Экономика • 03 Шілде, 2022

Делдал компаниялар: Экономиканың досы ма, қасы ма?

526 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сарапшылар делдал компаниялар нарықтың қолындағы «алмас қылыш» екенін айтады. Заң шеңберінде жүйеленсе, мұндай компаниялар сервистік қызмет түрінің жақсаруына сеп болады, алпауыт кәсіпорындардың мүмкіндігін әртараптандырады. Алайда біздің жағдайымызда делдал компаниялар «жұмыртқадан жүн қырқып отырғандардың» қылығын еске түсіріп отыр.

Делдал компаниялар: Экономиканың досы ма, қасы ма?

Сарапшы-экономист Талғат Демесінов елдегі әлеу­мет­тік-экономикалық пробле­малардың қордаланып қалуына олигополиялық қысым себеп болды деген ойға басымдық берді. Отыз жыл бойы қорда­ла­нып, «мұзы қалыңдап кеткен сеңді» тек саяси реформалар арқылы ғана бұза аламыз.

«Instant Payments» серік­тестігі ҚТЖ ғана емес, өзге ком­паниялармен де келісімшарт бо­йынша жұмыс істеген. ҚТЖ-дан өзгелері келісімді үзетінін айт­қан жоқ. Басында отырғандар айт­қызбай отыр. Олар бағаны бел­гілеу құқы арқылы ойынын жалғастыра беруге мүдделі. Біз Президентіміздің бастамасына БАҚ арқылы да, әлеуметтік желілер арқылы да қолдау білдіруіміз керек. Халықтың қолдауы көп мәселені шешеді», дейді Т.Демесінов.

Сарапшы айтып өткендей, біз тұлғаға табыну дәуірінің зардаптарымен бетпе-бет қалдық. Нарықтың 35 пайызын жаулап алған делдал компаниялардың ар жағында тұрғандардың бәрі олигарх­тармен байланыс­ты екенін еске түсірген сарапшы бізді ауыр сынақтар күтіп тұрғанын, мұны тәуелсіздік үшін күреспен салыстыруға болатынын айтты. Кедергі сыртқы фактордан емес, өз ішімізде. 30 жыл бойы нарықты уысында ұстап тұрған үркердей топ барымен бөлісуге дайын емес.

«Халықтың табысын көтеру бағдарламасын делдал ком­пания­ларға қарсы күреспен қатар алып жүру керек. Бұл жерде Мемлекет бас­шысының пәрменіне қо­сымша күш керек. Ішкі нарық­ты делдалдардан тазартуды заң аясында, мемлекеттік бағ­дар­лама шең­берінде жүргізу керек. Мысалы, Германияда нарық­тағы дел­далдардың тізбегі көбейген са­йын олардың үлесін қысқартып отыру тәжірибесі бар. Тізбекте тұрған алғашқы компа­нияның үлесі 5 пайыз болса, соңғысы 0,1 пайызбен шектеледі. Егер соның бәрін заңдастырсақ, үлесінен қағылған делдалдар нарықтан өзінен-өзі ысырылып шығады», дейді Т.Демесінов.

Сарапшының пікірін­ше, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қадам­дарға тәуекел етіп отыр. Қорғас кеден бекеті «тазалана» бастаған 20 күннің ішіндегі бюджет түсімі шамамен 8 млн доллар деген сөз бар. Қорғас бекеті 2-3 компанияның бақылауында болды деген дерек те жоқ емес. Олар Қытайда 200 теңге тұратын үйге киетін аяқ­қиімді 2 мың теңгеден сатса да, қолын ешкім қақпай келді.

«Мемлекет басшысы халық­тың табысын жұмыспен қамту, ІЖӨ деңгейі арқылы көтеру қажеттігін айтып отыр. Халық­тың көңілін мемлекет бөлген демеу қаржымен «демдеп» қоюға Ұлттық қордың мүмкіндігі жоқ. Кеденді делдалдардың құр­сауынан, нарықты олигарх­тар­дың қысымынан тазартсақ, қазы­наға қаржы түседі, халық­ты жұмыспен қамту, табысын көтеру, инфляциядан қорғау мәсе­ле­лері нарық жолымен ше­ші­леді», деп атап өтті Т.Демесінов.

