
Ал облыстық Полиция департаментінің Ішкі және сыртқы коммуникация басқармасының басшысы Бақытжан Құдияров болса, өзінің жұмысындағы басты мақсат мемлекеттік орган мен журналистер арасындағы «алтын көпір» болуға ұмтылу екендігін айтады.
Бақытжанның кіндік қаны тамған Ақмола облысындағы Бурабай ауданының Мәдениет ауылында жалғыз телеканал – «Хабар» арнасы ғана көрсетуші еді. Бала Бақытжан көгілдір экраннан күнде хабар тарататын Зейін Әліпбекті аузын ашып, көзін жұмып тыңдайтын. Өскенде осы ағадай болсам деп арман етті, еліктегені де рас еді...
Орта мектепті бітіргеннен кейін журналист болсам деген арман Қарағанды қаласындағы академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика бөліміне алып келген. Университет қабырғасында жүргенінде Маратбек Тоқмырза сынды журналистикадағы ұлағатты ұстазына ұқсап баққаны да рас-тұғын.
Ал қолына диплом алып, ол кезде «Қазақстан-Қарағанды» деп аталатын облыстық телеарнаға келгенінде, сондағы белгілі журналистер Жеңіс Сармұрзин мен Нұрлан Әбілдин сынды тәжірибелі мамандардан тәлім-тәрбие алып, телевизияға қатысты көп дүниені бойына сіңірді.
Әлбетте, облыстың маңдайалды телеарнасы бұл сияқты өндірдей жасты бірден жұмысқа алмаған. Әуелі өндірістік іс-тәжірибеден өтті. Сөйтіп жүргенінде, бірде автокөліктерге қатысты алаяқтардың атышулы «Автопирамида» деп аталған қылмыстық тобы қолға түсіп, сол жөніндегі баспасөз мәслихатына қазақ редакциясы атынан жас Бақытжанды да жіберген редакторлар.
Баспасөз мәслихатынан кейін сол кезде облыстық ІІБ бастығының орынбасары болып қызмет еткен Қайрат Дүйсенбековке қазақ тілінде сұрақ қойғаны бар-тын. Дәл осы сәтте жанына дембелше келген жігіт ағасы келіп, мұның сұрақтарына өзі жауап беретінін айтып, шетке қарай оңаша шығарып алған. Сөйтсе, бұл азамат облыстық ІІБ-ның баспасөз хатшысы Жаңатай Сембеков екен. Тәжірибелі маман жас жігіттің жұмысқа деген құлшынысын байқап қалған болса керек, ішкі істер органдарына қызметке шақырған.
Сөйтіп, 2008 жылдың қазан айында қазіргі Әлихан Бөкейхан, бұрынғы Октябрь аудандық ішкі істер бөліміндегі мемлекеттік тіл және ақпарат тобының инспекторы болып жұмысқа тұрды. Кейін бұл құрылым жабылып, Қарағанды қалалық ІІ басқармасы болып құрылды да, бұл осында жұмысқа ауысты.
Дәл осы тұста полицияның имиджін көтеру мақсатында облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында «Заң және заман» бағдарламасы ашылған болатын. Мұны жүргізу бұл кезде әжептәуір тәжірибе жинақтап, танымал болып қалған Бақытжан Құдияровқа жүктелді. Осындай жауапкершілік жүгі мен зор сенім артылған жас маманның қызметі де ауысып, енді ол облыстық ІІБ-да жұмыс істей бастады. Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының инспекторы, аға инспекторы болды.
Ал 2012 жылы сол кездегі Қарағанды облыстық ІІБ бастығы Нұрлан Рахымберлиннің бұйрығымен мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ал 2016 жылдан бері Ішкі және сыртқы коммуникация басқармасы деп аталатын құрылымдағы тоғыз қызметкерден тұратын ұжымға жетекшілік етіп келеді.
Полицияның ел ішіндегі имиджінің жақсаруына қоғам да мүдделі болуы керек деп санайды Бақытжан Құдияров. Екі тараптың мүддесі түйіскен жерде түбі түсіністіктің орнайтынына сенімді ол. «Мына солтүстіктегі көршімізге қарасаңыз, полиция туралы небір жағымды сериалдар, деректі фильмдер түсіріп тастаған. Бұл тақырыпқа қатысты бағдарламаларының өзі қаншама десеңізші?! Яғни бізге де бұл салада сақшылардың абырой-беделін көтеретін дүниелерге көңіл бөле бастағанымыз жөн шығар», деп ой тұжырады Б.Құдияров.
Бақытжан соңғы кездері кейбір блогерлердің келсін-келмесін полиция қызметкерлерін келемеждеп, атақ шығарғысы келетін теріс қылықтарына қынжылады. «Әлбетте, бұған тәртіп сақшылары өздерінің мінсіз қызметімен, кәсіби біліктілігімен тойтарыс беруі керек», деп санайды Б.Құдияров.
Осы мақала редакцияға енді жол тартайын деп тұрғанда, «Егеменнің» Қарағандыдағы қосынына мынадай қуанышты хабар жетті. Қарағанды облыстық ПД Ішкі және сыртқы коммуникация басқармасының басшысы Бақытжан Құдияровқа подполковник шені берілген екен. Сол-ақ екен, жоғарыда айтқан журналистер чатында орысша-қазақша аралас «Сіз үшін шын қуаныштымын. Қаңтар оқиғасы кезінде хабар таратайын деп келгенімде, сіздің өзіңізді адам ретінде жақсы қырыңыздан көрсеткеніңіз есімде», «Жақсы адамдардың жақсылығына қуанамыз!», «Лайықтысыз!», «Генерал болыңыз!» деген сыңайдағы ақжарма тілектер қарша жауып кетті.
ҚАРАҒАНДЫ