21 Мамыр, 2010

АУЫЛЫҢА ҚАШАН БАРЫП ЕДІҢ?

1068 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
Толғандырар тақырып Тамыр Кіндік қаның тамған туған жерге бар­масаң, тамырың қиылады. Тамырсыз адам қалай өмір сүреді? Ағаш екеш ағаш та тамырмен көктер. Тамырсыз адамдар­дан тартынасың. Жылылық, мейірім, шапағат тек тамырдан тарардай. Көктемде осы тамырлар табиғатпен бірге түлейді, жүрек­тің түбіндегі сезімді түртеді. Махаббатты Жаратқанның сүйген пендесіне ғана қияр қасиетті сыйы деуші еді ғой. Кіндік кескен киелі топыраққа табан тиісімен бойды ыстық қан қарып өтеді. Сезім бұлқынады. Жүрек жұлқынады. Көңілге сыр тұнады. Ол құдіретті болмаса неге өйтеді? Алматыда тұратын бір ағай ауы­лын ұмытып кеткен. Он жылда, жиырма жылда барса бір барады, бармаса ол да жоқ. Ұл-қыздары қазақша нөл. Тамырсыздық қайдан пайда болады дейміз ғой тағы. Оның себебін білу түк қиын емес. Туған жерін ұмытқан адам туған тілін қалай сүймек? Егер көп қазақ ауылдан тамырын үзіп кетпегенде, біз бүгін ана тілдің зарын айтып, осыншалық дәстүрден жұтамас едік-ау. Туған жерге не үшін барасың? Ауыл­дың аңқылдаған ақжарқын көңілінен Ыс­тықкөлдің жағасындағы күннің шуағынан артық заряд аласың. Әке-шешелеріміз өмірінде санаторий, демалыс үйі деген рахат нәрселерді білместен дүниеден озды. Алматыда тұратын балаларының үйіне бір барса, санаторийде болып қайтқаннан артық жүздері нұрланып, оны-мұны сырқаттан айығып шыға келетін. Ал біздің санаторийіміз – әуел бастан ауыл-тұғын. Көктемде жыл құсындай бір соғамыз. Туған жердің иісін сағынғанда. Әке-шеше аруағына бас иіп, құран бағыштау мақсатымен. Арқаның алты ай қысынан жалығып, көгорай жасыл шалғыны масатыдай құлпырған оңтүстікті аңсағанда. Сірә, себебі мұнан да көп болуы мүмкін. Білім, ғылым қалада екені рас шығар. Бірақ та жеміс ағашының қуат-күші мен нәрі тамырында болмай ма? Ал, қазақтың тамыры – ауыл. Олай болса, адамды тамырынан тану керек. Тамырсыздар қазақтың рухын таптайды. Тамырға құрт түссе, ағаштың діңгегі құлайды. Ағаш – адам, ал тамыр – ауыл. Ойланайық. Бәсіре Оңтүстіктің көктемгі үні дала симфо­ниясы іспеттес. Алып оркестр ауыл клас­си­касын асқақ рухпен орындап жатқандай әсер қалдырады. Күмістей ақ айдын әсем сазға еліте толқиды. Дария шеті ен тоғай. Сыбызғы сазды қамыс сыбдырымен қанаттылар қалқуы теңесе тербеледі. Пышақтың жүзіндей жүйеленген жүйек­тер­дегі кетпен екпіні, тоғай ырзығына ыңғайланған мал мен құстың у-шуы таң атқаннан күн ұясына батқанға дейін шаруа баласын әурелейді. Малын шүйгінге беттеткен бір топ аттылы үлкен жолды ой­қастай кесіп, әлгі ен тоғайдың қалыңына сіңіп кетті. Қоғасы қаудырап, түбінен жас өркен қылаңдаған жыңғыл түбінен үрке көтерілген бөріктей бөденеден тоғайдағы жан-жануар оқыс осқырынды. Арлы-берлі зулаған мәшинелер жылдамдығын сәл-пәл тежеп, аса сақтық танытпаса, қос қапта­лын қамыс-қоға көмкерген қара жолдың бойындағы жарық дүние үшін жанталас-тірлік ауылдың ішкі қамынан мүлде бөлек. Қам-қаракетсіз, қалғып кету қауіпті. Әсіресе, жаз бен күзде жүк мәшинелері жиілеуінен малдардың мертігуі көп кездеседі. Аңдаусызда тоғайдан шыға келген жануарды қаққан көлік иесін тапқан, малының құнын төлеткізген әзірге бір пенде жоқ. Ол оңтүстіктегі үйреншікті құбылыстың біріне айналған түмен түйткілдің түймедейі ғана. Мұндай тосын жәйттерге қоса төрт түлікке зәбір көрсеткен қарақшылар түн жамылып, алаңсыз жайылған жануарды ен далада еш қымсынбай қымтырып, соңы­нан ізі табылмас әккілікті әбден меңгерген. Бірі зулаған төрт дөңгелекке қапы қағылып, енді бірі мал торыған ұры-қарының жемтігіне ілігіп, күйі қайтқан мал тұяғын қорасына жем-шөбін нығыздай жиған шаруа баласы қайта бүтіндер-ау, бірақ айлакер мал айдаушы сырттан төнбей, үнемі іштен үркітсе, тонаудың жолын тоқтатар қандай амал табылсын? Жоқ-жітіктің жортуылынан жоғалып жатқан жоқ мал. Қараңғылық қоюында қорадағы малға қол салуды кәсіп еткен қорқауларға жем-шөбін үнемдеп, түлігін қыста қозалықтың қауызында қалған ырзыққа айдайтын жұрттың әрекеті қолайлы сәт туғызып, ұрыға малын матап иесінің өзі ұстата салғандай көрінеді. ...