«Көз – қорқақ, қол – батыр» деген, айналдырған аз ғана уақыттың ішінде тындырымды жұмыстың нәтижесінде бос тұрып, азып-тоза бастаған жылыжайдың тамырына қан жүгіре бастады.
Әлия Жұматаева әуелі әкімдікке нысанды сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінім түсіргендерін айтады.
– Жылыжайдың еш жерде баланста жоқ екені белгілі болды. Алдымен нысанды иесіз деп тану туралы сот отырыстары болды. Содан кейін оны мемлекет балансына ауыстырды. Кейін сауда-саттық жүргізіліп, жылыжай бізге сенімгерлік басқаруға берілді. Өткен жылдан бастап біз жөндеу жұмыстарын бастадық: әйнектер орнаттық, жылыту жұмыстарын жүргіздік, жұмыс орындарын құрдық. Сөйтіп, жылыжай қалпына келтірілді, – дейді іскер әйел.
Қазіргі уақытта жалпы ауданы мың шаршы метрден асатын жылыжайда сегіз адам жұмыс істейді. Кәсіпкерлер, ең алдымен, мұнда северин сұрыпты бес мың қияр бұталарын екті. Бұтадан орта есеппен төрт кило өнім жинау жоспарланған. Ал бір жыл ішінде жылыжай қызметкерлері 70 тонна қияр жинамақшы.
Кәсіпкер Әлия Жұматаеваның айтуынша, жылыжайда нитраттарды қолданбайды екен.
– Бізде экологиялық кәсіпорын бар. Тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған. Өнімді Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларында сатамыз, – дейді ол.
Жылыжай қызметкерлерінің мұндағы алатын орташа еңбекақысы 110 мың теңгенің маңайында. Бұған қоса тағы 10 мың теңге ақы төленеді. Ал көзге түскен озат қызметкерлер міндетті түрде қаржылай ынталандырылып отырылады.
Северин сұрыпты қияр өсіретін кәсіпорын болашақта қызғалдақ пен павлония егуді жоспарлап отыр. Мысалы, келесі жылдың 8 наурызына қарай 25 мың қызғалдақ өсіру жоспарда бар екен. Мамандардың есебінше, қазіргі уақытта қияр өсіруге ауа райы қолайсыз, салқын. Алайда бұл гүлдер үшін ең қолайлы температура көрінеді.
Гүл демекші, кәсіпкерлер келесі жылы жылыжайда 200 шаршы метр алаңда павлония өсіруге арналған тәлімбақ жабдықтамақ. «Бұл өте әдемі ағаш, теректің баламасы. Бір жылда үш метрге дейін бой көтереді», дейді Ә.Жұматаева.
Жалпы, кәсіпкерлерге тиесілі 500 шаршы метр бос алаң бар. Осы орайда олар тағы бір жылыжайды үздіксіз цикл үшін жабдықтауды жоспарлап отыр. Оның біреуінде өнім егетін болса, екіншісі бір жылдай демалып, тыңайып тұрады.
Қарағанды облысы,
Абай ауданы