Халықаралық тәжірибеде халықтың табысын арттыру мен баға саясаты бір-бірімен иық тіресе жүретін бағыттар. Ішкі нарықта баға саясатына әсер ететін факторлар туралы мәліметтер ашық айтылуға тиіс. Осыған дейін баға саясатындағы импорттың үлесі дейтін болсақ, енді делдалдардың үлесі деген түсінік ашық айналымға енді. Бұл сөзді қорықпай айтатын болдық. Қысқасы, алпауыт компаниялар сервистік қызмет көрсететін шағын компанияларымен келісімшарт арқылы бағаны бақылауында ұстап келгендердің аттары аталып, түстері түстеле бастады.

Мысалы, жыл басында 120 тең­геге аспандап кеткен газ ба­ға­­сы халықтың дүрлігуінен ке­йін 50 теңгеге түсті. Бұл ретте бір ғана газ бағасынан үлес алып отыр­­ған бірнеше компанияның бол­­ғаны енді айтылып жатыр. Энер­г­етика министрі Болат Ақ­шолақов жыл басында журналистермен кездес­кен кезде сұ­йыт­ылған газдың нарық тізбегі меншігінде не газ құю стансасы, не газ жинақтау стансасы жоқ ойын­шылар бар екенін ашып айтты.

«Осындай ойыншыларды тізбектен алып тастайтын шығармыз. Яғни тек нақты газ өндірушілер, газ құю стансалары немесе үйлерге қажет газды жинақтайтын стансалары бар ойыншылар ғана нарық­та қалады. Бұл бізге тіпті осы 50 теңгелік бағаның ішінде нарық тізбегіндегі қатысушы­лар­дың кірістілігін қайта реттеуге мүмкіндік береді», деді Б.Ақшолақов.

Содан кейінгі қаперге алатын екінші фактор – санда бар, сапасы жоқ бағдарламаларды скрингтен өткізіп, оңтайландыру, сыннан өткендеріне стратегиялық мазмұн беру қажеттілігі. Саясаттанушы Замир Қаражанов «Үкіметтің халық табысын арттырамыз деген ниетін құптаймын. Бірақ бағаға әсер ететін факторлардың себеп-салдарын зерттемесек, бөлінген қаржы жоқ болады. Халықтың табысы тек инфляция емес, дел­далдардың және халықаралық жа­ғдайдың қыспағында тұр. Бірін­ші кезекте нарықты қажетсіз компаниялардан, делдалдардан тазартайық. Бұл әлеуметтік шығын­дарға жұмсалатын шы­ғын­дардың кемі 30 пайызға арзандауына мүмкіндік береді. Инвестициялық климатты сауық­тырсақ, ШОБ-тың жағдайы жақ­сарады. Халықтың табысын көтере­тін бағдарлама сол кезде ғана Ұлттық қордың үстеме қар­жы­лан­дыруынсыз, нарық жолы­мен дамиды», дейді З.Қаражанов.

Түйін

Адамдар жоқшылықта өмір сүргісі келмейді, мемлекет хал­қының кедейленіп кетуіне жол бергісі келмейді. Әлемдік тәжі­ри­беде жекелеген мемлекет бас­­шыларының халқының 1 па­­­йы­зының болса да кедейлік дең­­гейінде өмір сүріп жатқанын жария­лы түрде мойындағысы кел­мейді. Сарапшылар халық­тың жағдайына кері әсер ететін кез келген фактор ашық мойын­далған кезде ғана эконо­микалық реформалар нәти­желі болатынын айтады. Бізде кедей­лік, оның деңгейін терең­детіп тұрған факторлар ресми тү­рде айтылды, мойындалды. Нақты шешімдер қабылданып жатыр. Ендігісі – алдағы күндер еншісінде.

 

АЛМАТЫ