Алқаптан оралмаған бұзауын Райымбек бір ай іздеп сарсылған. Кенже ұлдың еншісіне тиген жалғыз бәсіре сиырдың төлі еді. Іші удай ашыды. Айран сіміріп, күбінің күмбірі сәбилі үйдің сәнді күйіне айналған еді. Ой мен қырды түгел сүзді. Арық пен сай-саланы сарқыды. Тұттың түбін түрткіледі. Құлдыраңдап қораға өзі-ақ кіріп келердей үміт үзбеген. Бір айдай алаңдаған көңілін ақыры сабырға жеңгізді. Ал қара бәсіренің бір ай дегенде солқылы әрең басылды. Байғұс сиырдың желіні сүттен сыздағанда, мөңки мөңіреп, жаһанды жаңғыртатын, аянышты мұңнан көңіл жабырқайтын. Ұлы Жарату­шы махаббат сезімін тірі дүниенің бәріне сыйлаған ғой. Баласына төнген тажалға қарсы ұмтылған аналық мейірім мен сүйіспеншілік жер бетіндегі бүкіл тіршілік иесіне тән болып келетінін қалай жоққа шығарарсың. Бірақ өмірдегі кез келген қасірет пен қайғы, анасынан баласын айыру сияқты қатыгез оқиғалар көбіне адамның қолымен жасалады. Аналардың көз жасынан пайда болған аралға батып, Құдайдың кәріне ұшырап кетеміз бе деп қорықпайтын пенделердің құлқынсыз пейілінен бір малымды қайтсем екі басқа көбейтем деген шаруа баласының жүрегі әбден шайлыққан. – Қой, мұнан әрі қарай қол қусырып қарап отыра алмаймын,– деп осы оқиға­дан кейін Райымбек тез шешім қабылдады. – Жоғалған малдың енді табылуы екіталай. Бұл байғұсты жетімсіретпейін, жанына тағы бір ірі қара байланса, төлін бір-екі күнде-ақ ұмытар. Бір сиыр бақсаң да, екі-үш тұяқ қосып қарасаң да бәрібір кететін шығын сол шығын, жұмсайтын күш те екеуіне бірдей. Сондықтан базардан жас мал сатып аламын да, бордақылай­мын. Одан түскен қаржыға әрі қарай тағы осылай мал сатып алып отырамын. Қалада тұрса да төрт түліктің сырына қанық Сәдуақас Райымбектің сөзін қуана қоштап: – Онда сол малдың жем-шөбіне мен көмектесейін, – деп қолтығынан демеп қойды. Арада бір қыс өтті. Көктемде қара шаңыраққа қайта оралдық. Ауылда қызу тірлік қайнап жатыр. Аман-саулық сұрасқан туыстардың арасынан тек Райымбек көрінбейді. Баяғы сол бәсіре сиырдың жыры әлі таусылмапты. – Жайылымда жүрген. Буаз еді. Туса бұзауымен алып келейін, – деп үйден таңертең ертелеп шығып кеткен. Көп кешікпей келіп те қалар, – деп жол жаққа елеңдеген келіншегі Райхан есте қалған ескі әңгіменің шоғын көседі. Мал бағудың қыр-сырын білетін адам жақыннан барып көрмесе, сиырдың туғанына көзі әлі жетпей жүргенін, сондықтан бүгін жылқышы жігітті кеңесші ретінде жанына ілестіре кеткенін айтты. Ымырт жабыла қос төбет құйрықта­рын бұлғаңдатып жол жаққа үріп кетті. – Сиырларын алып келген ғой, шамасы? – деді бүгінде екі баланың әкесі, мектепте тарихтан сабақ беретін білдей мұғалім Райымбекті әлі күнге бәтеңкесінің бауын байлай алмай жүретін баяғы бір бала күніндегідей көретін жеңгесі. Ит босқа үріпті. Мұхтар жылқышы мен Райымбек аттарын сабалап бос келді. – Түсе берістегі алқапта жайылып жүргенін көрдік. Тумапты, – деді. Ертесіне кешқұрым көрші ауылдан адам келді. – Сиырларыңыз туып, бұзауын қалың қамыстың арасына тығып қойыпты, – деді ол бұрын-соңды естімеген әңгіменің басын