Қазақстан • 04 Шілде, 2022

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керек – Ералы Тоғжанов

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Мемлекеттік органдардың талдау және болжамдық қызметінің тәуекелін күшейту мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керек – Ералы Тоғжанов

Кеңеске орталық мемлекеттік органдар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктері қатысты.

Жиында халықты толғандыратын мәселелер талқыланды, оларды мемлекеттік органдар мен әкімдіктер алдын ала болжап, оларды шешу үшін нақты алгоритм әзірлеуі қажет екені айтылды.

«Уақытында шешілмеген мәселе халықтың наразылығын тудыруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік органдар тәуекелдерді үнемі талдап, оларды шешуге әрдайым дайын болуға тиіс», деді Ералы Тоғжанов.

Кеңес аясында мемлекеттік органдардың жалақысы, коммуналдық тарифтер, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен өнімдердің бағасын реттеу, электр энергиясын өндіру, көмір жеткізу, ЖЖМ-мен қамтамасыз ету, қоқыс полигондары секілді мәселелерді шешу жөніндегі есептері тыңдалды.

Кеңес барысында Білім және ғылым министрлігіне және әкімдіктерге педагогтерге жалақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімінің нақты болжамын әзірлеу тапсырылды.

Тоғжанов атап өткендей, балаларды оқу жылына дайындау маусымы алда тұр, бұл да халық шығындарының артуымен қатар жүруі мүмкін. Сондықтан бағаны тұрақтандыру үшін қолданыстағы нарықтық құралдардың мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет.

Кеңес қорытындысы бойынша барлық мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктерінің алдына келесі міндеттер қойылды:

Жалақы бойынша берешектің пайда болуына жол бермеу;

Барлық ықтимал тәуекелдерді тұрақты негізде талдау және саланың проблемалық мәселелерін шешу бойынша қадамдық іс-қимылдар алгоритмін әзірлеу;

Проблемалық мәселелер болған жағдайда олардың шешімін ерекше бақылауға алу;

Мемлекеттік органдардың ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын күшейту, әлеуметтік желілердегі алаңдарды белсенді түрде жылжыту, сондай-ақ халықтың сұрақтарына тұрақты түрде жауап беру.