды қуанышқа бөлеуде. Оралмандар-1

Көш көбейеді

Еліміздің Тәуелсіздік алуының нәтижесінде жүзеге асырған ең басты игілікті істеріміздің бірі – әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастарымызбен мәдени-рухани, оқу-білім саласында тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына барлық қажетті жағдай жасауымыз болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекетіміздің тізгі­нін қолына алған алғашқы күн­нен бастап бұл мәселеге ай­рықша назар аударды. Сырт жерлерден этникалық қазақтардың көптеп көшіп келуі Қазақстанға үлкен демеу болды. Яғни оралмандардың есебінен экономикамыздың түрлі салаларында, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікте, ауыл шаруашылығында істің көзін тауып, аянбай жұмыс істейтін азаматтар әлдеқайда көбейді. Ал ана тіліміздің, басқа да ұлттық болмысымыздың қайта жаңғыруына оралмандардың қосқан үлесі тіптен мол. Өкінішке қарай, соңғы кезде оралман ағайындардың еліміздің өсіп-өркендеуіне тигізген осындай оң ықпалын жоққа шығаруға тырысатын ұшқары пікірлер мен қате ұғым-түсініктер жиі байқалып қалып жүр. Дегенмен, мұн­дай үстірт пікірлер шетел қазақтарының атажұртқа оралуы­на айтарлықтай кедергі жасап, түрлі қиындықтар тудырды. Нақтырақ айтқанда, соңғы уақытта атажұртқа келген ағайын­дардың тұрақты тіркелуіне, оралман мәртебесіне қол жеткізіп, азаматтық алуына қатысты біраз мәселелер қиындатылды. Сондай-ақ, Қазақстан Үкі­метінің 20 наурыздағы 2014 жылғы №248 қаулысы бойынша оралмандарды орналастыру еліміздің 7 облысымен ғана шектеліп, өзге өңірлерге келген ағайындарға оралман мәртебесін мүлдем бермеу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл ретте, әсіресе, оралмандарға азаматтықты Қазақстанға келгеннен кейін 4 жылдан кейін ғана беру керек деген тәртіп атажұртқа оралған ағайындарды барынша тұйыққа тіреді. Егер осы айтылған ереже-тәртіптің бәрі жүзеге асатын болса сырт жерлердегі ағайындардың атажұртқа оралуы мүлдем азайып, тоқталуы да әбден мүмкін еді. Соған орай, бұл жағдайлар жұртшылықтың арасында кәдімгідей алаңдаушылық туғызды. Этностық көші-қон мәселесін қайта қарап, оралмандардың атажұртқа келуін барынша жеңілдету қажет деген ұсыныс-тілектер барлық жерде жиі айтыла бастады. Этностық көші-қонға қа­тыс­ты мұндай маңызды мәсе­лені көтеруге Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы да өзінің ай­тар­лықтай үлесін қосты. Әрине, көші-қон жұ­мыстарын жүргізу, негі­зінен, мемлекеттік меке­ме­лер­дің міндеті екендігі бар­ша­ға мәлім. Әйтсе де, бұл жұ­мыс­тан Қауым­­дастық та шет қа­ла алмайды. Бұл ретте, біз ең алдымен алыс­тағы ағайын­дарымыздың атажұрт – Қазақ­станмен байла­ныс жасау, барыс-келіс жөніндегі өтініш-тілектерін тиісті орын­дарға дер кезінде жеткізіп отыруға ай­рықша көңіл бөліп отырмыз. Парламент Мәжілісінің Әлеу­­меттік-мәдени даму коми­тетіне шетелдегі қандастардың ата­жұртқа оралуының жолдары мен мүмкіндіктерін барынша кеңейтіп, бұл жөніндегі ереже-талаптарды барынша жеңілдетіп, қайта дайындау керек екендігі жөнінде нақты ұсыныс та жасадық. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің құрамынан қайта құрылған Көші-қон комитетіне этникалық көші-қонның өзекті мәселелері мен оларды реттеп, бір жүйеге түсірудің жолдары жөніндегі ұсыныс-пікірлерімізді де арнайы жолдадық. Этностық көші-қонға байланысты бүкіл жұртшылық болып жан-жақты көтерген мәселелер, міне, бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп отыр. Яғни күні кеше ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова алдағы уақытта оралмандарға азаматтық берудің жолы бұ­рын­ғыдан әлдеқайда жеңілдетіліп, бір жыл ішінде шешілетінін жа­рия етті. Сондай-ақ, жаңа ереже бойынша, оралмандарды орналастыруда ешқандай шектеу болмайды, алыстан келген ағайындар атажұрттың қай өңірге қоныстанамын десе де өз еріктерінде. Оралмандарға түрлі жәрдемақы, баспана беру жөнінде де жеңілдіктер қарас­тырылады. Әрине, бұл саладағы мәсе­ле­лердің бәрі осымен бірден толық шешіліп кетеді деуге әлі де ерте екендігі де анық. Алыстағы ағайындардың ата­жұртқа жаппай бет бұруын бір жүйеге түсіруде әлде де ойландыратын мәселелер баршылық. Бұл ретте қазір «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа жобасы дайындалып жатқанын да айта кеткіміз келеді. Оралмандардың әлі де ше­шімін таппаған мәселелері осы жаңа заңмен біржолата реттеліп нақты шешілуге тиіс. Бұл жаңалықтардың бәрі шетелдегі сан миллион қан­дас­тарымыздың атажұртқа деген ықыласын бұрынғыдан да арттыра түсетіні анық. Яғ­ни алдағы уақытта оралман­дар көші қайта көбейіп, ата­жұртқа қоныс аударатын ағайындардың саны әлдеқайда арта түседі деп сенеміз. Ең бастысы, барша халық мұндай маңызды мәселенің Елбасының тікелей қадағалауымен, қамқорлығымен шешілгенін біледі де, бағалайды да. Қазақ көшінің тоқтамауын қамтамасыз еткен осы құтты қадам үшін айтар алғысымыз шексіз! Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары. _____________________________  