қылтитып. Сөйтсе, шынымен де сиыр бұзауын қамыстың қалтарысына жасырып, сұқ көздерден аулақта емізіп келіп жүреді екен. Беймезгілде баласын бауырынан суырып әкетердей екі аяқты қорқаулардан сақтанғаны ғой. Сиырдың осы хикаясын естіп, “апыр-ай, мұндай да қызық жәйттер болады екен-ау” деп таңданғанымыз рас. Қазір Райымбектің үйі екі сиыр сауып ішіп отыр. – Өткен жылы мал бордақылаймын деп едің, сол ойың қалай жүзеге асып жатыр? – дейміз. – Бордақылауға сатып әкелген сиырым буаз болып шықты. Жақында туып, қазір екі сиыр сауып ішіп отырмыз. Үйдің берекесін келтіретін ағарған ғой. Енді осы төртеуінен төл басын көбейтуге көштім,– деп шаруа тіліне әжептәуір төселіп қалғанын байқатып қойды. Үй іргелік учаскесіндегі қызанағы қылтиып, күннің қызуымен қыраттана өсуде. Жүгері еккен, қияр, баклажан, бол­ғар бұрышын еккен. Көп тер төккен. Ең­се­сін бір тіктеп, қор жинап алса, кешіктір­мей ескі үйін бұзып, жаңа баспана тұрғыз­бақ. “П” пішінімен салынған үй кезінде ауыл­дағы үйлердің еңселісі болатын. Қазір ең ескі үй. Ескі болғанмен, тым ыстық. Балалық шаққа куә. Сондықтан да сырты жұпыны кө­рін­генмен, табалдырығын аттай бере бойыңа ерекше сезім сыйлар қасиетті шаңы­рақтың құдіретіне дүниедегі ешбір зәулім сарайдың асқақтығын жеткізе алмайсың... Қазақтың бір кемі Келестің қос өркешті жотасын қиып, дария үстімен туған ауылдың шетіне іліккенде, көгілдір айдында қиқулаған үйрек пен қаздың, басқа да жыл құстары­ның тіршілік базары қыз-қыз қайнап жатар еді. Сол сәт киелі топырақтың кең далаға жайылып сала берер жұпар иісі танауды жарып жібере жаздайды. Қос қапталдан қалың тоғай алақандағыдай кестеленген. Жаһандағы небір алпауыттың адымын аштырмаған қаржы дағдарысы­ның жалыны төрт түлікті қазақтың жатаған қорасынан тұмсығын сыйғыза алмай, дымы құрыпты. Жалпы, статистикалық мәліметке сүйенсек, Мақтарал ауданы бойын­ша алдыңғы жылға қарағанда, был­тыр ірі қара –3511-ге, қой-ешкі – 15285-ке, жылқы 1306 басқа өсіп, төл алудан айтарлықтай көрсеткішке қол жеткен. Ал, егістікте көктемгі жұмыстар қызу жүріп жатыр. Әр тұстан жұқалтыр жапқыштар ағараңдайды. Жүз үйлі қазақ отырып ауылдағы төрт-бес гректен бұрын қызанақ, қырыққабат, баклажан сынды көкөніс түрлерінің көшетін сатып алатын. Қазақ үйіргелік жеріне жүгері не жоңышқа ексе, гректің үйінің “огородынан” алуан түрлі жеміс иісі аңқып, сырттай тамсанта­тын. Ал, бүгінде бұл жұмысты қазақ бизнес­ке айналдырып жатыр. Үйіргелік жеріндегі қызанағын сатқаннан түскен қаржыға күзде мектепке баратын бала-шағасын киіндіріп, одан артылса, қысқа томат қайнатып, шыны құтыға басып, отбасы ризығына айналдырған жандар баршылық. Ендігі қазақтың бір кемі не? Жазда самсап пісетін жеміс-жидек пен бау-бақша өнімдерінен Еуропаның озық технологиясын игеріп, халықтың сұраны­сына қажетті дайын өнімдер шығара алмай отыр. Алма, өрік, шабдалы, шие, т.б неше түрлі жеміс-жидек төгіліп, көп қаржы желге бекер ұшып жатқандай әсер қалды­ра­ды. Осылардың өзі-ақ түрлі өндіріс ошақтарын ашуға мұрындық болмай ма? Неге бұл сала бойынша өңірде кластер қолға алынбай отыр деген мәселе толғантады. Сонда қаншама жұмыс орны ашылып, жастар қалада бекер сенделмес еді. Ауыл қазір тек шикізат өндірумен айналысуда. Дүкен сөрелері сырттан келетін тосаптардан майысып тұр. Бір ғана қызанақты алайық. Одан қаншама өнім жасап шығаруға болады? Әзірге алқаптан тек тіке базарларға жол тартуда. Консерві цехтары ашылса, бір дақылдан кемінде екі-үш түрлі өнім дайындалар еді. Астананың құрылысы мен Алматының базарында қаңғыған ауыл жастарына мұнан артық қандай қолдау керек?! Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарының ашылуын уақыт талап етіп отыр. Аудандық мәслихаттың хатшысы, “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалының төрағасы Жаппарқұл Әбдіәзімов көптен бері осы ойдың мазалап жүргенін айтты. Сусындардың түр-түрін, тосап, басқа да жеміс-жидек, көкөністен дайын өнімдер дайындайтын өндіріс ошақтары ашылса, Еуропадан тасылатын мұндай азық-түлік тауарларының орнын өз өнімдеріміз басар еді. Кедендік одаққа мүше Қазақстанның экономикасы мұндай жобаларды жүзеге асыру арқылы ішкі қажеттілікті өтеп қана қоймай, отандық өнімдердің экспортталуына да қолайлы жағдай туғызары хақ. Осы кеміне қазақ қол жеткізсе ғой деген жұрт аңсарын ақаусыз жеткізу – біздің міндетіміз. Қазақ бау-бақшасымен, жеміс-жидегімен, көкөнісімен өзге елдермен бәсекелесетін кезге қашан жетеді?! Өңірдің өңін өзгертер жоба Аудан әкімінің орынбасары Жамантай Бейсенбаевтың берген мәліметі бойынша, Мақтаралда 54 мың 600 гектар жері бар 8 мың шаруа қожалығы, 469 іріленген шаруа қожалығы бар. Биыл 90 мың гектар жерге мақта, 15-16 мың гектарға бақша дақылда­ры, 2-2,5 мың гектарға көкөніс, 10 мың гектарға жүгері, т.б. дақылдар егілмек. Өңірде негізінен мақта егіледі, бірақ соңғы уақытта судың тапшылығына, ауыспалы егіс жүйесінің сақталмауына байланысты диқандар бұл дақылды азайтып, орнына қарбыз егуді кәсіп ете бастаған. Оған себеп, диқандарға биыл да судың тапшы болатыны ескертілді. Мемлекет мақташы диқанның су тапшылығынан ала жаздайғы еңбегі зая кетпесі үшін 16 шақырым жерге жаңадан арық тартып, дарияның ішкі жағынан – 12, “Достық” каналына 60 текше су құярлық 12 сорғы орнатылатын “Сырдария –Шардара су қоймасы – Достық каналы” жобасын жүзеге асыруда. Құрылысы былтыр күзде қолға алынған жүйе қосылса, келешекте 80 мың гектар жер сумен толықтай қамтамасыз етілмек. Жалпы құны 13,7 млрд. теңгені құрайтын осынау жоба іске асса, бағзыдан тоқтап қалған бұрынғы каналдар диқандар қажетін толықтай қанағаттандырады деуге негіз бар. Бұған қоса Сарыағаштан қосымша электр энергиясы тартылуда. “Кісідегінің кілті – аспанда” деген халқымызда қанатты сөз бар. Жазда суға жарымай, өзгеге телмірген халық енді не істерлерін білмей әбден сарсылған халде еді. Қиындықтан қажып, істі қожыратып алған қожалықтар мен ауырдың үстімен, жеңілдің астымен амалдаған кейбір жекеменшіктердің жерлерін арамшөп басып, мүлде жарамсыз күйге түскен. Нарық ауылдағы өмірді түбірімен өзгертіп жатыр. Кімнің іске мығым, ал кімнің қырсыз екені тайға таңба басқандай бады­райды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау әбден тозып, бос жатқан жерлердің өзегіне тіршілік көзін қайтадан жылтырата ма деп үміттенеді жұрт. Өңірдің өңіне қан жүгіртер жоба бұйыртса, биыл желтоқсанда бітеді деп күтілуде. Өзбек пен қырғыздың суына тәуелді­лік­тен құтылу Қазақ елінің аңсаған мұраты еді ғой. Мұндағы халық екі үлкен оқиғаны өмірлеріндегі айтулы жетістік санайды. Бірі – Сырдарияның үстіне салынған көпір де, ал екіншісі құрылысы қарқынды жүріп жатқан осы “Достық каналы” су жобасы. Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар нысан болып саналатын қос жоба да Мемлекет басшысының тікелей тапсырма­сымен қолға алынған. Алайда, мақталы аймақтың мұңы мұнымен бітпейді. Жеке шаруа қожалықтары ауыспалы егіс жүйесін сақтауға мүдделі болғанмен, дәрменсіз. Қарамағында азғантай ғана жері бар ұсақ шаруа қожалықтары мұндай тәуекелге қалай барады? Ол үшін қожалықтар бытырап-шашырамай, іріленсе ғана іс ілгері басқалы тұр. Бірақ олар біріксек, баяғы кеңестік дәуірдегі таз кейпімізге қайта түспейміз бе деп қауіпте­неді. Жерімен де, техникасымен де ешбірі­нің бөліскісі жоқ. Жұрт екіұдай ойда. Аудан әкімдігі “Ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру, ауыспалы егіске өту – суарма­лы жер құнарлылығы мен дақылдардың өнімділігін арттырудың кепілі” деп есеп­тейді. Бірақ ешкімге күштеп ойын таң­ып жатқан жоқ. Әркім өз еркімен шешім қа­был­дауы керек деген ұстаным. Ұсақ шаруа қожалықтарының қиындықтары жетерлік: жанар-жағар май мен зиянкеске қарсы дәрілерді, минералдық тыңайтқыштар мен техникаларды әркім өз бетімен іздеп әуре. Бірақ іріленсе, осы жұмыстардың бәрін бір-ақ адам атқарар еді. Сірә, бұл ой бір жылда жүзеге аса қоймас. Бірақ әйтеуір түйіні шешілмес іс емес екені тағы анық. Ең бастысы, қазақ көршілес мемлекеттерге судан міндідәр болмайды. Ауыз су алаңдатады Кәмила мен Сәлиманың белдері иін ағаш­тай майысып, арықтан үйге су тасу­мен әлек. Мал суарады, ыдыс-аяқ жуады, есіктік алдына су сеуіп, сыпырады. Ауыз суды арбамен көшенің жоғары жағынан тасиды. Әйтеуір тыным табар емес. Оларға қарап кешегі өзіміздің қаршадай кезіміз еске түсер еді. Әр үйдің ауласынан құдық­тың суы атқылайтын. Біреу көкөнісін суарып, тағы бірі гүлдеріне су құйып, ағыл-тегіл молшылық еді. Сол көріністер бүгінде көзден бұлбұл ұшқан. Құдықтың орны – терең шұңқыр. Білте шамның жарығына ұқсас бірдеңе түбінен әзер жылтырайды. Ескі құдықтың жұрнағы. Түбінен күніне екі-үш шелек су алынады. Ішуге жарамсыз. Тұзы тамақты қарып, өзегіңді ашытады. – Ауыз суды қайдан тасып ішесіңдер? – деймін ыдыс біткенді шөпілдетіп суға толтырып, үлкен шаруаның басын қайырған Кәмилаға. – Көшенің арғы бетіндегі үйден тасимыз. Бірақ оны да іше алмайтын шығарсыздар. Тұщы суды трактормен көрші ауылдан алып келу керек, – деп су тасудан күс болған салалы саусақтарымен шашын сипай салды. Биыл ол мектеп бітіреді. Алматыда оқуды армандайды. “Алматының суы киіміңді жусаң, шайдай ашады ғой” деп әңгіме арасына Алматыны кіріктіріп қояды. Оқушылардың жазғы демалысында екі рет барған. Қос шелек иін ағаштың ілгегін үзіп жіберердей ырғалады. Иығына зілдей батқан салмақты елемей кетіп барады. Алматыны армандап, қиялымен көкжиекті шарлап кеткендей... Күндердің бір күнінде тұщы судың осы аулаға да жетерін сезердей. Біз де ләйім, тезірек ауылдағы әр үйдің жанында өз құдығы, өз тіршілік көзі сыңғырласын деп тіледік. Туған ауылдың мұң-мұқтажы дегенде, алдымен осы ауыз су мәселесі қатты толғантады. Өйткені, одан жұрт зардап шегіп жатыр. Балалар түрлі жұқпалы дертке жиі шалдығады. Оған мән беретін, аурудың алдын алатын шақ келді. Мемлекеттің “Жол картасы” бағдарламасы бойынша алдымен, осындай шалғайдағы қазақ ауылдарының түйткілдері шешілсе деген жұрт талабы орынды. Қайт, қазақ! Кедендік одаққа мүше елдердің келісім­деріндегі маңызды шарттың бірі – есірткі заттары мен ел аумағына зиян келтіретін басқа да қылмыстық қауіп-қатер­лердің алдын-алу мақсатында мемле­кеттер әуелі шекара-бекеттерін барынша бекемдеуге тиіс болатын. Осыған орай еліміздің шекаралық аймақтарында көп жұмыстар атқарылып жатыр. Мақтарал ауданы – Өзбекстанмен іргелес қоныс­танған еліміздегі сондай шет аймақтың бірі. Бұрынғы “Қоғалы” кеңшарынан Шардара су қоймасына дейінгі 77 шақы­рым жерге бағана орнатылып, сым-қор­шаулармен мығымдалуда. Шекарашылар­дың айтуы бойынша, биыл шілденің аяғына дейін түгелдей бітуге тиіс іс-шараға мемлекет 39 млрд. теңге қаржы бөліп, қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән беруде. Ел іргесіндегі сақтықты күшейту, тұғырды