Қазақстан • 03 Шілде, 2022

Жаңа саяси мәдениетті құрудағы маңызды қадам

422 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары өңірлерде халықпен кездесуді өткізуде. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара сенімі мен құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті құрудағы өте маңызды қадам. Спикерлер халықпен кездесу – демократияландырудың, бүкіл мемлекеттік биліктің транспаренттілігін арттырудың және атқарушы органдардың жауапкершілігінің тағы бір дәлелі екенін айтуда.

Жаңа саяси мәдениетті құрудағы маңызды қадам

Мегаполисте келелі мәселелер қозғалды

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев тұрғындарды толғандыратын барлық сұрақтарға тікелей жауап беру мақсатында Шымкент қаласына келіп, кездесу өткізді. Өзекті мәселелерге егжей-тегжей тоқталған министр өткен жылы мегаполисте 9 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін еске салды. Биыл тағы 10 нысан жөндеуден өтуде. «Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен әр жыл сайын 20%-ға өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100%-ға артады. Мемлекет басшысының Жар­лығына сәйкес 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қыз­мет­керлерінің еңбекақысы 75%-ға артқанын атап өткім келеді», – деді Дәурен Абаев.

Әлі күнге дейін құлашын кеңге жайып, қадамын нық баса алмай келе жатқан қазақ мультфильмінде биыл бірқатар оң өзгеріс болмақ. Бұл ретте, анимациялық киностудиялар ортақ бірлестікке шо­ғырланып, балаларға арналған рей­тингісі жоғары шетелдік фильм­дерді дубляж жасауға мемлекеттен қаражат бөлінеді. Биыл «Қазақ анимация» шығармашылық бір­лес­тігін құру бойынша жұмыс жүр­гізілуде. Аталмыш бірлестік жыл соңына дейін 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуды жос­парлап отыр. Қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан қолдау мақсатында биыл­дан бастап министрлік алғаш рет «Айбоз» әдеби сыйлығын тағайындады. Шымкентке саяхаттап келушілер үшін туристік қауымдастықпен келісе отырып, 27 тур-бағыт ұсынылған. Оның 17-сі Шымкентте болса, 10-ы Түркістан облысымен бірлескен бағыт. Олар тарихи-мәдени, экологиялық, экстремалды, өндірістік бағыттарды қамтиды.

«Тарихи-мәдени нысандарға қатысты Шымкенттегі Сайрам өлкесін атап өткен жөн. Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагим ата мен анасы Қарашаш ана кесенелерінің аумағын қалпына келтіру бо­йынша эскиздік жоба әзірленіп, заманауи жолсілтегіштер, стендкарталар орнатылып жатыр. Биыл Шымкентке 3 айда 97 мыңға жуық турист келген. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 129 пайызға артқан. Туризм бойынша Шымкентте енді мобилография фестивалі, шопинг туризмінің апталығы, фильмдердің саундтрегінің концерті, этно экскурсия секілді тартымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Спорт саласындағы негізгі бағыт «Дені сау ұлт» жобасында айқындалған. Спортпен жүйелі түрде айналысатындар санын 2025 жылға дейін 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Былтыр еліміздің шалғай аудандарында 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында арнайы жоспар түзіліп, 2025 жылға дейін 113 спорт нысанын салу, 21 ғимаратты жаңғырту және 6 нысанды қайта жарықтандыру мәселесі қаралып отыр. Шымкентте ат спорты түрлеріне арналған ипподром салынуда», деді Д.Абаев.

Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масы негізінде сұрақ-жауап фор­матында өткен кездесуде мега­полистің мәдениет, спорт және туризм салаларына қатысты келелі мәселелер қозғалды. Қойыл­ған сауалдардың басым бөлігіне жауап берген министр кейбірі жан-жақты саралануы кере­гін жеткізді. Алдағы уақытта жергілікті әкімдікпен бірлесе бизнес өкілдерін тарта отырып, көп сұрақтың оң шешімін табуға болатынын айтты. Кездесуден соң қала азаматтарын жеке қабылдады. «Жеке қабылдауда негізгі сұрақтың дені артспорт туралы болды. Өкінішке қарай, жобаға қатысты алып-қашпа әңгімелер де тарап жатыр. Мәселен, бір отбасынан бір ғана бала үйірмеге қатысады деген сөз шындыққа жанаспайды. Алдымен жобаның жабылмайтынын ескеру керек. Әр бала үйірмеге бара алады. Қазір тек бизнес өкілдерінің жұмысына қатысты талаптар күшейтіліп отыр. Ол – ең алдымен, балалардың сапалы білім алып, шыңдалуы үшін маңызды. Бұл өзгерістерді ата-аналар қолдайды деп сенемін», дейді министр. Сондай-ақ Дәурен Абаев сапар барысында Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ананың кесенелеріне зиярат етті.

Ауылға министр келді

Бүгінде ауылдағы ағайынның әңгімесі министр жөнінде болып тұр. Жаңа Қазақстанның тұрғындарына соңғы кездері аудан-ауылға келуді жиілеткен әкіміңіз таңсық болмай қалды. Ал кеше арнайы ат басын бұрып, әңгіме-дүкен құрып, ауылдағылардың ахуалына қанып қайтқан министр бүгінде жұрт аузында.

