Үкімет • 30 Маусым, 2022

Қазақстан міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге мораторийден бас тартты

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20-21 маусымда Минскіде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне мораторий енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге мораторийден бас тартты

Шараға Арменияның Үкімет басшысы Никол Пашинян, Беларусь Үкіметінің басшысы Роман Головченко, Қырғызстанның Үкімет басшысы Акылбек Жапаров, Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен кеңес отырыстарында Еуразиялық экономикалық одақтың біріктірілген ақпараттық жүйесін дамыту, тауарларды таңбалауды жүргізу, алкоголь нарығын реттеу және электрондық сауда кезінде салық салу мәселелері талқыланды.

Бұған дейін цифрлық таңбалау Одаққа мүше мемлекеттердің вице-премьерлері деңгейінде Комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 83 «Еуразиялық үкіметаралық кеңес Жарлығының жобасы туралы» шешімімен қолдау тапқан еді.

22 маусымда ЕАЭО-да дәрілік заттарды таңбалауды енгізу мәселелері бойынша сарапшылар кездесуі өтті. Отырыс нәтижесінде Комиссия Кеңесінің «Дәрілік заттарды сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» шешімінің жобасын пысықтау қажеттігі туралы шешім қабылданды.

Еске салайық, тауарларды цифрлық таңбалау ЕАЭО аумағында жүзеге асырылатын халықаралық жоба. Міндетті цифрлық таңбалауды енгізгеннен кейін көлеңкелі айналым үлесінің айтарлықтай төмендеуі мүмкін, мәселен Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп нарығында жалпы айналымның 63%-ға, аяқ киім нарығында 48,5%-ға, алкоголь нарығында 25%-ға, және фармацевтика өнеркәсібінде 12%-ға төмендейді.

Сонымен қатар таңбалау жүйесін енгізу IT нарығының, қаптамалар мен жабдықтарды өндірушілерге қызмет көрсетудің дамуына серпін береді. Таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен тауарларды қабылдау және беру, қайтару, қабылдамау, айналымнан шығару процестерін растайтын ақпараттармен цифрлық орта жасалады.