нықтау – тәуелсіздік рухымен еңсе тіктеген Қазақ елінің қадір-қасиетін, ата-бабалар аңсаған азаттығы мен ұлттық құндылықтарын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, мәдениеті мен дәстүрлі ұста­нымдарын қорғау деген ұғыммен мағы­налас. Ұлттың болашағы мен болмысы шекара қызметіндегі тәртіп пен жауапкершілікке қарап бой түзейтіні  тәуелсіздік жемістерінен айқын көрініс табуда. Іргесі бекем үйдің малына қасқыр түспейді. Қазақстан кедендік одаққа мүше өзге мемлекеттер секілді өзінің шекаралық қауіпсіздігіне байланысты толағай міндетті мүлтіксіз орындауда. Қазақ елі мен Өзбекстанның арасындағы шекара мәселесіне, міне, осы тұрғыдан қарайтын болсақ, көршісі ала топылы Мақтаралда не болып жатыр деген әңгімеге кім-кімнің де қызыға құлақ тосары анық. Өзбек – ежелден қазақтың құдайы көршісі. “Көрші ақысы – құдай хақысы” деген халықпыз. Ауылы аралас, қойы қоралас елдің қазаққа тілі мен діні өте-мөте жақын болғандықтан, өзбек ағайындар қазақтың мақтасын теріп беріп, керісінше қазақтар Өзбекстанның жай­лауына малдарын бөгетсіз жайып, құдайы көршімен арадағы қарым-қатынас адами түсінікпен өріліп келген. Бірақ адамгерші­лік мәселесі, туыстық, бауырлық деген сезімге құрылған сөздер бір басқа да, ал елдік пен егемендік мағынасы шаттық рухтағы дауылпаз ұғымдар екені даусыз. Сондықтан Отанына оралмай қалған ондағы қандастардың мұңын да, сондай-ақ ол жақтағы тіршілігінен әлі де қол үзгісі келмей отырған қандастардың да жайын жақсы түсінеміз. Бірақ оның бәрі енді өткен жылдар парағы. Жаздай қазақтың қозалығының арамшөбін жұлып жүретін өзбектерді бүгінде көрмейсіз. Күзде мақтадан түскен табысының едәуір бөлігін шиеттей бала-шағасының аузынан жырып, өзбек ағайындарға жем болған қазекем етек-жеңін енді ғана жиып келеді. Өзбектің қалтасына түскенше тапқан он-он бес теңгем баламның аузына түссін деген қазақтар сыртқы күшке телмірмей, өз қамдарын өздері жасауға көшіп жатыр. Қалтасына бес-он теңге біткенге шалқақ кеудесін келеңсіз дағды жайлаған кейбір ерсі мінездер көп сынынан біртіндеп жойылып барады. Өзбекстанмен арадағы шекараның нықталуынан қазақтың пайдасына шешілген бір үміт осы. Біздің айтайын деген мәселеміз бірақ бұл емес, гәп Өзбекстан жағында қалып қойған қандастарымыз хақында.Үйреншікті қоныстарынан көшкісі келмей, тиісті орындарға шағымданып жатқан жұрттың жанайқайы бізге де біраз ой салған. Ыстық ұяға айналған мекенді қию әрине, кім-кімге де оңай соқпасы анық. Талай жылдан бергі қонысымызды тастап ешқайда кетпейміз деп отырған халықтың көкейін тескен мәселенің мән-жайына қанығу мақсатымен Мақтарал ауданының әкімі Қасымбек Хамитовті әңгімеге тартқанбыз. Әкімнің айтуынша, жұрттың жаппай дүрлігуіне Кеңестер Одағы тұсында Өзбекстаннан Қазақстанға біраз жердің ұзақ мерзімге жалға беріліп, кейін оның уақыты біткенде кері қайтарылуы себеп болған. Нақтырағы, сол кездегі Шымкент облысы Киров ауданының “Мақталы” кеңшарына Өзбек ССР-і, Жызақ облысының Амангелді атындағы кеңшарынан 969 гектар жер ұзақ мерзімге жалға беріледі. Өйткені, мұнда ежелден қазақтар қоныстанып келгендіктен, өзбектер шалғайдағы жерде еңбек етуге аса қызығушылық танытпаған. Кеңшарлар тараған кезде Асықата ауданы әкімінің шешімімен 1997 жылы Жайлаубаевқа – 10 га, Өтегеновке –10 га, Парткомның тұрғындарына, төрағалары Әбдірамановқа – 75 га, сондай-ақ Жетісай ауданының шешімімен 1998 жылы Мекешевке –19 га, Арғынбаевқа – 17 га, Тілеумұратоваға –19 га, Смановаға – 19, Оразымбетовке – 18, Тілегеновке 10 гектар жер беріледі. Дәл осылай Жызақ облысының Амангелді