Қазақстан • 27 Маусым, 2022

Медиаконтент: Мүмкіндіктер мен жетістіктер

638 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы жылдары интернет-платформа ұсынатын бейне, аудио, жазба контентін пайдаланушылардың саны күрт өскен. Мұндай дағдарыс елімізге ғана емес, әлемдік БАҚ-қа төнген «қауіп». Аудитория дәстүрлі медиаға қарағанда гаджеттерге телміртетін медиа – өнімдер қарауға құмар. Осыған қарап «Теледидар секілді дәстүрлі БАҚ тарих беттерінен қаншалықты орын алады?» деген заңды сауал туындайды.

Медиаконтент: Мүмкіндіктер мен жетістіктер

Көрерменнің көбісі телехикая көреді

«Соңғы жылдары телеарналар­дың көрермендері азайып бара­ды», дейді мамандар. «Қазақстандағы медиаконтентті тұтыну. Әсер ету факторлары және даму тенденциялары» конференциясында жариялан­ған зерт­теу нәтижелеріне сүйенсек, 2019 жылы халықтың 53 пайызы тұрақ­ты түрде теледидар көрсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 47 пайыз­ды құраған. Сонымен қатар 2019 жы­лы көрермен күніне 107 минутын теледидар алдында өткізетін бол­са, 2021 жылы бұл уақыт 88 м­инутқа дейін қысқарған. Осы орайда теле­көрерменнің азаюы теле-контентке тікелей байланыс­ты деп санайды «Ұлттық БАҚ Ассоциациясы» ҚБ басшысы Кемелбек Ойшыбаев. Ол «теле-контент құрарда көрермендердің жас ерекшеліктерін, жынысын, білімін, ұлтын, жанрлық және тілдік талғамын ескеру қажет», дейді. Айтып кетейік, Ұлттық БАҚ Ассоциациясы зерт­теуді 100 мыңнан астам халқы бар ел­дің 22 қаласында жүргізген. Енді қауым­дастық өкілдері Қазақстанның барлық өңірін қамтуды жоспарлап отыр.

Қазіргі телеарналардың тұрақты көрермендері 55 жастан асқан азаматтар мен 6-10 жас аралығындағы балалар. Сондай-ақ «жоғары білімі бар азаматтар теледидар қарамайды, тұрақты көрермен – білімі жоқ, жұмыссыз адамдар», дейді сарапшылар. Сондықтан болар көрерменнің 42%-ы телехикая көреді және ойын-сауық бағдарламаларына құмар. Ал танымдық, әлеуметтік-саяси, спорт­тық хабарлардың маңызы төмен болып отыр.

TNS Central Asia ЖШС-ның бас директоры Татьяна Старцева отандық теледидарлардың өнімдеріне сұраныстың төмендеуі шетелдік арналардың әсері деген пікірде. «Елдегі 71% халыққа шетелдік арналар қолжетімді болып отыр. Олардың 40%-ы тұрақты көрермен. Жастардың басым бөлігі интернетте отырады, түрлі бейне, аудио, жазба контентті осы платформаның түрлі көзінен тамашалайды. Сонымен қатар Smart TV де отандық арналардың көрермендеріне кері әсерін тигізіп отыр», деді Т.Старцева.

Анимациялық жобалардың рейтингі жоғары

Ал «Qazaqstan РТРК» АҚ Бас­қарма төрағасы Ләззат Танысбай «телевидение «өліп» бара жатыр деген пікір шындыққа жанаспайды», дейді. Ол Qazaqstan ұлттық арнасын, Balapan, Qazsport телеарналарын мысалға келтірді. Оның айтуынша, аталған үш арнаның да көрермен саны өсіп келеді, отандық өнімдерге деген аудитория сұранысының өскенін бір ғана Balapan телеарнасынан көруге болады. Balapan телеарнасынан көрсетіліп жатқан шетелдік анимациялық мультфильмдердің рейтингі отандық анимациялық жобалардан анағұрлым төмен. Биыл эфирге шыққан «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қызғалдақтар мекені» сияқты өзіміз өндірген анимациялық жобалар әлемдік ең рейтингті деген Monchhichi, «Смайтики», Wild Baby Animals мультфильмдерінің көрсеткішінен 31 пайызға жоғары», дейді Л.Танысбай. Сонымен қатар Басқарма төрағасы бүгінгі күні балалар телеарнасының жобалары сыртқы нарыққа да бел­сенді сатылып жатқанын айтады. «Арнаның анимациялық жобалары АҚШ-та кабельдік арналар, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-каналдар арқылы көрсетіліп жүр. Бұдан бөлек, Qazaqstan телера­диокорпорациясының өнімдері­не ТМД мен Араб елдері аумағын қамтитын IVI.RU, ОККО, Megogo, Noorplay VOD платформаларынан қызығушылық зор», деді ол. Өткен жылдың өзінде сыртқы нарыққа 1828 бөлімнен тұратын 95 телехикая және анимациялық өнім сатылған. Енді Balapan телеарнасы биыл 209 сериядан тұратын 11 отандық анимациялық жоба өндірісін дамытуды жоспарлап отыр. Оның ішінде Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Бозторғай» мультихикаясы мен Бекзат Саттархановтың балалық шағы туралы «Бала Бекзат» анимациялық мультфильмі бар.