Үмітімізді оятты

Қай қоғамда болмасын көп­шілік пікірімен санасу теріс нәтижеге әкелмесі анық. Жұрт­шылық аузында көп айтылған, көп талқыланған жайттардың ішін­де әбден толғағы келген, пісуі жеткен мәселелер аз емес. Елі­міз Тәуелсіздік алғалы жұртшы­лық аузында көп әңгіме болған сол жағдайлардың бірі де біре­гейі – көші-қон мен оралман ағайындар мәселесі болып келе жат­қандығы талас тудырмайды. Үкіметтің кезекті отырысынан соң Астанадағы Орталық ком­му­никациялар қызметінде өткі­зіл­ген брифингте Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Та­мара Дүйсенованың көші-қон мәселесіне байланысты жаса­ған хабарламасы көңілдерге жы­лылық әкелді. Көші-қон мен оралман ағайындардың жай-күйі төңірегіндегі ең бір өзекті істер туралы сөз қозғалуы бізді қуантты. Азаматтық алудың 4 жылға созылуы, белгілі бір аймақтарға ғана қоныстану жөніндегі талаптар елге көшу ниеті бар ағайындардың арасында біршама реніш тудырып жүргендігі жасырын емес-ті. Алдағы жылдан бастап бұл қиындықтың оң шешім таба бастайтындығы мен сияқты атажұртқа үмітпен көз тігіп отырғандардың бәріне жағымды әсер еткені даусыз. Азаматтық алу бір жылға дейін қысқарып, қоныстану еркіндігі қайта қалпына келтірілмек екен. Басқа мемлекеттердегі қандас­тарымыздың қалай ойлайтынын қайдам, дәл қазір біздің Қытай еліндегі қазақтардың арасында тарихи Отанына қоныстануды қалайтындар қатары мол. Жұмыс орнын иемдену, біршама тәуір жалақы мен зейнетақы алу жағынан Қытай қазақтары қиындық көріп отырған жоқ. Алайда, болашақ ұрпақ тағдыры көпшілігімізді алаңдатуда. Ана тілін сақтау, қазақы ұрпақ тәрбиелеу қиын болып барады. Осыны ойлағанда тәуе­кел етіп, атажұртқа көшіп-ақ кет­кің келеді. Ауа райы, жер жағ­дайы біздің Құлжа аймағына келің­кірейтін өңірлердің оралмандар үшін жабықтығы қинайтын. Қазақстанның кез келген жеріне қоныстануға мүмкіндік бар кезеңде, ертеректе көш­пегеніме өкініп жүрген жайым бар-ды. Ел жақтан жаңалық күтіп елең­деп жүрген шағымда, соңғы жеткен жа­ғымды ақпаратқа өз басым шын қуандым. Оралмандардың азаматтық алу мер­зімін, қоныстану еріктілігін бұ­рынғы қалпына келтіру, бұл реттегі көші-қон заңнамаларына өзгерістер енгізу туралы осы кезге дейін көп айтылып келгенімен нәтиже аз еді. Көпшілік пікірі жерде қалмай, нақ­ты шешім таба бастағандығы кеу­дем­дегі жақсы үмітімді қайта оятты. Нәсіпбай ЖАНТҮГЕЛ, Қытай Халық Республикасы, Құлжа қаласы. ____________  