атындағы кеңшарынан Шымкент облысы, Киров ауданының “Қоғалы” қой шаруашылығына 860 гектар жер ұзақ мерзімді жалға берілген. Киров ауданының “Өзбек ССР-інің 40 жылдығы” атындағы кеңшарына Жызақ облысынан 1100 гектар жер ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі. Осы мерзім аяқталған соң сол жерлердің бәрін Өзбекстан өзіне қайтарып алады. Қос тараптан құрылған комиссия екі жақтың жалға беру кезінде бір-біріне өткен жерлерінің айырмашылығын реттеп, шекара сызығы белгіленгенде біраз қазақ ауылдарының үстінен кесіп өтуге тура келеді. Жергілікті тұрғындарды алаңдатқан осы жәйт. Себебі, бос жатқан жайылым­дық шекараның арғы бетінде қалып қояды. Ол жұрттың ертеден мал жайып, өрісін толтырған құт мекені еді. Шекара бағаналары орнатылғанда жайылымдығы кеміген қазақ қамығып қалған. Бұл – бір. Екіншіден, Өзбекстандағы кілең қазақтар тұратын Арнасай мен Амангелді кеңшарла­рындағы қандастарымыздың көбі Қазақстанның азаматтығын алған деген дерек көзіне кезіктік. Қазақстанда оралмандар мәселесіне өте көп көңіл бөлініп отыр. Жан басына ақшалай көмек беріледі, баспана салуға бөлінген жер де тегін. Мұнан артық тағы қандай қолдау керек? Аудандық мәслихаттың хатшысы, “Нұр Отанның” аудандық филиалының төрағасы Жаппарқұл Әбдіәзімов олардың мәселесімен арнайы барып танысып шықса, Өзбекстанның құрамындағы Арнасай шаруашылығының орталығында Қазақстанның төлқұжатын алған 92 отбасыда 540 жан тұратыны мәлім болған. Ол жердегі үйдің саны 100-ден сәл-ақ асатын көрінеді. “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” демекші, қателік кеңестік кезде кеткен. 1971 жылы Жетісай, Мақтарал, Киров аудандары Қазақстанға қайтарылғанда өзбектер мақта егетін өңірлерін беріп, ал мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарын өздерінде қалдырған. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Біздің айтайын дегеніміз, Қазақстанның квотасын алғанда еліміздің солтүстік өңірлеріне жіберілген қандастарымыз ол жаққа барып үй салудың орнына бұрынғы ескі тамдарына қайта оралып, атақоныста­рын қимай отыр. Арғы жақта Қазақстан­ның квотасын алған екі жүздей отбасы бар көрінеді. Оларға Шардара ауданына немесе Көксарайға көшіп барыңдар деген үгіт-насихат айтылуда. Кең байтақ Қазақстанның қай бұрышынан да жүрегі елім деп соққан кез келген жанға баспана бақыты бұйырары хақ. Өзбекстанды мекендейтін қандастарымыздың отбасынан байқайтынымыздай, мұнда бала туу көрсеткіші өте жоғары деңгейде. Солтүстік өңірді қазақшалай алмай жатқанда, бұл бір Жаратқанның қолдауы секілді болып көрінетіні рас. Көршілес республикалардан көшіп келіп жатқан оралмандар тек оңтүстік аймаққа шырмауықша үймелей бермей, қазақтың басқа да көкжиекше көсілген ұлан-байтақ даласына шашырай қоныстанса, қазақтың демографиялық жағдайы едәуір жақсарар еді. Қайткенде де, қазаққа қайту парыз екені айқын сезіледі. Ал, Мақтарал ауданы мұншама оралманды қайтіп қабылдайды? Өйткені, бұл өңір тұрғындарының тығыздығы жағынан Қытай мен Ферғанадан кейінгі үшінші орында тұр. Халқы 300 мыңнан асып жығылады. Жылына 9-9,5 мың нәресте дүние есігін ашып жататын Қазақстан бойынша бала туудан алғашқы орынды иеленетін бірден-бір аудан. “Еңбек етсең, емерсің” Мақталықты мықшыңдап арамшөптен тазалауға, түбін қопсытып, тамыздың таңдай қуырар ыстығында қоза шырпуға, күзгі жиын-терімде ақ ұлпаны жауын-шашынға қалдырмай теріп алуға, дала жұмыстарының қай-қайсысына да ауыл балалары сонау кеңестік кезден бастап ересектермен бірдей тер төгіп келеді. Күздің бірер айында оқушылар оқудан қол үзіңкіреп, беліне