Экономика • 27 Маусым, 2022

Керамикалық кірпіштің келешегі бар ма?

325 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда 290 кәсіпорын керамикалық кірпіш өндіреді. Былтыр отандық кәсіпорындар ішкі нарық­тағы сұраныстың 44 пайызын қамтамасыз еткен.

Керамикалық кірпіштің келешегі бар ма?

Заманауи өмір ағымы көпқабатты тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар құрылысында жаңа бағыттар мен тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануға жол ашуда. Осыған орай бүгінде құрылыс салу кезінде монолитті бетон кеңінен пайдаланылуда. Бұл технологияның басты артықшылығы – уақытты үнемдейді және шығын аз жұмсалады.

Десе де суыққа төзімділігі мен дыбыс өткізгіштігі тұрғысынан кірпіш құрылыс жұмыстарында әлі де болсын үлкен сұранысқа ие. Мәселен, 2020 жылы тұрғын үй құрылысының 52 пайызында кірпіш пайдаланылған. Монолитті бетон кеңінен қолданылатын ірі қалалардың өзінде кірпіштен салынған үйлердің үлес салмағы 40 пайызды құрайды.

2021 жылы силикатты кірпіш өндіру 2020 жылға қарағанда 7,2 пайызға өсіп, жалпы көлемі 1,2 млн тоннаны құрады. Отандық кәсіпорындар аталған өнімге деген ішкі сұранысты 98-99 пайызға қамтыды.

Ал керамикалық кірпіш өндірісі саласында қалып­тасқан жағдай көңіл көншітерліктей емес. Бүгінде атал­ған өнімді өндіру қуаты ішкі нарықты толыққанды қамти алмай отыр. Қазақстанда керамикалық кірпіш өндіретін 290 кәсіпорын бар. Олардың 2-і – ірі, 7-і – орта және 281-і – шағын өндіріс ошақтары. Аталған кәсіпорындар өнім өндіру қуатын 2020 жылға қарағанда 27 пайызға арттыр­ғанымен ішкі нарықты қамту үлесі бар болғаны 44 пайызды құрады. Шығарылған өнім көлемі – 4,3 млн текше метр. Ішкі нарыққа қажеттіліктің басым бөлігі Ресей және Өзбекстаннан жеткізілген импорт есебінен қамтамасыз етілген.

Осы ретте айта кетейік, Қазақстанда керамикалық кірпіш өндіруге қажетті шикізаттың барлық түрі бар. Бұл өнімді өндіру үшін саз бен жабысқақ балшық және құм­ның бірнеше түрі керек.

Қабырға материалдарына импорттық тәуелділікті азайту үшін 2025 жылға дейін Индустрияландыру карта­сына керамикалық кірпіш өндіру бойынша 20 инвес­тициялық жоба енгізілді. Оның ішінде Алматы облысында D&J GROUP зауытын салу, Көкшетау қаласындағы ENKI кәсіпорнының өндірістік қуатын арттыру сияқты ірі жобалар бар. Аталған жобалар отандық өндіріс кө­ле­мін арттырып, импорттық тәуелділікті азайтуға ықпал етпек.

Бүгінде құрылыста кірпішке балама ретінде блок-модульді технологиялар кеңінен қолданылуда. Мұнда ғимараттың арнайы бөлшектері зауыттар мен құрылыс алаңдарында жинақталады. Бұл технология құрылыс жұмыстарын қолжетімді, жылдам әрі экологиялық тұрғыдан тиімді ете түседі.

2020 жылдан бері елордада ModeX Astana көлемді-блокты үй құрылысы зауытының алғашқы кезегі табысты жұмыс істеуде. Кәсіпорындағы 10 қалыптау машинасы жы­лына 7,5 мың көлемді блок өндіреді. Биылғы жылы ауқымды жобаның екінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы отандық құрылыс материалдар өндірісін өркендетуге тың серпін берді. Аталған бағдарлама аясында 2025 жылға дейін 100 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Бұл үшін 5,6 млн дана силикатты және керамикалық кірпіш пен 15,3 млн текше метр қабырғалық блоктар қажеттігі айқындалды. Мемлекеттік бағдарлама шартына орай, құрылыс жұмыс­тарында тек қана отандық өнімдер қолданылуға тиіс.

Отандық өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі www.material.kz онлайн сауда сөресін іске қосты. Интернет-ресурста құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар мен құрылыс компаниялары өз өнімдері мен қызметтерін және ұсыныстарын білдіре алады. Бұл алаң қос тарапқа ешқандай делдалсыз ұзақмерзімді тиімді келісімшарт жасасуға мүмкіндік беріп, жаңа бастамаларға жол ашады.