Сондай-ақ Ләззат Танысбай, әсіресе COVID-19 пандемиясы мен қаңтар оқиғасы кезінде халық дұрыс мәлімет беретін ақпарат көз­деріне ғана сенгенін айтады. Осы кезде ұлттық арна жаңалықтарын көрушілердің саны 13 млн-ға жеткен. Сонымен қатар ұлттық арнаның тікелей эфирдегі хабарлары 75%-ды құрайды. «Көрермендер қоңырау шалып, сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіріп жатады. Халықпен байланыс орнатудың бірден-бір жолы – тіке­лей эфир. Қазір көрермен талғамы өсіп келеді. Сапалы дүниелерге халық оң бағасын беріп жатады. Әсіресе ойын-сауық бағдарламаларын сапалы етуге көп көңіл бөлеміз. Өйткені көрермен Ресей, Түркия секілді ел­дердің осы сынды хабарларымен салыстырады, қарайды», дейді Ләззат Танысбай.

Бүгінде «отандық телехикаялар шетелдік телехикаялармен бәсекеге қабілетті болып келеді», дейді медиа сарапшылар. Отандық хикаялардың бірқатары Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстанға сатылады. «Ақырында, көп жылдар бойы сериал түсіргеннен кейін біздің отандық телешоулардың рейтингі сатып алынған шетелдік телешоулардың рейтингімен бәсекеге түсе бастады. Біздің телехикаялар индус­­триясы жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл әртүрлі арнада жұмыс істей­тін барлық медиаменеджерлердің еңбегі. Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен барлық телеарна жылына кемінде бір отандық сериал шығарады. Ал олар­дың сапасы артып келеді. Біз елі­міз­де түсірілген көп сериялы фильм­дер­ді жақын шетелдерге сату арқылы түсі­рілімге кеткен шығынды өтеп отырмыз», дейді «Qazaqstan РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Л.Танысбай.

Жақсы өнімге аудитория құмар

Ал Қазақстан Президентінің ТРК КеАҚ Басқарушы директоры Роберт Мурадян Qazaq TV телеарнасын мысалға ала отырып, отандық және  шетелдік аудиторияның теледидарға сұранысын айтып берді. Ол ішкі нарықтағы хабар таратушы ретінде «Біз желілік теледидарымыз жалға­сады деп сенеміз, оның жетістігі біз шығаратын мазмұнның сапасы мен бірегейлігінде. «Егер біз жақсы өнім жасасақ, платформада болсын, телеарнада болсын аудитория көлік құралын емес, өнімді қадағалайды», дейді сарапшы. Ал шетелдерге хабар таратуға қатысты ол «шетелде өз мемлекеттерін көрсететін халықаралық арналар бір елдің мүмкіндіктерін көрсететін шоу-рум түрі екенін көреміз, ел ұсына алатын сапа шетелдік көрермендердің елге деген көзқарасын қалыптастырады» деген пікірде. «Бұл жерде ұлттық медиаөніміміздің сапалы болуы үшін ұлттық медиакеңістігімізді, оның барлық қатысушысын қолдау маңызды. Өйткені көрермен Qazaq TV-дан басқа телеарна көргісі келсе, ол осы сапалы өнімді табуы керек және, әрине, бір телеарнаның көмегімен сұранысты қанағаттандыру мүмкін емес», дейді Роберт Мурадян.

Министрліктің айтары бар...

Ал министрлік үшін басты мәселе – қазақстандық медиакеңістіктің бәсекеге қабілеттілігі. Өйткені мемлекет оларды тапсырыс арқылы қаржыландырып отыр. Бұл мәселе көрермендерді де, қаржыландыру және аудит мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдарды да қызықтырады. «Мемлекеттік тапсырыс тұтынушыға бағытталған болуы керек, сондықтан медиаконтент құрарда оның тұтынушысын білуіңіз керек. Ол үшін «БАҚ өлшемдерінің» не екенін заңнамалық деңгейде анық­тау қажет. Ал қазіргі уақытта заңна­ма­да мұндай түсінік жоқ. Сәйке­сін­ше, нақты қаржыландыру мәселе­сі жоқ. Алайда біз мемлекеттік орган ретінде біздің медиакеңістіктің сөз жүзінде емес, іс жүзінде бәсекеге қабілетті болуы үшін жан-жақты ынталандыратын боламыз, жеңілдете­міз, барлық шараны қабылдаймыз», дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов.

Сұраныста – ойын-сауық

Бүгінде отандық телеарналардың 70-80 пайыз контенті ойын-сауық бағдарламаларынан тұрады. Мұны мамандар көрерменнің сұраны­сы­на қарай құрылатынын айтады. Ақпараттық кеңістіктегі орнын рейтингпен айқын­дайтын телеарналардың әзірге эфир­ді ойын-сауыққа толтырудан бас­қа амалдары болмай отыр. Ұлттық БАҚ Ассоциациясының мәліметіне сүйенсек, 13-16 маусым аралығында телеарналардың рейтингісі бойынша Еуразия 1-ші арнасы (1,13%) көш бас­тап тұр. Екінші орында КТК (0,79%), үшінші орында НТК (0,55%), одан соң Astana TV (0,53%), Qazaqstan (0,46%), Мир (0,45%), 31-арна (0,31%), Balapan (0,27%), 7-арна (0,26%) және Qazsport (0,09%) арналары орналасқан.

«TNS Central Asia» ЖШС бас директоры Татьяна Старцеваның айтуынша, 2014 жылдан бастап барлық қазақстандық телеарнаның жалпы рейтингі қазіргі уақытта 10%-дан 6%-ға дейін төмендеген.