қап байламаса ала жаздайғы бейнет зая кетуі мүмкін. Сол себепті кейде балалардың мектепке бармай қалу фактілерінің арагідік кездесіп қалып жатуы соншалықты жат көрініс болып саналмайды. Кеңес кезінде бір-екі ай мектеп оқушыларын оқудан ол үшін заңды түрде босататын. Қазір күзгі жиын-терімде оқушылар мектептен босатылсын деген бұрынғы тәртіп жоқ. Бірақ ауылдағы жұрттың күнкөрісі баяғысынша әлі сол қозаның қанша қауашақ байлауына байланысты болып тұрғанда, бала қалай алаңсыз білім алмақ деген сұрақ еріксіз толғантады. Бұл үшін кімді кінәлау керек? Мақта терімге байланысты оқушылары амалсыз селдірейтін мектепті ме, әлде бала-шағасымен бірге қозалықта жантала­сып еңбек еткен ата-ананы ма? Баланы жазықты деп ешкім айта алмайды. Осы тығырықтан шығатын шақ әлдеқашан туған. Бір қызығы, шопанның баласы мал бағып, ата кәсіпті жалғастырса, жұрт мұны өнеге тұтуы мүмкін, жылқы мен түйе өсірушіге де дәл сондай құрмет. Ал мақ­та­­шы­ның баласы мақтасын терсе, мұны кәмелетке жасы толмаған жасөспірімді заңсыз еңбекке жегіп, қиянаттыққа жол бергендей әңгімені гулететіндер көп. Бірақ “Баяғы жартас, сол жартас” демекші, одан ештеңе өзгеріп кеткен жоқ. Қозалықта кетпен ұстап әлі сол ауылдың қара сирақ балалары жүр. Мақта баптаумен өседі. Өңірдегі науқандық дала жұмыстарының ерекшеліктерін ескеріп, сала басшылары­ның жақын арада осы түйінді дұрыс шешіп беруін жұрт асыға күтулі. Әйтпесе, жазығы – баласын еңбекке еңкейткен ауылдан кінәліні іздеушілер сірә, көбейіп барады. Былтыр мақтаралдықтар 190 мың тонна “ақ алтынды” ешкімнің көмегінсіз өздері жинады дегенге біреу иланса, ал біреу күмәнмен қараған. Әр гектардан 19 центнерден өнім түскен. 20 млрд. қауашақтан ашылған ақ ұлпаны жұрт төкпей-шашпай ел қамбасына құйып, мерейі үстем болған. Сырттан келетін көмекшіге – жайлы қонақ үй, үш мезгіл ыстық тамақ, әрбіріне 28 мың теңгеден айлық төленуі тиіс екен-мыс. Мұндай “еркетотайлықты” қай шаруа қожалығы көтерсін? Қазір халық неден пайда, неден зиян келетінін өмірдің өз өрнектерінен үйреніп алған. Балабақша жетіспейді Ауылдағы балабақшалар кеңшарлар тараған кезде, ұстағанның уысында, тістегеннің езуінде кеткен. Мүлкі талан-таражға түсіп, жаппай жабылды, тоналды, көзден бұлбұл ұшып жоғалды. Қазір соның зардабын халықтың өзі шегіп отыр. Балабақша жоқтықтан үйдегі сәбилерін сыртынан құлыптап кетіп, жұмыс істеп жүрген талай отбасыны кездестірдік. Ауыл­дың алтын құрсақ аналарының арқасында қазақтың саны соңғы уақытта біршама өсе түскеніне шүкіршілік еткенмен, алаңдатар мәселелер өте көп. Қазақтың санын көбейтуге шексіз үлес қосып жатқан мұндай аймақтарға жоғарыдан айрықша қамқорлық жасалуы тиіс емес пе? Соның кесірінен бала санын бір-екеумен шектеуге мәжбүр болған кейбір жас отбасылар бұл түйткіл тезірек шешімін тапса деген өтініш-тілектерін айтып қалды. Ауданда мектеп жасына дейінгі 32 159 сәби бар десек, 1529 бүлдіршін ғана балабақшамен қамтылған. Бар-жоғы 22 балабақша жұмыс істейді. Бір балаға орташа есеппен 128 теңге жұмсалса, биыл оны тағы да өсіру көзделуде. Мемлекеттік “Балапан” бағдарламасы бойынша кіші балалар орталығы, балалар бақшалары ашылмақ, 46 топ жұмыс істемек. Оған 96 млн 400 мың теңге жұмсалады деп көзделуде. Бұрынғы балабақша үйлерін мемлекетке қайтару мақсатында мекемелерге хат жолданып, толағай істердің толастамай атқарылып жатқаны көңілге үміт ұялатты. Әзірге ауылдағы көп ананың баласынан аяқ-қолы тұсаулы. Бар жақсылық – балаларға десек, көмектің көзі ауылға көбірек түсуі керек-ақ. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.