Аға буын өткенге ой жүгіртіп, осы уақытқа дейін ауыл тарихында болмаған оқиға ретінде бағалап жатса, белсенді жастар әлеуметтік желіге жарыса жария етіп те үлгерді. Ауылдағы ағайынның енді бірі министр отырған орындыққа ырымдап балаларын отырғызып әлек. Иә, бұл ақкөңіл ауыл қазағына жарасымды көрініс. Әйтпесе, лауазымды қызметтегілердің, министр атаулының аяғы ауылға Жаңа Қазақстан құру кезеңінде жетуі көп жайтты аңғартады. Дегенмен бұл да ел өміріндегі елеулі де жағымды жаңалық, оң өзгеріс. Иә, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан облысы Төле би ауданындағы Аққұм
ауылына келді.

«Ауылдағылармен кездесуде министрдің ақыл-парасатына разы болған көпшілік көкейде жүрген мәселелерін жеткізіп, пікірін білді. Елімізге танымал суретшілер, ауыл ақсақалдары, зия­лы қауым елім деген ұлдарымызға әрдайым тілекші болайық деп өзара уәделесіп тарады. Уақыттың тығыздығына, күннің ыстығына қарамай жұрт жақсы жиналды. Талантты балалар, болашақ суретшілер, есімі елге танымал тұлғалар, әуесқой суретшілер мен шеберлер келіп үлгерді. Министр Дәурен Әскербекұлымен еркін форматта сыр-сұхбат болды. Суретшілердің жұмысын тамашалап, өз ойымен бөлісті. Көпшілік көкейінде жүрген мәселелерді ашық айтты, министр бір-екі мәселенің төңірегінде ұсыныс күтетінін де жасырмады. Аға буынмен ақылды жастардың өнегелі кездесуі керемет әсер қалдырды. Ешкім де қызыл сөзге салынбады. Бір-бірін еститін, бір-бірін түсінетін, бір-бірін құрметтейтін орта қалыптасты», дейді министрмен кездесуден алған әсерімен бөліскен Аққұм ауылының тумасы мәдениет қайраткері Күлия Айдарбекова.

Тұмса табиғаты қаншама ақынның өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болған Төле би ауданы нағыз таланттардың мекені. Аудан әкімі Төлеген Телғараев мұнда халықаралық деңгейде танылған суретшілердің де қатары көп екенін жеткізді. Бір ғана мысал, Аққұм ауылында 75 жыл бұрын қазақ гобелен өнерінің негізін қалаған Құрасбек Тыныбекұлы өмірге келген, сол киелі мекенде Тыныбеков әулетінде тағы бір талантты ұлдың, яғни Құттыбектің кіндік қаны тамған. ХХ ғасырда қазақ гобеленін әлемге Құрасбек мо­йындатса, ХХІ ғасырда Құттыбек тың жаңалықтар енгізіп, қанатын кеңінен жайғызды. Өнер ордасын, «Суретшілер үйін» ашты. Министр Дәурен Абаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында ашылған «Суретшілер үйін» аралап, қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құрасбек Тыныбековтің туындыларымен танысты. Қылқалам шеберлерімен кездесіп, жас таланттарға шығар­машылық шабыт тіледі.

о

«Кесенені сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз»

Ал Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде министр ұзақ уақыт бойы шешілмей келген мәселе шешімін тауып, спорт төрешілерінің еңбекақысы көтерілетінін мәлім етті. Яғни 2024 жылға қарай спорт төрешілерінің жұмысына ақы төлеу базалық ла­уазымды жалақыдан 100%-ға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ министр соңғы 3 жылда Түркістан облысының туризм саласына инвестиция көлемі 255,8 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Қысқа мерзім ішінде облыста 40-тан астам жаңа қонақүй мен 30-ға жуық мәдени нысан іске қосылып туристерге қызмет көрсетуде. Олардың бірегейі – «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені өңірдің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуда. Жаңа 600 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, 208 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып отыр. Бүгінде облыс аумағында жалпы сомасы 86,9 млрд теңге болатын 35 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Министр сонымен бірге облыста 685 мәдениет мекемесі жұмыс істейтінін айтты. Биыл өңірде 3 нысанның құрылысы және 14 мәдениет нысанының жөндеу жұмыстары, сондай-ақ көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін кітапхана қорын ұлғайту жоспарланған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 5 жаңа нысан салу және 1 спорт нысанын қайта жаңарту көзделген. Халықпен кездесуде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты мәселе де қозғалды. Бұл орайда Мәдениет және спорт министрі кесене ішіне арнайы есептегіш құралдар орнатылғанын, қазір олар тарихи нысанның ішіндегі өзгерістерді есептеп жатқанын айтты. Сосын оған арнайы сараптама жасалады. Халықаралық сарапшылар қорытынды шығаратын болады. «Ғалымдар өз ұсыныстарын айтады. Соның нәтижесінде біз қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Кесене біздің ғана емес, бүкіл әлемнің мұрасы саналады. Сондықтан оны сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді саламыз», деді министр. Кездесуде ішкі туризмді дамыту, мәдениет пен спортқа көңіл бөлу, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жайы да сөз болды. Тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ министр БАҚ өкілдері үшін брифинг беріп, азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Облыстың бірқатар мәдени-тарихи, спорттық және туристік нысанын аралады.

 

Шымкент – Түркістан