Қуанышымызда шек жоқ

Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев тәуел­сіздіктің көк туын желбіреткеннен бас­тап, қазақтың қазыналы байлығы қазақ екенін алға ұстап, дүркіретіп Дүниежүзі қазақтарының басын қосып, 1992 жылы Алматыда алғаш­қы  Құрылтай өткізіп, әлемдегі қазақ­тар­дың жалғыз Отаны – Қазақстан деп, бар  қазақты елге шақырғаны бар­шаға аян. Сол күннен бастап, тағдырдың тәл­ке­гімен тарыдай шашыраған қазақ­тар елге қайта бастады. Әлі күнге то­ластар емес. Міне, азаматтықты бір жыл­дың ішін­де беретін болып, орал­ман­дар келе­тін аймаққа шектеу қой­май, қа­лаған аймаққа барып оралман мәр­те­бесін алатын болғанын теледидар­дан  естіген, газеттен оқыған оралмандар алғыстарын айтып, ризашылықтарын үкіметке білдіріп жатыр. Ақтөбе облысының оралмандарды қабылдайтын аймаққа кіргені заң­ды. Себебі, экономикасы дамыған, ин­фра­құрылымы мықты 4 қаланың бірі. Жақын жылдарда қала тұрғынын миллионға жеткіземіз деп отырған Ақ­төбе облысында оралмандардың үлесі мол болмақ. Бұл қуанышты хабарды естіген Қара­қалпақстандағы ағайындар тойлап жатқанын айтып қоңырау шалып жатыр. Себебі ата-бабаларының жері Ақтөбе болғандықтан олардың тойлайтын реті бар. Шетте жүр­ген қандастарымыздың Отаны Қазақ­стан болғандықтан, олардың да қуаны­шында шек жоқ шығар. Елбасы бастаған көш, әрине, тоқ­тауға тиісті емес. Қазақ елінің кең бай­тақ жері қазаққа толсын. Орал­ман­дарға оңтайланған оң шешім оңды болып, ұзағынан болсын, ағайын. Базарбай ИМАН,              Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақтөбе облыстық филиалы жетекшісі. ________________________________  

Желкен қайта желбіреді

Қазақтың тағдыры Қазақстанды ешқашан бейжай қалдырған жоқ. Ал 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялап, мемлекеттігін қайта қалпына келтірген соң Елбасы шетелдегі барша қазаққа үндеу жолдады. Онда қандастарға атажұртқа оралып, егемен елдің іргесін бекітіп, шаңырағының уығын көтеруге өз үлесін қосуға шақырды. 20 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқан бұл көшке әркім шама-шарқына қарай бірі ерте, бірі кеш ілесті. Олармен байланыста болып, елден хабар алып отырған соң мұндағы жағдайдан бәріміз де құлағдар болып отырдық. Сондай-ақ, біріміз қызметке тұрған мекеменің талабына сәйкес, екіншіміз отбасымыздағы жағдайларға байланысты бөгелуге мәжбүр болдық. Азаматтық бірден берілмейтін болған соң, отбасымыздағы бала-шағаның ертеңгі күніне алаңдаған біраз жұрттың бойында үміт пен күдік қатар бой көрсете бастаған болатын. Енді Қазақстаннан жеткен соңғы қуанышты жаңалықтар біздің бұл күдігімізді қайта тарқатып, атажұртқа оралсақ деген үмітіміздің желкенін қайта желбіреткендей болды. Бізді әсіресе, қоныстанатын жерді өзіміздің таңдауымызға мүмкіндік берілуі қуантып отыр. Өйткені, Қазақстанға ертерек келіп, өзі қоныс тепкен аймаққа бейімделіп үлгерген ағайын-туыстың ортасына келу біз үшін де қолайлы болары күмәнсіз. Сондай-ақ, азаматтыққа 1 жылдың ішінде қол жеткізетін болсақ – жұмысқа орналасуға, балаларымызды мектепке беруге, емханаға қаралуға және басқа тіршілік жағдайларымызды бір жолға қоюға біршама мүмкіндіктер берері анық. Өз басым, Қазақ Үкіметінің көші-қондағы өзгерістерді қайта қарап, сырттағы ағайынға ауыртпашылық түсірмеу үшін ондағы талаптарды жеңілдетуін – дер кезінде қабылданған оң шешім болды деп санаймын. Бұл қазақтың қазаққа деген бауырмалдығын дәлелдеп, Қазақ елінің әлемнің төрт қиырында тарыдай шашылған өз қандастарын бір тудың астына жинау мақсатынан ешқашан айнымайтынын паш еткендей болды. Фазыл ТОПЛЫ, Түркиядағы қазақ-түрік қорының директоры.